Еуропарламент депутаттары Президенттікке үміткер Дания Еспаеваны құттықтады

» Баспасөз релиздері » Еуропарламент депутаттары Президенттікке үміткер Дания Еспаеваны құттықтады

08.05.2019, 11:09

8 мамыр, 2019 жыл, «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

Сіз Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне жол ашып, Республика тарихының жаңа парағын аштыңыз – Еуропарламент депутаттары Дания Еспаеваны осылай құттықтады. ҚР тарихындағы Президенттікке тұңғыш әйел-үміткердің атына құттықтау хат кеше Орталық Азиядағы Еуропарламент Делегациясының төрайымы, Еуроодақтың либералдар мен демократтар альянсы фракциясының мүшесі Ивета Григуледен келді.

«Біз, Еуропарламент депутаттары, «Ақ жол» партиясының съезінен соң сіздің ұсынылуыңызды аса үлкен қызығушылықпен бақыладық. Өткен дебат пен құпия дауыс беруден кейінгі жеңісіңіз – мемлекетіңіздегі саяси тәжірибеге Еуропалық дәстүрдің енуінің тамаша үлгісі болды», – делінген хатта.

Еуропарламент депуттары «Ақ жол» партиясы Қазақстанға және халықаралық қауымдастықтарға демократия мен либерализм, азаматтардың тең құқықтылығы мен басты құндылықтарға деген құрметін көрсетті деп санайды.

«Сіз өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру жолында Қазақстанның миллиондаған әйелдеріне үлкен мүмкіндіктерге жол аштыңыз» – дейді Еуропарламент өкілдері.

Сондай-ақ, Еуропарламент делегациясы Дания Еспаеваға демократияны дамыту жолында жаңа жетістіктерге жетуді тіледі.