Алмас Тұртаев: Демографиялық өсімді ынталандыру және жастар арасындағы басты мәселені шешу құралы ретінде бала тууға байланысты ипотекалық несиеге мемлекеттік субсидия жасау қажет – депутаттық сауал

» Депутаттық сауалдар » Алмас Тұртаев: Демографиялық өсімді ынталандыру және жастар арасындағы басты мәселені шешу құралы ретінде бала тууға байланысты ипотекалық несиеге мемлекеттік субсидия жасау қажет – депутаттық сауал

06.11.2013, 00:00

 
6.11.2013 жарияланды        
 
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. Н. Ахметовке
 
 
Депутаттық сауал
Құрметті Серік Нығметұлы!
 
Адам ресурсы ең басты құндылық. Елбасының «Қазақстан -2030», «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламаларында, еліміздегі демографиялық өсімді және азамттарымызды жан- жақты әлеуметтік қамсыздандыру туралы нақты мақсаттар көзделген. Алайда, бүгінгі күні қолданыста ешқендай демографиялық даму бағдарламасы жоқ екендігін жасырмауымыз керек.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, соңғы он жылда демографиялық жағдай оң өріс алып отырғандығын байқауға болады. Халық саны 2 миллионға жуық өсіп, туған балалар мен қайтыс болған азаматтардың санының қатынас динамикасы жақсаруда. Дегенмен, кейбір көрші елдермен салыстырмалы түрде, демографиялық ахуалымыз аса қуанарлық жағдайда емес. Халық саны тек қазір ғана Кеңес заманындағы деңгейге жетіп отыр.
Елімізде жасы 25-тен жоғары отбасын құрмаған азаматтарымыздың саны – 3 миллионға жуық. Адам өміріндегі басты құндылық — шаңырақ көтеріп, отбасын құру, ұрпақ өрбіту. Қазіргі таңда жастарымыз, алдымен жеке бастың қажеттілігін бірінші кезекке қояды. Бұл заңдылық. Өйткені отбасын құру үшін, алдымен баспана мәселесін шешіп алу қажет.
Қазіргі уақытта демографиялық проблемаға тап болып отырған әлемдегі көптеген мемлекеттер, мысалы, Ресей Федерациясы жастар үшін түрлі ынталандыру жұмыстары арқылы жеңілдіктер қарастырып, демографиялық өсімді қамтамасыз ету мақсатында заңдарына өзгерістер енгізіп, қабылдау мәселесін күн тәртібінен түсірмей келеді.
Осы бағытта «Ақ жол» Демократиялық партиясы демографиялық өсімді ынталандыру және жастар арасындағы басты мәселені шешу құралы ретінде бала тууға байланысты ипотекалық несиеге мемлекеттік субсидия жасау қажет:
–        бірінші баланы туған кезде – несие сомасының 30%-ы мөлшерінде;
–        екінші баланы туған кезде – несие сомасының 50%-ы мөлшерінде;
–        үшінші баланы туған кезде – несие сомасының 80%-ы мөлшерінде;
–        төртінші баланы туған кезде – ипотекалық несиені мемлекет толық жабу мүмкіндігін қарастыруды сұрап отырмыз.
Еліміздегі демографиялық жағдайды реттейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқтығын ескере отырып, осы бағыттағы мәселелерді кешенді түрде шешу үшін, қазіргі заман
талаптарына жауап бере алатын демографиялық даму бағдарламасын қабылдау қажет деп есептейміз.
Құрметті Серік Нығметұлы, осы ұсыныстарды жан-жақты қарап, Үкіметтің демографиялық жағдайды жақсарту бағытында кешенді бағдарлама жасап, халыққа таныстыру үшін жариялауыңызды сұраймыз.
 
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП
Парламенттік фракция мүшелері