«Ақ жол» Алаш бағдарламасын дайындауға кірісті

» Санат жоқ » «Ақ жол» Алаш бағдарламасын дайындауға кірісті

23.05.2014, 00:00

            Иә, табиғи, тарихи тұрғыдан келгенде де, Алашты танып-білуге, шама-шарқынша насихаттауға, керек десеңіз Алаштың құнын даулауға әрбір қазақ азаматы мүдделі болуы керек емес пе еді? Бүгінгі таңда, қазақ баласының өз ұлтына деген сүйіспеншілігі Алашқа деген махаббатынан бастау алуға тиісті. Ал, өкінішке орай, біздің көпшілігіміздің жүрегімізде Алашқа деген махаббаттың шырағы әлдеқашан сөніп қалған. Бірақ, Мұстафа Шоқайша айтқанда: «Коммунистер «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастап отырса да», қазақ халқы Алаш идеясымен қайта қауышты. Яғни, Алаш қайраткерлерінің бір кездері армандаған Тәуелсіздігі өмір шындығына айналды.ЕндіБіз   Жаңа Тәуелсіз мемлекет құрдық! Ескірген кеңестік экономикадан – нарықтық экономикаға, тоталитаризмнен – демократияға көштік.
            Өздеріңізге мәлім, 2016 жылы – Алаштың саяси көсемі Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы, 2017 жылы – «Алаш» қозғалысының 100 жылдығы. Бұл мерейтойларды мемлекеттік комиссия құрып, мемлекеттік деңгейде кешенді бағдарлама жасап, оны елімізде ғана емес, шет елдерде ЮНЕСКО аясында ұлықтауға қол жеткізуге ұмтылуымыз керек. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 20 мамырында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық Ұлттық университетінің бас ғимаратының мәжіліс залында «Ақ жол» партиясының 2015-2020 жылдарға арналған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және тарату жөніндегі БАҒДАРЛАМАСЫН әзірлеу бойынша Жұмысшы тобының алғашқы отырысы өткізілді. Алаш аманатына адал қазақтың көрнекті ғалымдарынан жасақталған төмендегідей құрамда «Жұмысшы тобы» да құрылды:
1. Сәбит Байдалы- «Ақ жол» ҚДП Орталық Кеңесінің Хатшысы;
2. Дихан Қамзабекұлы-Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің проректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, ф.ғ.д. профессор;
3. Мәмбет Қойгелдиев-Қазақстан тарихшылары қауымдастығының президенті, т.ғ.д;
4.Зиябек Қабылдинов- Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Еуразия» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, т.ғ.д. профессор;
5. Сұлтанхан Аққұлы- Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Алаш» мәдениет және рухани даму институтының директоры,ф.ғ.к.PhD;
6. Амантай Шәріп– Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, ф.ғ.д;
7. Серік Мақыш- Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің экономика  факультетінің деканы, э.ғ.д;
8. Айдын Ырысбекұлы-«Ақ жол» ҚДП Орталық аппаратының идеология бөлімінің сарапшысы.
Жұмысшы тобының жетекшілігіне С.Байдалы, ғылыми жетекшілігіне Д.Қамзабекұлы сайланды. Құрылған жұмысшы тобы Бағдарламаның ережелерін жасап, мақсатын айқындап оны жүзеге асыру барысындағы және көпшілік қауымға жеткізу жолындағы міндетті жұмыстарды жүргізетін болады. Топтың әрбір мүшесіне Бағдарламаға қатысты тақырыптар   бөлініп берілді. Жұмысшы тобының келесі отырысы 2 аптадан кейін өтетін болып белгіленді. Яғни,Бағдарлама дайындалып біткенге дейін айына екі реттен бас қосу күн тәртібіне енгізіліп отыр.
