01
Шілде

Бесінші сайланған Парламенттің ІІІ сессиясында халқымыз үшін, бизнесіміз үшін өте маңызды мәселелер көтерілді - А. Перуашев - www.inform.kz

www.inform.kz (Казахстан), 30.06.2014
 
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясында халқымыз үшін, бизнесіміз үшін өте маңызды мәселелер көтерілді. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясының ресми түрде жабылуы барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақжол» партиясы фракциясының төрағасы Азат Перуашев айтты.
«Бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясында халқымыз үшін, бизнесіміз үшін өте маңызды мәселелер көтерілді. Оның ішінде Мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы, Салық кодексінің жобасы және басқа да маңызды заңнамалар қабылданып, қомақты, жүйелі жұмыс жүргізілді деп ойлаймын. Әрине, біздің ұсыныстарымыздың барлығы орындалып жатыр деп айта алмаймыз, өйткені біз 107 депутаттың арасында сегіз-ақ депутатпыз. Дегенмен біздің дауысымыз естіліпті. Біз көтерген бірқатар мәселелер оң шешімін тапты. Сондықтан біз сайлаушыларымыздың бетіне тура қарай аламыз деп айта аламын», - деді А. Перуашев.
Депутат жазғы демалысын қалай өткізетіні туралы да айта кетті. Оның мәліметінше, демалыс туралы айту әлі ертерек.
«Дәл қазір демалыс туралы айту әлі ерте. Өйткені біз аймақтарға шығып, жергілікті сайлаушылармен кездесеміз. Келесі сессияға олардан аманат жинап, өзіміздің бағдарламамызды одан әрі орындауға дұрыстап дайындалуымыз қажет. Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына міндетті түрде барып, Рамазан айының құрметіне сайлаушыларымызға ауызашар береміз. Тек содан кейін ғана шетелге шығып, теңіздің тұзды суына демалып қайтуға болады. Ал негізінен басты демалысымыз өз еліміздің табиғаты болу керек деп ойлаймын», - деді ол.
Халық қалаулысының айтуынша, теңіз суы адам денсаулығына пайдалы. Сондықтан мүмкіндік болса, бала-шағаны теңізге апарып тұрған дұрыс.
«Біздің еліміз теңізден тым алыс. Көбіне йодтың жетіспеушілігінен аурулар туындап жатады. Сондықтан, мүмкіндік болса тұзды суға көбірек барып тұру қажет. Өзім жуырда Алакөлде болдым, Балқашқа да баруды жоспарлап жүрмін, Оралда да керемет Шалқар көлі бар. Сондықтан мен бұл ретте өз елімнің патриотымын», - дейді депутат.
http://inform.kz/kaz/article/2673376