«Ақ жол»: Мүгедек-кәсіпкерлерді қолдау «Бизнес жол картасы-2020» бағдарламасының басым бағыттарының бірі болуы тиіс – ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал

» Депутаттық сауалдар » «Ақ жол»: Мүгедек-кәсіпкерлерді қолдау «Бизнес жол картасы-2020» бағдарламасының басым бағыттарының бірі болуы тиіс - ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауал

21.05.2014, 00:00

 

2014 жылы 21 мамырда жарияланды
 
 
 
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке
 
Депутаттық сауал
 
Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!
 
2014 жылы 17 қаңтарда Мемлекет басшысының «Қазақстандық жол -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы негізгі басымдықтардың бірі ретінде шағын және орта бизнесті дамыту және мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолдау көрсету деп белгіледі.
Тұтастай алғанда еліміз бойынша қазіргі уақытта Қазақстанда 600 мың мүмкіндігі шектеулі адам тұрады немесе жалпы халық санына шаққанда 3,5%.
Қазақстан Республикасындағы мүгедектердің жалпы санына шаққанда -65,6% еңбекке қабілетті жастағылар құрайды, ал олардың 47% -дан астамының мүмкіндіктерінің шектеулілігі еңбекпен қамтылуға кедергі келтірмейді. Еңбекпен қамтылғандардың саны 82 мыңға жуық адамды немесе еңбекке қабілетті мүгедектердің жалпы санының 43,5 пайызын құрайды.
«Бизнестің жол картасы 2020» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламаларының мақсаты да жаңа тұрақты жұмыс орындарын сақтау және құру болып табылады.
Сонымен қатар, мүгедек жандарды еңбекпен қамтуға жәрдемдесудің пәрменді тетіктерінің бірі Жұмыспен қамту 2020 жол картасында қарастырылған шаралар болып отыр. Онда денсаулығы бойынша еңбек етуге жарамайтын белгілері жоқ мүгедектерге басымдылық тәртіппен шағын несие беру арқылы ауылдық жерлерде жеке істерін ашу немесе кеңейту жолымен кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу түріндегі мемлекеттік қолдау көрсетуге жағдай жасалады. Аталған шара мүгедек жандардың өтініштерінің көбеюіне ықпал етті.
Осындай қолдау «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен қарастырылған.
Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясындағы жобаларды ұйымдастыру және іске асыру үшін мемлекеттік гранттардың берілу тәртіптеріне сәйкес кәсіпкер гранттық қаржыландыруға сұраным бере алмайды, себебі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»бағдарламасы бойынша олармен несие бұған дейін алынып қойылған.
Онда, бір бағдарлама бойынша несие алған кәсіпкер оны негізгі құрал-жабдықтарды алуға жұмсайды, сол себепті айналымдағы қаржысы бизнесін дамытуға жеткіліксіз болып қалады.
Сонымен қатар, аудан орталықтарында және облыстық маңызы бар қалаларда мемлекеттік шағыннесиелік және шағынқаржылық ұйымдардың өкілдіктерінің жоқтығына байланысты кәсіпкерлерге несиелер алу қиын.
Баяндалғанға байланысты, кәсіпкерлік қызметтің көмегімен әлеуметтік теңсіздікті еңсеруге ұмтылған адамдарды өздерінің бизнес идеяларын мақсатты дамытуға гранттар бөлу арқылы қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының кейбір бөлімдеріне келесі өзгерістерді енгізу мүмкіндіктерін қарастыруды сұраймыз:
– «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша қолдау алып қойған мүмкіндіктері шектеулі адамдарға аталған бағдарламаға қатысуға жағдай жасау;
– «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»бағдарламасына қатысушылар үшін шағыннесиелік және шағынқаржылық ұйымдармен берілген шағын несиелер бойынша пайыздық ставкаларды субсидиялауға мүмкіндік беру;
– аудан орталықтарындағы және облыстық маңызы бар қалалардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында шағын несиелер беруді жүзеге асырушы шағыннесиелік және шағынқаржылық ұйымдарды орналастыру мүмкіндігін беру;
– аудан орталықтарындағы және облыстық маңызы бар қалалардағы кәсіпкерлікті қолдау орталықтарында «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы»бағдарламасына қатысушылар үшін бизнесті ашу және жүргізудің негіздері бойынша кеңес беру.
Сауалды қарастыру нәтижелері туралы жазбаша түрде заңмен белгіленген мерзімде хабарлауыңызды сұраймыз.
 
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары
Н.Жазылбеков
А.Перуашев
Е.Никитинская
А.Әбілдаев
Т.Ерғалиев
М.Қазбекова
С.Қадралиева
А.Тұртаев