Абай атамыз: «Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деген. Ал, жақсы атаулыға ұмтылыс біздің Отанымызға ауадай қажет болғандықтан, XX  ғасырдың басындағы қазақтың игі жақсылары – Алаш арыстарының мұрасы мен тағлымына ұйыдық.  Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!..» деп айтқан аталы сөзін басшылыққа алып, елдік мақсат – мүдде жолына- біртұтас Алаш идеясына ден қойдық.  .  Өйткені, Алаш та саяси партия, Ақ жол да саяси партия. Бұл арада рух жақындығынан қымбат, рух жақындығынан ардақты дүниеде ештеңе жоқ. Ал, Алаш мұралары мен тағлымдары жеке парияға емес, бүкіл қазаққа аманат екені айтпаса да түсінікті жайт. Жалпы, Алаш – қазақтың  біріктіруші ұраны, ал Алаш идеясы – қазақтың ұлттық идеясы! Оның үстіне, кез келген ұрпақ өзі ғұмыр кешкен кезең үшін, өткен мен болашақ арасының жанды көпірі. Ал, жаңа ұрпақ жаңа тілекпен келеді. Қазақтың арқалы ақыны Мұхтар Шахановша айтқанда: Туған өлке бағы үшін өссін, жансын гүлденсін, Қарсы қойма оларға мансабыңның мінбесін. Келер албырт ұрпақтың жігіттері сені де, Орта жолға келгенде тастап кетіп жүрмесін! Яғни, «Кейінгіге ғибрат аларлық үлгі тастап кетіп, алғыс алармыз ба, жоқ, далаға лағып, жөнсіз кетіп, қарғыс лағнет аламыз ба? Кеудесінде көзі бар адам көп ойланарлық жұмыс»,- деген Әлекеңнің ескертпе сөзі әрдайым есімізде тұратыны ақиқат!Алаш арыстарының сәтімен сабақтасқан сарқыты, жаңғырған жалғасы – «Ақ жол» партиясына қазіргі күндер биігінен шынайы адалдықпен, пайымдылықпен Һәм байыптылықпен зерделей қараған адам, олардың ұлт тұлғаларының тағлымдары мен мұрасын тұтастай қамтуға нанымды қалпымен барынша тырысып жүргенін аңдар еді. Сөзіміз нанымды болуы үшін, «Ақ жол» ҚДП-ның референдумына шығарылған Партияның Саяси бағдарламасының жобасындағы «Ақ жол» партиясының қазіргі замандағы рөлі мен орны деген бөлімде мынадай жолдарға тоқтала кетуді жөн деп санаймын: «Біздің партия ұлттық мемлекеттілікті қалыптастырудың іргелі негіздерін қалаған,  ұлттық мүдделерімізді әлемдік өркениеттің үздік жетістіктерімен ұштастыру негізінде, қазақ қоғамын еуропалық жолмен  жаңғыртуды өзінің мақсаты еткен «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысының ізбасары болып табылады. «Алаш» қозғалысының базалық құндылықтары – ұлттық дербестік, либерализм, демократия, жеке тұлғаның құқықтары мен бостандықтары, өнімді нарықты экономика, этностар мен діндердің теңқұқықтылығы – біздің бағдарларымыз болып қызмет етуін жалғастырады».
Ал «Қазақстан халқының рухани және мәдени салаларының дамуы» бөлімінде «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің идеялық көзқарастарын зерделеу және көпшілікке, соның ішінде орыстілді аудиторияларға да тарату және олардың ХХ1 ғасырда, әсіресе қазақстандық қоғамды еуропалық жолмен әлеуметтік, саяси және экономикалық жаңғырту бөлігінде қажеттілігі жөнінде бағдарлама қабылдансын»,-деген бір тармақ бар.
            Біз Ақжолдықтар – Алаштың рухани мұрагеріміз деп ресми мәлімдеме жасағаннан кейін, Алаш туралы Бағдарламаның орындалу тетіктерін айқын етіп көрсетуді басты нысана етіп ұстанудамыз!.
            Ең бастысы, әрбір азаматымыздың өзі өмір сүріп жатқан Қазақстан қоғамы алдындағы жауапкершілігін сезініп, «Күн – ортақ, жақсы – ортақ!» -деп, бүкіл халық құрметтейтін біртұтас Алаш идеясының төңірегіне топтасқаны және ел бірлігін нығайту жолына қызмет жасағаны абзал!
 
Айдын ЫРЫСБЕКҰЛЫ
«Ақ жол» партиясы Орталық аппаратының
идеология бөлімінің сарапшысы,
                                                                                                                        Алаштанушы