20
Мамыр

Санат жоқ 20.05.2014

«Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі»

20 мамыр 2014 жыл, «Ақ жол» ҚДП-ның Алматы қалалық филиалының баспасөз қызметі
Алматы қаласы тарихының музейінде мамыр айының 19 жұлдызында Саяси қуғын - сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі» атты әдеби жыр кеші өтті.
Қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы жаңа дәуірін бастаған «алыптар тобында» ірі ақындар, іргелі прозаик және драматургтер Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиндердің орны ерекше бөлек. Биылғы жылы бір жылы дүние есігін ашып, бір жылы жалған жаланың құрбаны болған, өз кезеңінде ақындықтың жаңашыл реформаторлары дүлдүл ақындарымыздың туғанына 120 жыл толып отыр.
Өздері өмір сүрген заманнан, өздері орнатқан қоғамнан  еш рахат көре алмай, қорлық-зорлыққа тап болған ұлыларымыздың шығармаларын көпшілікке таныстырып, олардың кешегі рухын, түсінік-танымын бүгінгі ұрпақтың  есіне мәңгіге қалдыру мақсатында әдеби  жыр кеші өткізіліп отыр.
Бұл кешке І.Жансүгіров атындағы №130 гимназия оқушылары, С.Сейфуллин атындағы  № 74 жалпы білім беретін мектеп, Алматы облысы, Іле ауданы №3 Жетіген орта мектебінің оқушылары қатысты. Мәнерлеп оқу шеберлері марапатталды.
«Ақ жол» ҚДП атынан жеңімпаздарға кітаптар сыйға тартылып, «Қазақ үні» газеті мен «Жастар үні» журналдары таратылды.
Ісшараға Ілияс, Сәкен, Бейімбет аталарымыздың ұрпақтары, тарих және тіл саласының ғалымдары қатысты.
Алматы қаласы тарихының музейі қорынан «Азалы тарихқа айрықша тағзым» атты арнайы көрме ұйымдастырылды.