28
Қараша

«Ақ жол» партиясында адвокаттық қызмет туралы заң жобасын талқылау өтті

28 қараша 2017 жыл«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі
Өткен жұмада «Ақ жол» партиясында адвокаттық қызмет және заңгерлік көмек туралы заң жобасын талқылау өтті. Іс-шараға партия төрағасы Азат Перуашев, фракция депутаттары, ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев, адвокаттар, адвокаттар алқасының басшылары мен заңгерлер қатысты. Аталған заң жобасы адвокаттық қауымдастық арасында үлкен сынға ұшырап және әлеуметтік желілерде үлкен қоғамдық резонанс тудырғаны белгілі. ҚДП орталық кеңсесіндегі пікірталаста өте қызу болды.

Әділет вице-министрі Жанат Ешмағамбетов Заң жобасының негізгі ережелерін таныстырып болғаннан кейін, Республикалық адвокаттар алқасының Президиум мүшесі Данияр Қанафин адвокаттар қауымдастығының тәуелсіздігі мәселесін көтерді. Оның ойынша, әзірлеуші ұсынып отырған тәртіптік комиссиялардың құрамына атқарушы органдардың өкілдерін енгізу нормасы өрескел қателік. «Адвокаттар қылмыстық процесстерде процессуальдық қарсыластардың қысымынан қорғалмаған. Біздің құқықтарымыздың кеңейтілетінін күткен болатынбыз. Алайда, бұл заң жобасында адвокаттарға бір құқық – әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қосылса, керісінше міндеттері 3 есе көбейді», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, атақты заңгер Жангелді Сүлейменов әзірлеушілерге заң жобасының нақты тұжырымдамасына қатысты бірқатар ескертулерді айтты.
Алматы адвокаттар алқасының өкілі Надежда Кусяпова адвокаттар алқасының басқару органдарының өкілеттігін бір таңдаулы мерзімге шектеуімен келіспеді. «Бұл коммерциялық емес ұйымдар туралы заңға қайшы келеді, мерзімдер алқа жарғысымен айқындалуы тиіс», - деп есептейді алматылық адвокаттар.  

Ақмола адвокаттар алқасының төрағасы Ғалия Ибраева, министрдің алқаның бюрократияланғанына «Адвокатура тәуелсіз, өзін-өзі басқаратын және өзін-өзі қаржыландыратын және демократия принциптерін сақтаған аздаған ұйымның бірі болып табылады» деп қарсылық білдірді.
Адвокат Елена Дворецкая да уәкілетті орган тәуелсіз ұйымның қызметіне араласпауы тиіс деп есептейді: «Қандай негізде біздерге алқа төрағаларының еңбекақыларын кесіп тастауды ұсынады? Заң жобасы адвокатураға қысым жасауға мүмкіндік береді. Заң көмегін көрсетуіне қажет болмаған жағдайда, адвокатқа мәліметтерді беруден бас тартылуы мүмкін деген тармақ бар. Ал бұның қаншалықты қажет екенін кім шешеді? Бүгіннің өзінде біз жалпы сипаттағы анықтама жинаймыз, одан артық бізге ешкім ештеңе бермейді.
Адвокаттық құпияға келетін болсақ – оны абсолюттікке айналдыру керек. Адвокаттық құпияны жариялауға негіз болмау керек». Ұқсас ұстанымды Алматыдан Лейла Рамазанова бейне байланыс арқылы білдірді.

