Бүгінгінің Атымтай Жомарты – ‘Қазақ үні’ газеті

» Баспасөз жарияланымдар » Бүгінгінің Атымтай Жомарты - 'Қазақ үні' газеті

23.05.2014, 00:00

Казак yнi (Алматы), № 19 (628), 13.05.2014
Жарық дүниеге келген әрбір пенде өз қалауынша өмір сүреді, жоқ та болады, бар да болады, тар да болады, кең де болады, шел де болады, қол де болады. Ақыр соңында Құдайдың өлшеп берген жасын қанағат тұлып аттанады.
Өлгеннен кейін де адамға абырой керек. Бірақ табиғат абыройға тым сараң. Ол тек адам атаулы ұсақтап кетпесін, жұрт жақсы мен жаманын, арам мен адалын ажырата алмай қалмасын дегендей, туған халқына жан-тәнімен беріле қызмет етуге құлшынған бірегей тұлғаларды жаратады. Олар болса – мына жалған дүние мен анау мәңгілік дүниенің арасының өлшемі қас-қағым сәт екенін басқалардың есіне түсіреді. Өздері Алла пешенесіне жазған дарын-қабілеті арқасында батыл ойлы, ер көңілді, өр мінезді келетіндіктен, не нәрсеге де бейтарап қарай алмай, өзінің жүрек тазалығы мен ой тазалығын тең ұстап, ел қамы үшін, игілікті істер атқарады. Аузында Алласы бар, тілінде тәубәсы бар игі жақсылар болғандықтан, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» аталатын ұлағатты қағиданы ұстанып, қоғамдық ой-санамен дүниетанымдық өреге де, азаматтық деңгейде ықпал етеді. Жиған малды ғана ойламай, иманды да ойлап, өз мақсатын ұлт мүддесі жолына бағыштағандықтан, дәулет-ризығын да жұртқа пайдалы іске жұмсағандықтан, есімдері ел есінде мәңгі сақталады. Сондай шексіз алғыс арқалаған аса сыйлы ел ағаларын халқымыз «Атымтай Жомарт» деп атағаны мәлім. Атымтай Жомарт V ғасырдың аяғы, VI ғасырдың басында ғұмыр кешкен, түп-төркіні «Тай» тайпасының ақыны Хатим ибн Абдаллаһқа саяды. Көптеген Шығыс халықтарының фольклорында кездесетін кейіпкер, ел аузындағы аңыздарда жиі айтылатын тұлға, халық жадында құрметпен әспеттелетін абзал жан. Өте дәулетті әрі қолы ашық, жомарт адам болған деседі. Бірақ,оның басты қасиеті тек байлығынан емес, адамға деген сүйіспеншілігі мен қайырымдылығынан және мейірбандылығынан бастау алып, ұдайы жақсылық істерімен жалғасқандықтан аты аңызға айналып, ертегілерге («Мың бір түн») еніп кеткен. Ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ата-бабаларымыздың шежіре-тарихында мұндай адамдардың болғаны нақты деректермен таратылып, бүгінгі күнге дейін жетті.
XIX ғасырда, Қызылсу мен Шар өзендерінің бойын жайлаған қалың елдің береке-бірлігін ұйытып, өзінің кісілігімен, абырой-беделімен, халықтың қамқоршысы болып, зор құрметке бөленген Атымтай Жомартқа ұқсас Бакыршық деген адам өмір сүрген екен. Қазақ жөнімен алғанда, ол кісінің сүйегі — орта жүздің ішінде Найман – Матай — Кенже – Құдас. Ал өз әкесі — Мамай, шешесі – Ханбибі деген жайсаң жандар болған екен.
Бақыршық осы өңірде алғашқылардың бірі болып тау-тастан, құм арасынан алтын айыру әдісін ойлап тапқан және оны іс жүзіне асырып, өндіріс орнын ашқан, қазіргі тілмен айтқанда, кәсіпкерлікпен айналысқан іскер адам көрінеді.
Маңайына елді топтастырып, жарлы-жақыбайларға, жетім-жесірлерге де ел қатарына қосылып кетулеріне мүмкіндік жасап отырғандықтан, оның төңірегіндегі ауылдар өте ауқатты тұрған. Бүгінде ол кісінің есімін иеленген ауыл ел аузында «Бақыршық» деп аталып жүргенімен, құжаттық атауы «Әуезов кенті». Үш мыңдай тұрғыны бар. Семей қаласынан 150 шақырым, ал Шар қаласынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Бір кездері қала статусын алуға адам санының жетімсіздігінен ғана іліне алмай қалған қоныс.
