22
Сәуір

Бизнесті өркендету - экономиканы өсіру - 'Қазақ үнi' газеті

Казак yнi (Алматы), № 15 (624), 15.04.2014
Ақордада мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Ұлттық инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Еліміздегі беделді инвесторлар мен кәсіпкерлердің басын қосқан жиында отандық бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту жөнінде кеңінен сөз болды.
«Қазақстанда бизнесті өркендету үшін күш-жігерімізді салып келе жатырмыз. Осы бағытта тиісті тапсырмалар беріп, бірнеше рет мораторий жариялап, тексерулер шектелді. Нарықтық экономикаға көшкеннен кейін дамудағы ілгерілеуде бизнеске басымдық берілді. Бизнесті өркендетпей, экономикамызды өсіру мүмкін емес», - деп атап өтті мемлекет басшысы. Соған қарамастан, бизнесті дамытуға кедергі азаймай отыр, құзырлы орындар негізсіз тексерулерін тежер емес. Екіншіден, құқық қорғау орындарының қысымынан қорыққан көптеген кәсіпкерлер ол туралы ашық айта алмайды. Сондықтан «Бизнесті президенттік қорғау» атты арнайы сайт ашылып, оған жүздеген кәсіпкерлердің арыз-шағымы келіп түсіп жатады. Осы орайда, «Ешкімнің де жекеменшікті тартып алуға құқы жоқ. Мен бұл жайында қаншама рет айттым ғой! Біздің құқық қорғау органдары ұмытып кете береді. Өйткені, олар үшін жекеменшікті тартып алу тиімді», - деді Елбасы бизнесті түрлі рейдерлік жорықтардан қорғау керектігін еске салып. Бұл жерде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің құқықтары мен мүддесін қорғау керектігі де айтылды. Аталмыш ұйым үлкен қалалардағы ғана емес, жер-жерлердегі кәсіпкерлерді өз қатарына тартқаны жөн.

Экономиканы дамыту үшін оған қомақты қаржы жұмсау қажет. Осы ретте Елбасы отандық азаматтар шетелдегі қаржыларын елге қайтару керек екенін алға тартты. Үкімет өз кезегінде қайтарылған активтердің тәркіленбеуіне кепілдік береді. Капиталға рақымшылық жасау әлемдік тәжірибеде қолданылып келе жатқаны белгілі. Біздің елімізде де бүл шара бір рет іске асырылған болатын. Бірақ, алғашқы шара айтарлықтай нәтиже бермегені белгілі. Өйткені, еліміздегі нарықтық қатынастардың тазалығы мен оның болашағына деген сенім аз болатын. Бұл жолы әлемдегі саяси жағдай мен экономикалық дағдарысты ескере отырып, отандық қалталылар өз қаржыларын қауіпсіздендіру үшін болса да, елімізге қайтарады еген үміт бар. «Тәуелсіздік жылдары сіздерді

мемлекет өсірді. Тәжірибелеріңіз жетіспей, сүріндіңіздер, қателескен кездеріңіз болды. Қазіргі кезде мемлекет те көмек жасауға қауқарлы, сондай-ақ сіздер де ішкі инвестициялар есебінен елді көтеруді бастай аласыздар», - деді Президент бизнесмендерге қаратып айтқан сөзінде. Әрине, бизнес өкілдерінің ақшасы өз экономикамызды дамытуға жұмсалғаны абзал. Ол үшін елімізде соған лайық орта қалыптасуы ләзім. Мысалы, «Ақ жол» партиясы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мен олардың дамуына үнемі назар аударып келеді. Орын алып жатқан саладағы кемшіліктер жайында үкімет басшысына сауалдар жолдап, олардың талап-тілектерінің орындалуына күш салуда. Бұл бір партияның ғана емес, бүкіл қоғам мүшелерінің бұлжымас міндеті болуы керек.