22
Сәуір

Баспана туралы бастаманы қолдаймын


Бұл жер үнемі осылай ыбырсып жатады. Шашылған мусор, ең арзан материалмен, қалай болса солай, алқам-салқам салынған төртбұрыш конструкция. Үй деуге онша келмейді. Бұл көрініске көзіміз үйренген. Өйткені, квартиранттар тұрады. Дәретхана далада. Ішетін суды да, жуынатын суды да колонкадан тасиды. Бағана кіріп сұрап едім, бос бөлме жоқ деді. 20 шаршы метрдің ай сайынғы бағасы 35 мыңнан екен. Шамамен 10-12 бөлме бар ішінде. Бұл жерде тұратын квартиранттың көбі жастар. Ұсақ балалар мусордың қасында ойнап жүреді. Балабақшаға да бара алмайды, өйткені прописка жоқ. Көңілсіз болса да, күнде көріп жүретін көрінісім осы. Өйткені, менің үйім осы маңда.
 ***

Қала сыртында «времянка» жалдап тұратын жақсы танысым бар. Үш баласымен бірнеше жылдан бері сонда паналап жүр. Бірақ балаларды жеке қалдырып кетуге қорқады. Өйткені, жапсарлас салынған көрші бөлмеде «біртүрлі» кісілер тұрады. Әйелі жұмысқа кеткенде, үйде қалған күйеуі достарын шақырып алып, шөп шегетін сияқты, дейді. Қолмен ұстап алмаса да, дарақы күлкі, ерсі қимылдарынан бір шикілікті сезеді. Бірақ не дейді? Қожайындар қайта-қайта квартирант ауыстырғысы келмейді. Тұрып жатыр, төлеп жатыр. Басқа не керек?

***

Қайын сіңілім осы Астанадағы мемлекеттік қызметкерлерге арналған жатақханада тұрады. 18 шаршы метр, айына 15-20  мың төлейді. Іші таза, тәртіп бар. Бөтен жұртты кіргізбейді. Сан.узел әр бөлмеде  болғанымен, тамақты ортақ залда істейді. Ешкімнің шағым айтқанын көрмедім. Бұл жатақханаға орналасу қиын. Мемлекеттік қызметкер болсаң да біраз күтесің. Кезегің келмей қалуы да мүмкін. Менің туыстарым осы жерде тұрып, «Жилстройға» ақша салды. Есесін жақында үй алды. Бұл жатақхана оларға жақсы көмек болды.

***

Қалаға келген адам бағасы қолайлы үй жалдағанша 1-2 апта туған-туыс, дос-жаранның үйін сағалайды. Үй тапқан соң, жалақысының тең жарымынан көбін «хозяйнге» береді. Енді пысықтау адам болса, акиматқа барып, кезекке тұрып қояды. Ол жақтың жыры белгілі, ешқашан кезегің келмейді. Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік бағдарлама шығып қала ма деп дәметіп жүреді. Ал жеке құрылыс компаниясында жұмыс істейтіндер, халыққа қызмет көрсету саласында істейтін жастар не істеуі керек? Бұл тізімде еш категориясы жоқ журналистер де бар!!!! Банктер жалақысы аз адамға ипотека бермейді және кем дегенде 30 проценттік «алғашқы жарна» (азы 5-6 миллион) сұрайды. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» бар. Үйді тез алғың келсе, көп ақша құй. Ал 15 мыңнан там-тұмдап жинағаныңды «инфляция» жеп тастайды. Сөйтіп, үйсіздер мен күйсіздер қатары көбейген үстіне көбейіп жатыр. 

Өткен аптада Азат Перуашевтің жатақхана туралы мәлімдемесе көпке азық болды. Күлкіге айналдырды. Баспана деген - жыл сайын қалаға жұмыс іздеп келетін 100 мың адамның тағдыры ғой.  Күлкінің түп-төркінін түсінбедім.

«Ақ жол» партиясының төрағасының мәлімдемесінде бір этажға ортақ әжетхана мен ортақ «бытовка» туралы сөз жоқ. Журналист ретінде ақпараттың бұрмаланып кеткеніне ішім ашыды. Кәсіби журналистер ұйымы атынан кездесуге шақырып едік, бас тартпай келісті. Бізге өз ұсынысын экономист ретінде сызып тұрып түсіндіріп берді. Үй бағасы қымбат деп жиі айтамыз. Жол, су, светті айтпағанда, күн сайын қымбаттайтын құрылыс материалдары бар. Ал Азат Тұрлыбекұлы былай дейді: Шамамен 30 шаршы метр үй болса, оның  кем дегенде 10-12 шаршы метрі кухня мен сан.узелге кетеді. Бұл құрылыс тілінде «нежилой площадь». Демек, 3-4 бөлмеге ортақ әжетхана мен тамақ істейтін орын салынса, біраз жер үнемделеді, әрі үй бағасы арзандайды.
Орынды ұсыныс. Қызығушылық танытқан құрылыс компаниялары да бар. Енді үкімет тарапынан қолдау тапса болды. Кешегі отырысты фейсбукте  тікелей эфирден көрсетіп отырдық. Сұрақ өте көп болды. Тіпті ондай жатақханаларды алудың талабы қандай болады деп сұрап жатыр. Жатақхана салынса, онда тұратын адамдарда  тұрақты «прописка» болатын еді. Ал қазіргі кезде жұмысқа тұрсаң да, банкте шаруаң болса да, прописка  сұрайды. Ішкі миграция да біраз тұрақталар еді. Астана, Алматы сияқты үлкен қалаларда жастардың көбі жұмысбасты. Үйлеріне қонуға ғана келеді. Ай сайын пәтерақы деп беретін 80-100 мыңның орнына, осындай  жатақханада тұрып,  20-30 мың төлеп, қалғанын жинаса, бірнеше жылда үй алуға да жақсы мүмкіндік қой. (Бұл енді менің арманым)  Бәріміз қағанағымыз қарқ, сағанағымыз сарқ адам құсап, осындай бастаманы қолдаудың орнына, қорлағанымыз қызық болды. Өз басым Астанада үйсіз жүрген 6 жыл ішінде неше түрлі үйді көрдім. Жер үйдегі бөлмеден бастап... 1984 жылдан бері уборка жасалмаған үйге дейін. Сондықтан, үйсіз жүргенннің жайын жақсы түсінемін. Азат Перуашевтің бастамасы ұнады! Бұл бағдарлама жүзеге асса, қанша қазақ баспаналы болар еді.
Кездесуді ұйымдастыруға көмек көрсеткен Арман ағаға көп рахмет! Өзге партияларға үлгі!

 Айнұр Омар