«Ақ жол» партиясының депутаттары бұрын ЕҚЫҰ демократиялық инcтитуттары және адам құқықтары жөніндегі Бюроcының оң қорытындысын алған «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын Үкіметке жіберді

» Баспасөз релиздері » «Ақ жол» партиясының депутаттары бұрын ЕҚЫҰ демократиялық инcтитуттары және адам құқықтары жөніндегі Бюроcының оң қорытындысын алған «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын Үкіметке жіберді

13.01.2014, 00:00

13 қаңтар 2014 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

«Ақ жол» партиясының депутаттары, ҚДП әзірлеген және ЕҚЫҰ демократиялық институттары және адам құқықтары жөніндегі Бюросының оң қорытындысын алған «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасын Үкіметке жіберді.

Заң талаптарына сәйкес депутаттардың бастамашылығымен енгізілетін заң жобалары Парламентке енгізуге дейін Үкіметтен қорытынды алуы тиіс.

Жобаға сәйкес, Парламенттік оппозицияға – Парламент Мәжілісінде депутаттық фракциясы бар және парламенттік көпшілікке және жұмыс істеп тұрған үкіметке ашық қарсы пікір білдіре алатын саяси партия ретінде анықтама енгізіледі.

Заң жобасында парламенттік оппозицияның құқықтарын белгілеу ұсынылады, мәселен:

– өз депутаттарының ішінен Мәжіліс төрағасының орынбасарлығына, сондай-ақ екі комитеттер төрағаларына ұсынуға;

– партия мүшелерінің ішінен әлеуметтік және экономикалық блок министрлерінің орынбасарларын ұсынуға;

– партия мүшелерінің ішінен республикалық бюджеттің орындалуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің Төрағалығына және мүшелігіне ұсынуға;

– азаматтық еркіндікті сақтау мәселелелер жөнінде, ауқымды төтенше жағдайларға байланысты парламенттік тыңдауға және тергеуге бастамашылық жасауға;

– мемлекеттік органдардан кез-келген ақпаратты, сондай-ақ қызметтік міндеттерін орындауға байланысты мәселелер жөнінде лауазымды тұлғалардың барлығына және объектілердің бәріне еркін қол жеткізуге рұқсат алуға;

– парламенттік оппозицияның депутаттық фракциясының өкілдеріне Мәжіліс отырыстарында және Парламент палаталарының бірлескен отырыстарында кепілдік берілген сөйлеуге; және т.б.

Заң жобасымен басқарушы партиямен тең көлемде парламенттік оппозициялық партиялардың қызметтері туралы материалдарды мемлекеттік БАҚ-да жариялау туралы талаптары арқылы,  БАҚ-да парламенттік оппозицияның қызметін  жариялау мәселелерін реттеу ұсынылады.

«Ақ жол» партиясы бұл заң жобасында парламенттік оппозицияның заң шығару бастамашылдығы еркіндігінің кепілдігін белгілеуді ұсынады. Заң жобасына сәйкес, Үкімет енгізген және Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобаларына парламенттік оппозиция депутаттарының ұсыныстарына үкіметтік цензураға тікелей тыйым салынады.

Осы мақсатта ағымдағы бюджетті орындауға қатысы бар мәселелерден басқа, парламенттік оппозиция депутаттары енгізетін өзгертулер мен толықтыруларды Үкіметке келісуге (қорытындыға) жіберуге жол берілмейді.

Сонымен қатар, «Ақ жол» партиясы үкіметтік заң жобаларын Парламент Мәжілісіне енгізу кезінде, парламенттік оппозицияға үкіметпен келісу рәсімін аттап өтіп, осы заңдардың баламалық жобаларын енгізуге құқық беруді ұсынады (себебі осы заң жобасы бойынша үкіметтің ұстанымы үкіметтік заң жобасында баяндалып қойылған).

Дәстүрлі демократиялық елдердің тәжірибесі «Парламенттік оппозиция туралы» арнайы Заңды қабылдаудың қажеттілігін айғақтайды. Демократия жағдайында парламенттік оппозиция саяси үдерістің маңызды қатысушысы болып табылады. Ұсынылатын заң жобасының бірқатар нормалары тікелей халықаралық тәжірибеден өрбиді.

Мәселен, Ұлыбританияда ірі оппозициялық партия (парламенттік сайлауларда екінші орын алған), «Ұлы Мәртебелі оппозиция» деп  аталады, оның мүшелері нақты бағыттар бойынша үкіметтің қызметін қадағалап отырады және баламалы бағдарламалар ұсынады.

Канадада палатада саны жағынан (көпшілік партиясынан кейін) ең көп орын алатын оппозициялық партия, «ресми оппозиция» деп аталады. Жарыссөз кезінде көпшілік партиясының атынан шығатын негізгі баяндамашыдан кейін, ресми оппозицияның сөйлеуге құқығы бар, оппозиция көшбасшысының сөйлеу уақыты шектелмейді.

