14
Қыркүйек

Перуашев латын әліпбиіне көшу жайында: Кеше ерте болса, ертең кеш болады

Бүгін Астанада өткен Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы отырысында «Ақ жол» Демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Парламент талқысына түскен латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына тоқталды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.


Оның айтуынша, латын қарпіне көшу жөніндегі шешім мемлекетіміз бен қазақ ұлтының дамуында үлкен рөл атқарады және дер кезінде қабылданған. Енді кешігуге болмайды.
«Ақ жол» партиясы 2007 жылдан бері өзінің бағдарламалық құжаттарында, мәлімдемелерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіруді жақтап бірнеше бастама көтерген болатын. Ол кезде бұл бәлкім ертерек болған шығар,ал қазір оны кейінге қалдыруға болмайды. Кеше ерте болса, ертең кеш болады. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа – рухани отарсызданудың тура жолы!», - деді ол Азат Перуашев.
Оның айтуынша, қазір ұсынылып отырған нұсқадағы ерекше бір белгілер мен әріптерді қоспай-ақ, әлемдік ақпарат кеңістігіндегі дайын символдарды ұсынған дайындаушылардың ниетін де түсінуге болады.
«Олардың ойы әлемдік ақпарат кеңістігіне еш кедергісіз ену екені де түсінікті. Сонымен бірге қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері мен үндестігін, сұлулығын, шұрайын сақтап қалуға тиіс екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Оның түйткіл тұстарын қазақ тілін зерттеуші тіл мамандарының өздеріне тапсырып, олардың дұрыс жолды таңдайтынына сенгеніміз дұрыс», - дейді ол.
Оның айтуынша, тіл – ұлттық мінездің көрінісі. Қазіргі қазақ тілі ешқандай бұралаңды білмейтін өрліктің, табандылықтың, шешендіктің белгісі.
«Бүгінгі мақсат біреу - түрлі ұсыныстарды ескере отырып, латын қарпіне көшудің ортақ нұсқасына келуіміз қажет. Одан соң, бір атаның балаларындай бірігіп, бүкіл халық болып қолдау, тарихи реформаны тоқтатпай әрі қарай қозғау – бәріміздің ортақ міндетіміз», - деп түйіндеді Перуашев.

            Деректеме: Baq.kz