23
Мамыр

Қорғаныс саласындағы тендерде түйткіл бар ма? - 'Алаш' газеті

Айкын (Алматы), № 84 (2478), 21.05.2014

Мемлекеттік сатып алулар барысындағы жемқорлық қорғаныс саласында да белең алып тұр десе, сенесіз бе?
Айтпасқа амал жоқ, бармақ басты, көз қысты әрекеттің салдары ма екен, Қорғаныс министрлігі өткізген тендерлерде лицензиясы жоқ кәсіпорындар да жеңімпаз атана береді екен. Бұл жөнінде жуықта ғана құрылған Кәсіпкерлер ұлттық палатасының жемқорлық және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңесінің отырысында айтылды.
Аталған отырыста осы министрлікте сатып алу байқауларында Қазақстан аумағында өндірісі тіркелмеген кәсіпорындардың да еркін жеңіске жете беретіні белгілі болды. Бұл, әрине, заңсыз.
Соңғы уақытта Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бар назары заңсыз сатып алуларға ауып отыр десек, қателеспейміз. Сондықтан сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы күресу үшін өткен сәуірде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан сыбайлас жемқорлық және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңес құрылған-ды. Кеңес төрағасы – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының мүшесі, Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев. Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы жүйелі де жедел күресіп, жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың күрделі мәселелерін жариялап отыруды мақсат еткен Кеңестің алғашқы отырысында сөз басында айтқан Қорғаныс министрлігінің уәкілетті органдары өткізетін сатып алу шараларындағы жариялылық мәселесі қаралды.
ҰКП Мемлекеттік сатып алулар жергілікті қамту департаменті директорының орынбасары Айгүл Қоңыртаева аталған министрліктегі сатып алулардағы заң бұзушылықтарға қатысты нақты мысалдар келтірді. Мысалы, Қорғаныс министрлігінің тендеріне қатысқан ком­паниялар «СТ-КЗ» сертификатын қолдан жасап өткізе ме деген қауіп бар. Себебі ол компанияларға 2013 жылдың қаңтары мен 2014 жылдың қаңтарына дейін сертификат берілмегені белгілі болған. Тағы бір мысал, Қорғаныс министрлігінің спорт командасына спорттық киімдер сатып алу мақсатында өткізілген сатып алу конкурсына қатысты. Бұл байқауға екі компания қатысқан екен. Екі компанияның біреуі Сочи олимпиадасында бақ сынаған спортшыларымыздың киімін тіккен белгілі компания екен. Ал министрліктің сатып алу конкурсында мүлде басқа компания жеңімпаз деп танылған. Ең қызығы, сол жеңімпаз компания спорттық киімдерді Түркиядан жеткізумен айналысады екен.
– Сол компанияның сайтында «СТ-КЗ» сертификаты бары туралы жазылған. Ал біз өз тарапымыздан Сауда-өнеркәсіп палатасына сұрау жолдадық, сонда ол компанияға «СТ-КЗ» сертификаты мүлде берілмегені туралы жауап алдық, – дейді Айгүл Қоңыртаева.
Кеңес төрағасы Азат Перуашев сатып алуға қатысушы компаниялардың «СТ-КЗ» сертификатына немқұрайлы қарауына бейжай қарауға болмайтынын айтады.
– Сертификат бірінші кезекте тұтынушылар үшін керек, егер тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін тауарға сертификат берілсе және оның расында, қауіпті тауар екені анықталса, онда оған бар болғаны айыппұл салынады. Ал айыппұлдың құны сертификаттың бағасынан әлдеқайда аз. Сондықтан жауапсыз компанияларды айыппұлмен құтыла салатын әкімшілік жазаға емес, қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Бастысы, ол компания өндірген тауар айналымнан алынып тасталатындай тетіктер енгізілуі тиіс заңнамаға. Біз өз азаматтарымыздың өмірін ондай компанияларға сеніп тапсыра алмаймыз, тапсырдық па, соған сай жауапкершілікті талап етуіміз керек, – деді ол.
Отырыста, сонымен бірге, мемлекеттік органдар мен мемлекеттің қатысуы бар ұйымдардың Тараз қаласында құрылатын IT технологиялар колледжі инновациялық жобасын іске асыру ісіндегі қарама-қайшы әрекеті және ШҚО Риддер қаласында бюджет қаржысын жұмсау кезінде орын алған заң бұзушылықтар мәселесі қаралды. Бұдан басқа, Кеңес мүшелері моноқалаларды дамыту бағ­дарламасы бойынша бөлінген қаржының негізсіз жұмсалып жатқанын тілге тиек етті. Ал Ақтөбе облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ММ өткізген «Ақтөбе рельс зауытын электрмен қамтамасыз етудегі» құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алудағы бұрмалаушылықтары туралы мәселе қозғалды. Бұл мәселені «Кентау трансформатор зауыты» АҚ басқарма төрағасы көтерді.
Кеңес соңында көтерілген мәселелер бойынша заң бұзушылықтарды жойып, тиісті жауапты тұлғаларды жауапқа тарту үшін құзырлы органдардың қарауына жіберуге шешім қабылданды.