«Ақ жол» одақ мәселесін талқылады – Оңтүстiк Қазақстан

» Баспасөз жарияланымдар » «Ақ жол» одақ мәселесін талқылады - Оңтүстiк Қазақстан

01.07.2014, 00:00

Оңтүстiк Қазақстан (Шымкент), № 93 (19712), 26.06.2014

 

 «Ақ жол» КДП ОҚО филиалының ұйымдастыруымен «Еуразиялық экономикалық одақ және Қазақстанның болашағы» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өтті. Оған облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, бірқатар департамент, облыстық басқармалардың басшылары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен кәсіпкерлер қатысты.

Алдымен күн тәртібіне шығарылған мәселе бойынша баяндама жасаған «Ақ жол» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қ.Ибраев жаңа одақтың мақсатына жан-жақты тоқталды. Ал өз кезегінде бұл одақтың Қазақстанға пайдасы жөнінде тілге тиек еткен ЭҚҚжСЖК (қаржы полициясы) ОҚО бойынша департамент басшысының орынбасары С. Мырзалиев елімізде әлі де жалған кәсіпкерлік тыйылмай отырғанын айтты.

Бұдан мемлекет өте үлкен шығын көруде. Айталық, өткен жылы облысымызда жалған кәсіпкерліктен келген шығын көлемі 50 миллиардқа жуық теңгені құраған, Сондықтан С. Мырзалиев аталған одақ аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлерден заңды қатаң сақтап, шынайы бәсекелестікке түсуін талап етуді ұсынды.

Бұдан бөлек, «дөңгелек үстел» барысында мемлекеттік органдардың өкілдері, кәсіпкерлер ой-пікірлерін ашық айтты. Мәселен, «Барыс-2007» Ж               директоры А.Қаражанов «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу еліміздің болашағы үшін керек. Өйткені, бұл ықпалдастық біздерге, яғни шағын және орта кәсіпкерлердің ісін кеңейтуге жол ашып отыр» десе, «Құрылыс» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Қ.Тұрлыбек «одаққа мүше болғанымыз дұрыс, бірақ тілді қолдану, жер беруімен оны сатуды шешу мәселесінде тиісті заң шығарушы органдар мұқият болса» деді.

«Әрине, кемшіліксіз болмайды, жұмыс істеу керек. Көш жүре түзеледі. Одаққа кірдік. Ендігі міндет одан лайықты өз орнымызды алуымыз керек. Жетекші ретінде ме, әлде жетекке еруші боламыз ба?.. Мәселе осында», – деді жиынды қорытындылаған «Ақ жол» партиясы облыстық филиалының торағасы А.Орман.