Ежелден жер елсіз, ел ерсіз болған ба? Кешегі Бақыршыктың атқарған игі істерінің бүгінгі заңды жалғастырушысы «Алланың ақ жолына» бет бұрған, атына заты сай жігіттің султаны – Жомарт Сәдуақасов есімді азаматымыз бар. Халық алдындағы жауапкершілігіне бойлай үңіліп, заман жайын тереңінен ойлай білген, өмірдің құндылықтарын дұрыс ажырата алған бұл ағамыздың қолына алған әрбір ісі оң нәтижесін беріп, қоғамдағы кәсіпкерлік пен азаматтық орны айқындалған. Алматы қаласындағы өзінің үлкен спорт-кешеніне де қазақтың даңқты ханы Абылайдың есімін беріп, ғимаратының қас бетіне ұлы тұлғаның ескерткішін орнатып қойғанынан-ақ, оның парасат-пайымы жоғары, байламы берік ұлтжандылығы анық байқалады. Нағыз ерді өрге жетелейтін де асып-таспайтын қарапайымдылық, елге, жерге, туысқа қамқорлық екенін жете түсінген Жомарт Мұхамедсайдиұлының «Бисмиллә» деп қолға алған алғашқы ісі – 600 оқушысы бар мектептің жанындағы жас жеткіншектерге арналған спортзалын керек-жарақтарымен жабдықтаудан бастау алыпты. Өзі де бұрыннан спорттың жекпе-жек өнеріне жататын кигбоксинг түрімен шұғылданғандықтан, осы салада еңбек етіп жүрген көптеген атақты спортшыларға қамқорлық жасайтындықтан, жанына жақын спорт мәселесіне ат басын бірден бұрды. Қаншама жанға қуаныш сыйлаған, жақсы істерімен халықтың жүрегінен орын алған Бақыршық бабасының құрметіне арнап, ауылдың ортасындағы саябаққа биіктігі 7 метр болатын таза граниттен «Тәуелсіздік шыңы» атты ескерткіш-монументін орнатты.
Бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігінің асқақ арманы орындалып, жүзеге асқан мезетінің аманатты сәтін сипаттайтын бұл монументте бес түрлі белгі айшықты көрсетілген. Ең ұшар басында Бақыршық баба келбеті, бел ортасында Самұрық құстың кескіні, төменгі жағында бірнеше белді рудың таңбалары, ал, арғы бетінде Құран кітабын ұстап бата беріп тұрған Қыдыр баба бейнесі және қамшы өрімі (бірлік пен татулыққа үндейді). Биылғы жылы осы саябаққа кешенді құрылыс нысандарын салуды қолға алмақшы. Ауылының сәулетіне сән, өңіне нұр кіргізіп, оны көркейту Жомарттың пешенесіне жазылған тағдыры шығар мүмкін. Қалай дегенмен де, бұл жігіттің бойына туған ел мен жерге деген құштарлықтың дәні отбасындағы ата-анасының аялы алақанымен егілген сыңайлы. Марқұм әкесі — Мұхамадсайди да оз уақытында біздің өңірдің белгілі азаматы болған еді. Ол кісінің ізгілікке толы өмір жолы жайлы жазу бұл шағын мақалаға сыймайды, ез алдына жеке бір кітап арнауға тұрарлық тың тақырыпқа арқау бола алады.
Зат – затына, темір татына, адам тегіне тартады. Жомарт та өз әулетінің тамаша қасиеттерін әкесінің қаны мен анасының сүтінен алған қадірлі перзенттерінің бірегейі. Жер мойыны қашықта, алыс өлкеде жүрсе де, кіндік қаны тамған туған жеріне келіп, ел-жұртына қызмет етіп, құрмет көрсету оның дағдылы әдетіне айналғаны қашан. Абайша айтқанда: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боларсың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боларсың» деген осы. Ел аман болсын, ел бағына туған Атымтай Жомарттай ерлер аман болсын.