Отандық тәжірибеде, өкінішке орай, парламент палаталарының бірлескен отырыстарының бірінде үкіметтің бюджетті орындау бойынша есебін талқылау кезінде тек басқарушы партия депутаттарына ғана сөз берілгені жайлы мысалдар бар. «Ақ жол» ҚДП фракциясы көшбасшысының өткір сыни сөзінің басында оның микрофоны өшіріліп тасталған және алдыңғы шешеннің жарыссөзді қысқарту туралы ұсынысы бойынша сөзі тоқтатылған.

Еуропада демократиялық парламенттегі оппозициялық партиялардың роліне қатысты нормалар, Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясының 2008 жылғы № 1601 Қарарында және құқық арқылы демократия үшін Комиссиясының («Венециандық комиссия») демократиялық парламенттегі оппозицияның ролі туралы Баяндамасында, оппозиция туралы португалдық заңында т.б. өз көрінісін тапқан.

Мәселен, еуропалық дәстүрде, парламенттік комитеттердің және мемлекеттік бюджеттің мақсатты және тиімді орындалуын бақылайтын арнайы органдардың (Есеп палаталары) жұмысын көптеген елдерде парламенттік оппозиция өкілдері басқарады.

Осы заң жобасында ұсынылатын нормалар және талаптар, халықаралық тәжірибені пайдаланудан тыс, сондай-ақ отандық тәжірибеден де алынған. Мәселен, «үкіметтік цензураға» тікелей тыйым енгізу «Ақ жол» партиясы депутаттарының түзетулеріне, Конституцияға сәйкес мұндай қорытынды талап етілмесе де, үкіметке қорытындыға  жіберу және одан әрі кері қайтару (алынған теріс қорытынды бойынша) деректеріне байланысты туындады. ҚДП парламенттегі жұмысы барысында мұндай жағдайлар туралы Партияның баспасөз-қызметі бірнеше рет  хабарлаған.

Мемлекеттік БАҚ-да парламенттік партиялардың жарияланым теңдігі туралы нормалар, билік партиясының жұмысын басымдылықпен жариялаудан  қалыптасқан беталысқа байланысты туындап отыр. Сонымен қатар, сайлауалды науқандардың тәжірибесі демократияның маңызды қағидалары ретінде объективтілікті және теңдікті қамтамасыз ету үшін, барлық партиялардың қызметтерін баспасөзде тең жариялаудың тиімділігін және өзектілігін көрсетті.

Сондай-ақ, ықтимал айла-шарғыларды болдырмау үшін парламенттік оппозициялық партияларды қаржыландыру көлемін заңнамамен бекіту туралы заң жобасына ұсыныстар енгізуге де отандық тәжірибе мәжбүрлеп отыр. Өкінішке орай, 2012 жылы көппартиялы Парламент қалыптасқаннан кейін, парламенттік партияларды қаржыландыру көлемі 2,5 есеге күрт төмендеді; ал басқарушы партия, парламенттегі жалғыз партия бола отырып, бұрынғы барлық кезеңдерде (қаржылық дағдарыс жағдайының өзінде) сол 2,5 есе көп қаржыландыруды алды. Мұндай жағдайдың көппартиялылықты дамытуды ынталандырмайтыны анық.

Бұл жоба Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Ұйымының (ЕҚЫҰ) демократияны дамыту және адам құқықтары жөніндегі  Бюросының  (ДжАҚБ)  сарапшыларының 2013 жылы 28 наурызда  №120/03/2012 оң қорытындысын алған.

Демократиясы дамыған елдердің көбінде «Парламенттік оппозиция туралы» арнайы заң кеңінен таралмағанын,  ал тиісті нормалар көп жағдайда  дәстүрге сүйенген және басқа әртүрлі заңдарда және ережелерде ескерілгенін атап өту керек. Сонымен бірге, отандық шындықты және жоғарыда көрсетілген демократиялық парламенттегі оппозицияның ролі туралы халықаралық құқықтық актілерді (2008 жылғы Еуропалық Кеңестің Парламенттік ассамблеясының №1601 Қарары, Венециандық комиссияның құқық арқылы демократия үшін Баяндамасы және басқалары) ескере отырып, осы заң жобасын қабылдау жөн және өзекті болып көрінеді.

Заң жобасы Қазақстан Республикасын одан әрі демократияландыруға, парламентаризмді дамытуға және нығайтуға, ашықтықты және парламенттік институттарға үкімет қызметінің есептілігін ұлғайтуға бағытталған.

Үкімет қарауына жіберілген «Парламенттік оппозиция туралы» заң жобасы  Конституция талаптарын есепке ала отырып әзірленген және еліміздің Негізгі заңына қарама-қайшы емес.

Оны қабылдау қолданыстағы Конституция аясында мемлекеттікті дамытудағы президенттік-парламенттік бағытты қалыптастыруға қадам басуды білдірер еді.

Мұның бәрі «Ақ жол» партиясының төрағасы, Партияның Парламенттік фракцияның жетекшісі Азат Перуашевтің Үкіметтің атына жолданған хатында айтылған.