16
Маусым

Санат жоқ 16.06.2014

Үкімет «Ақ жолдың» «Мәңгілік ел» тақырыбына жаппай диктант жазу жөніндегі бастамасын қолдайды

16 маусым 2014 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Ағымдағы жылдың 14 мамыры күні «Ақ жол» партиясының Парламенттік фракциясы атынан депутат Алмас Тұртаев Үкіметті ел азаматтарын жазу сауаттылығын арттыруға ынталандыру үшін «Мәңгілік ел» тақырыбына жаппай диктант жазу акциясын өткізуге ықпал етуге шақырып, депутаттық сауал жолдаған болатын.
Мұндай акциялар Польшада, Францияда, Украина, Қытайда, АҚШ-да  кең тараған. Әлемнің 45 елінде өткізіліп келеді. Белоруссияда 2007 жылдан бастап, 21 ақпан - Халықаралық ана тілі күнінде мемлекеттік тілінде жалпы ұлттық диктант жазу дәстүрі қалыптасқан. Жаппай диктант жазу 2010 жылы ең үздік Ресейлік қоғамдық жоба ретінде танылып, қоғамдық байланыстарды дамыту саласындағы ұлттық сыйлықты иеленген.
Жаппай диктант жазу Акциясының мәні – тілек білдірушілердің барлығына бірдей өз еркімен  диктант жазғызу. Мақсаты – адамдарды олардың қаншалықты сауатты екені туралы ойландыру және сол сауаттылықты арттыру үшін ынталандыру.«Жазу сауаттылығы, ойымызды өз деңгейінде жазып жеткізу - күнделікті өмірдегі маңызды құрал және азаматтарымыздың интелектуалды деңгейінің көрсеткіші»,- деп атап көрсетілген Премьер-Министрге жолданған сауалда. «Ақ жол» партиясы осындай акцияны өткізу, тілдің дамуы мен қызмет етуі бойынша өзекті мемлекеттік жобаны жүзеге асыратын шешімдердің бірі болатынына сенімді еді.
Депутаттық сауалға Үкіметтің берген жауабында іс жүзінде «Ақ жол» партиясының көтеріп отырған мәселелерінің орынды екені, мұны іске асырудың қажеттігі мойындалған. Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын еске салып, оның шеңберінде жазба тіл мәдениетін жетілдіруге және дамытуға бағытталған іс-шаралардың атқарылуы көзделіп отырғанын айтқан. «Сонымен бірге, дәстүрлі конкурстарды өткізу жөніндегі іс-шараларға тіл мәдениетінің деңгейін арттыруды ынталандыратын арнайы «диктант» номинациясы енгізілетін болады». Үкімет «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалына берген жауабынбылай деп түйіндепті: «Үкімет Сіздердің жаппай диктант жазу жөніндегі бастамаларыңызды қолдайды, алайда оны сәтті іске асыру үшін басқа елдердің тәжірибесін зерделеу, сондай-ақ аталған іс-шараны қаржыландыру мәселесін пысықтау қажет».