‘Ақ жол’ жетекшісі Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтады

» Сөйлеген сөздер » 'Ақ жол' жетекшісі Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтады

13.12.2017, 18:01

Құрметті әріптестер!

Осыдан тура жүз жыл бұрын, 1917 жылдың 13 желтоқсанында жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы құрылып, оның басқару кеңесі – Алаш Орда жарияланды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев осынау тарихи оқиға жайында:

        «Алаш қозғалысының ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі – азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады» деп баға берді.

Естеріңізде болса, былтырғы жылы 12 қазанда  «Ақ жол» фракциясы сауалында Алаштың 100 жылдығын лайықты деңгейде атап өтуді ұсынды.

Биылғы жылы Мәдениет министрлігінің, жергілікті әкімшіліктердің қолдауымен еліміздің барлық аймақтарында Алашқа арналған конференциялар өтіп, алаш астанасы болған Семейде Әлихан Бөкейханға еңселі ескерткіш тұрғызылды.

Ұлттық арнада деректі және көркем фильмдер түсіріліп, көрсетілді.

Аталмыш датаны айқайлатпай, той ретінде емес, жұмыс ретінде мазмұнды атап өтуіміз көпшіліктің көңілінен шықты.

Осыған байланысты, атсалысқан Мәдениет министрлігі мен әкімшіліктерге, қоғамдық ұйымдарға ризашылығымызды білдіріп, баршамызды халқымыздың азаттығы үшін күрескен Алаш Орданың 100 жылдығымен құттықтаймыз!

Алашты ұлықтау бір ғана 100 жылдықпен шектелмейді. Оның ұстанымдары  елімізге мәңгі қызмет етеді.

Әрине, Алашорда мемлекет болған жоқ.

Алаш азаматтары үлкен империяның ішінде автономия құруға әрекет жасады.

Оның өзі де белгілі себептермен сәтсіздікке ұшырады. Бұл ащы болса да тарихи шындық. Ал, тәуелсіздік олар үшін қол жетпес Ұлы арман еді. Арыстарымыздың қол жеткізе алмаған мақсаттарының өзі – бүгінгі тәуелсіздігіміздің құндылығын арттырып отыр.

Бабаларымыздың Ұлы арманын іске асыру – Елбасының жетекшілігімен тек біздің замандастарымызға бұйырған екен. Енді санаулы күндерден соң сол Тәуелсіздік күнін атап өтеміз.

Құрметті әріптестер!

«Ақ жол» фракциясы атынан баршамызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Еліміз өркендеп, Тәуелсіздік мәңгі болсын!

Халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық тілейміз.