19
Мамыр

Депутат Н.Жазылбековтің парламенттік тыңдаудағы баяндамасы



Қадірлі Президиум!
Құрметті парламенттік тыңдауға қатысушылар!
         Парламенттік тыңдауды даярлау жөніндегі уақытша комиссияның отырысын өткізу барысында біз Қазақстан экономикасының салаларына кадрлар даярлау аясындағы проблемаларды зерттеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесулер өткіздік. Осы кездесулердің нәтижелері бойынша біз білікті мамандар жетіспеушілігінің негізгі себебі оқу орындары түлектерінің дайындық деңгейінің өте төмен деген тұжырымға келдік.
         Қазақстан Республикасындағы білім беру деңгейінің төмен болуына не себеп болды? Оған бір ғана жауап бар – ол тәуелсіз Қазақстандағы білім беру жүйесінің қалыптасуы кезеңінде жіберілген қателіктер. Тәуелсіздік алғаннан кейін білім беру жүйесіне коммерция дендеп кіре бастады.
         Еліміздегі тұрғындар арасында қалай болса да, қай жоғары оқу орны болса да міндетті түрде жоғары білім алу керек деген пікір қалыптасты. Жоғары білімге деген сұраныс білім беру нарығында елдің түкпір-түкпірінде филиалдары бар, бірақ техникалық тұрғыдан нашар жарақтандырылған, оқытушы-профессорлар құрамы біліксіз мамандармен жабдықталған  көптеген жекеменшік жоғары оқу орындарын ашуға себеп болды.
         Оқуға түскен студенттердің саны Жоғары оқу орындарын бітірген түлектермен бірдей болды десе де болады. Бұл ретте ешкім нарықтағы сұраныс туралы және оқу бітірушілердің кейіннен жұмысқа тұруы туралы ойланбады.
         Жоғары оқу орындарының  алдына қойған басты міндеттерінің бірі пайда табу болғандықтан, олар студенттердің білім алуына деген өздерінің талаптарын күшейтпеді. Мұның бәрі дипломы бар, бірақ  кәсіби дайындығы төмен жас мамандардың көбеюіне әкеп соқты.
         Сол себепті де қазіргі уақытта еңбек нарығында жұмыс іздеген дипломы бар бухгалтерлер көп. Шынтуайтқа келгенде жұмыс беруші үшін бухгалтерлік есепке алу және аудит мамандығы бойынша 4 жыл жоғары оқу орнында оқып, білім алған түлектен гөрі, қысқа мерзімді 1С бухгалтерия курсын бітірген және бірнеше ай бухгалтердің көмекшісі болып жұмыс істеген адам құндырақ.
         Жоғары оқу орнын бітірген, дипломы бар, бірақ жұмыс тәжірибесі жоқ түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс таппаған соң, бұрынғы арнайы орта  оқу орындарын бітірген түлектердің орнына жұмыс істеуіне тура келеді. Сөйтіп олар жоғары білім мәртебесін одан бетер төмендетуде. Сонымен бірге жұмыс берушілердің төменгі және орташа дәрежедегі лауазымдарға жұмысқа алған кезде негізсіз жоғары білім талап етуі әдетке айналды. Бұл дегеніңіз, егер жұмыс іздеген адамның жоғары білімі болмаса,  төменгі және орташа дәрежедегі лауазымдарға жұмысқа тұруға мүмкіндігі болмайды деген сөз.
         Білім және ғылым министрлігі қалыптасқан жағдайды түзету мақсатында бұл бағыт бойынша жұмыс істеуде. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының және олардың филиалдарының саны азайды, жоспарлы аккредиттеу өткізу кезінде орта және жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар қатайды, сондай-ақ бірқатар реформалар оқыту процесін, оқытушылар мен студенттердің өзара қатынасын, студенттердің білімін тексеру нысандарын және оқытушыларға қойылатын талаптарды  қамтып отыр. Осының бәріне қарамастан, Қазақстан нәтижесінде сапасы жағынан да, саны жағынан да еңбек нарығының ішкі сұранысын қанағаттандыратын  жақсы дайындалған кадрлар даярлай алмай отыр.
         Бұл теріс нәтиженің басты себебі оқу бағдарламасын сапалы меңгеруіне және сапа бақылауына сол баяғы бір адамдардың жауап беретіндігі болуда. Мұның бәрі төменгі жақтардан көрінеді, жоғары оқу орындарында кешенді тексеру өткізілген кезде оқытушы өзінің тобына емтиханды жақсы тапсыруы үшін көмектесуге тырысады. Тіпті оқытушы өз тобының рейтингін жақсарту мақсатында студенттерге берілетін тестілермен алдын ала таныстыратын жағдайлар да кездеседі. Жоғары оқу орындарының басшылығы өз кезегінде студенттерге көмектескен оқытушыларға кедергі келтірмейді, өйткені ол жоғары оқу орнынынң емтиханнан сүрінбей өткеніне мүдделі (тестілеу нәтижесінің негізінде, Білім және ғылым министрлігінің рейтингінде жоғары оқу орны қандай орын алатындығы бәріне маңызды). Өз кезегінде, жоғары оқу орындарының жұмысына тұтастай жауап беретін Білім және ғылым министрлігі өзінің қанағаттанарлықсыз жұмысын мойындамай, өз қызметінің «керемет» жүріп жатқандығын көрсеткісі келеді.