Сонымен бірге, министр Бекетаев өзінің көзқарасын одан да маңызды дәлелдермен нығайтты. Ол елде адвокаттардың жетіспеушілігінен сотта және құқық қорғау органдарда азаматтар тиісті қорғаудан құр қалады. Және алқалар қазіргі жағдайда бұл саланы бюрократияландырып, коммерцияландырып, адвокатураның дамыуына жасанды түрде кедергі келтіреді.
«Министерлік 12,5 мың адвокаттық лицензия берді. Ал  адвокаттардың тек 4 мыңы ғана жұмыс істейді. Қалған 8 мыңы қайда? Жыл сайын ЖОО шығаратын мыңдаған заңгерлер қайда? Маңызды кедергілерге алқаға төленетін 800 мың теңге міндетті жарналар жатады, онсыз тіпті лицензияланған адвокаттар да тәжірибеге жіберілмейді. Тіпті адвокаттың шәкірті болу үшін 300 мың теңге төлеуге тура келеді, ал бүкіл әлемде шәкірттердің өзіне жалақы төленеді. Сондықтан бізде адвокаттар жабық қоғам болып табылады, олар Алматы мен ірі қалаларда шоғырланған. Ал ауылдық жерлерде бүкіл аймақ үшін жалғыз бір  адвокат  бар. Сондықтан, жергілікті жерлерде тергеу мен сот алдында азаматтар жиі қорғаусыз қалып отыр».
Бекетаев мырза алқалардың бюрократиялық және қаржылық кедергілерін жойғаннан кейін ғана адвокатураға заңгерлердің жаппай ағынын қамтамасыз етуге болады деп есептейді. Екінші жағынан, бұл бәсекелестікті арттырып, қорғаушылардың кәсіби деңгейін өсіреді.
«Ал бүгінгі күні, кәсіби өсудің орнына, сіздердің әріптестеріңіз жалған жұмыстармен айналысып, бюджеттен ақша алады, ал іс жүзінде Дубайда немесе басқа шипажайларда демалып жатады.
Алматыда осындай факті бойынша 3 адвокат лицензиясынан айырылды, 400 ден аса жағдайларда 26 млн.теңгенің жалған шоттарын төлеуден бас тарттық..
Бірақ әңгіме ақша жайында емес. Біз адвокат шипайжайда демалып, жұмыс үшін ақша алып отырған кезде, адам қорғаусыз қалғаны туралы айтып отырмыз, - ең қорқыныштысы осы», - деп жауап берді Марат Бекетаев.
 
Талқылау төрт сағатқа созылды, осы уақыт ішінде заңгерлік қауымдастықтың жиырмадан аса өкілдері Әділет министріне өз қөзқарастарын және қазіргі проблемаларын тікелей білдірді. Пікірталасты қорытындылай келе, демократиялық фракцияның жетекшісі  Азат Перуашев заң жобалар Мәжілістен жиі 60-70%-ға қайта өңделіп шығатынын атап өтті. Сондықтан ол пікірталастың барлық қатысушыларына «Ақ жол» партиясының фракция депутаттарына нақты ұсыныстарды жіберуге шақырды. Кейбір сұрақтар бойынша ол өз ұстанымын сол жерде білдірді: «Эмоцияны емес, жобада не жазылғанын талқылап көрейік. Мәселен, адвокаттық құпияға қатысты – заң жобасында адвокатқа дайындалып жатырған лаңкестік шабуылдар туралы белгілі болған мәліметтерді хабарлауды міндеттеу ұсынылады. Сіз қазір лаңкестің де құпияға құқығы бар деп айтасыз. Бірақ егер алынған ақпарат адамдардың өмірін сақтап қалатын болса, онда, менің ойымша, адам өлімін және қылмыстың алдын-алу адвокаттың тікелей міндеті.  
Иә, лаңкестердің қорғалуға құқығы бар, бұл Конституциямен кепілдендірілген. Бірақ, құрметті заңгер мырзалар естеріңізге саламын, өмір сүру құқығы – бұл да конституциялық құқық. Және адамдардың өмірі немесе лаңкестердің құқықтары ма қайсысы маңызды екеніне сөз таластыруға болады».


          Азат Перуашев сондай-ақ Әділет министрлігінің адвокаттар алқасының тәртіптік комиссияларына өз өкілдерін енгізу ниеті туралы өз ойын айтты: «Менің ойымша, бұл мемлекеттің қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың істеріне араласпаудың негізгі қағидаттарына сәйкес келмейді. Олардың тәуелсіздігі қорғалуы керек, әйтпесе азаматтық қоғам үшін қауіп төнеді.
Адвокаттардың корпоративті ынтымақтастығы және осымен байланысты тәртіптік комиссиялардың әділетсіздік мәселелерін мемлекеттік органдардың өкілдерінсіз ақ - мысалы, комиссияға маслихат депутаттарын, ҰЕҰ көшбасшыларын, жергілікті құқықтанушы-ғалымдарын, қоғамның құрметтейтін азаматтарын қосу арқылы шешуге болады».
Сонымен бірге фракция жетекшісі талқылаудың негізгі мақсаты «Ақ жол» фракциясының бұл заң жобасы бойынша позициясын айқындау екенін атап өтті. Бірақ соңғы шешімдер Парламенттің өзінде қабылданатын болады.