Бірінші кезекте  бұл проблеманы кең тұрғыдан қарастыру және оның  кешенді шешімін табу қажет. Еңбек нарығы қатысушыларының мүдделері үшін басымдықтарды нақты айқындау керек.
Бұл аспектіде мемлекет пен жұмыс берушілердің мүдделері сәйкес келеді ме, соны түсіну қажет және оларға тек формальды түрде дипломы бар жұмыс іздеушілер емес, қолданатын білімі бар адамдар керек. Осыған байланысты еңбек нарығында барлық еңбек нарығына қатысушылар мүдделері арасын байланыстыратын орган керек, олар бірінші кезекте жұмыс берушілердің мүдделерін білдіретін болады.
Бұл органның жұмыс істеу нұсқалары жеткілікті, барлығы оның тәуелсіздігіне және құзырындағы өкілеттіктерге байланысты. Оның жұмысының басты бағыттарының бірі жұмыс іздеушілер білімінің нақты деңгейін растайтын сертификат бере отырып, олардың біліміне тәуелсіз және объективті тексеру жүргізу болып табылады. Мұндай орган Ұлттық кәсіпкерлер палатасы болса болар еді. Осының нәтижесінде студент жақсы білім алуға ынталы болады және жұмыс берушіге өзінің болашағынан зор үміт күттіретін маман екендігін дәлелдейді.
Жұмыс іздеушілердің білімін тексеру міндетті болмауға тиіс, тек ерікті түрде жүргізілуі керек, ал міндетті нысан теріс нәтижелерге әкеп соғуы мүмкін. Бұл тексерудің басты міндеті терең білімі бар жұмыс іздеушілердің өзінің білімін құжаттамалы түрде дәлелдеуіне мүмкіндік береді.
Мәселен, IELTS тестілеу орталығын көрсеткіш ретінде алуға болады, бұл орталықтар ағылшын тілін білу деңгейін айқындау үшін дүниежүзі бойынша тестілеу өткізеді. Бұл ретте осы орталық тестіленетіндердің білімін тексеруде толық объективтілікті қамтамасыз етеді және оған кепілдік береді. Егер қандай да бір шетелдік жоғары оқу орны немесе жұмыс беруші сіздің ағылшын тілін жақсы білетіндігіңізге сенімді болуы үшін аталған орталықта тестен өтуіңізді сұрайды. Тесті жақсы тапсырған жағдайда, жұмыс беруші сіздің жоғары оқу орнын Қазақстанда, Италияда немесе Өзбекстанда бітіргеніңізге қарамастан, ағылшын тілін жақсы білетіндігіңізге күмән келтірмейді.
Бұл енді осы органның жұмысы туралы бір ғана мысал, сол себепті орган еңбек нарығына қатысушылардың барлығынан тәуелсіз болуға тиіс, олай болмаған жағдайда мүдделер қақтығысы туындауы мүмкін.
«Болашақ» халықаралық стипендиясының еліміздегі адами капиталдың дамуына елеулі үлес қосып отырғандығын атап өтуіміз керек.
Бұл бағдарламаның артықшылығы мемлекеттің адами капиталдың дамуына инвестиция салуы үшін жақсы негіз болып табылады.  Жоғары  білім беру жүйесінің және ел экономикасының қажеттілігіне орай бағдарламалардың әртүрлі конфигурацияларының артықшылығы мен шығыстарын түсіну үшін оны одан әрі зерттеу талап етіледі. Мысалы, шетелде бакалавриат бағдарламасы бойынша «Болашақ» стипендиясының жойылуына қарамастан тікелей шығыстардың қысқаруына әкеп соқты, бұл өзгерістердің жекелеген тұлғалар және қоғам үшін таза пайдасының қандай екені әлі түсініксіз. Бағдарлама әкімшілері үнемі ақылға қонымды түсініктер береді, өздерінің қаражатымен шетелдік  беделді жоғары оқу орындарында оқитын түлектер, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін шетелде қалуға мәжбүр екендігін, отандық жұмыс берушілерден оларға ұсыныстар түспейтіндігін айтады, ал профильді министрліктер мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдар қазақстандық студенттерді жұмысқа орналастырумен айналыспайды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің берген ақпаратына сәйкес соңғы үш жылда шетелде 12 510 студент білім алуда. Осы мәселе бойынша біз Білім және ғылым министрлігіне бірқатар ұсыныстар әзірледік. Бүгінгі күні Қазақстанға техникалық мамандықтар бойынша көптеген магистранттар мен докторанттар қажет, әсіресе клиникалық ординатураға ерекше көңіл бөлген жөн. Ең қажетті мамандықтар бойынша бакалавриат бағдарламасымен «Болашақ» стипендианттарын қосымша оқыту инновациялық дамыту мүмкіндігін жақсартқан болар еді деп ойлаймын.
Құрметті парламенттік тыңдауға қатысушылар, сөзімнің соңында айтарым, бүгінгі кездесу кезекті формальды іс-шара болып қалмауға тиіс. Тек білімді халықтың ғана үлкен табыстарға жететіндігін бәріміз түсінуге тиіспіз. Барлық ұсынымдар мен ұсыныстарды Білім және ғылым министрлігі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар бірлесіп жұмыс істеу үшін зерттейді деп сенемін.
Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет.