31
Мамыр

«Ұл боп тудым, Ер боп өлсем құрбаны боп елімнің» - Ақтауда «Ақ жол» жастары «Қыршын» тарихи драмасын қойды

31 мамыр 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалының баспасөз қызметі

 

«Жастар жылы» аясында Алаш идеялары мен мұратын көздеген, ағартушылық ісін қолға алып, бастарын қатерге тіккен және батыр бабаларының салған сара жолынан айнымаған, сол үшін ауызбен айтып жеткізе алмайтын ауыр жазаларды бастан кешкен жастардың қайсарлығы мен есімдерін ұмыттырмай, жасөспірімдерге насихаттау мақсатында, «Ақ жол-жастар» жастар қанатының әуесқой әртістері 2019 жылдың 31 мамыр күні Ақтау қаласындағы Жастар үйінде «Қыршын» атты драмалық қойылымның тұсаукесер кешін өткізді.

 «Ұл боп тудым, Ер боп өлсем құрбаны боп елімнің», - деген жас Алаш құрбандарының рухына арналған шығарма авторы драматург, ұстаз - Өтен Ахмет, спектакльдің режиссері - Ғазиза Бақтиярқызы. 

Бұл тарихи драманы «Ақ жол» жастары өзінің қызығушылығымен, әуесқойлығымен және табиғи дарындылығымен сомдап шығарды. 

Елдің қамын ойлап, жастарға білімнің шамшырағын маздатып жаққан Алаш арыстары Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының жалын шашқан уытты өлеңдері, тағылымды сөздері сол кездегі жастарды жақсы-жаманды ажырата білуге қалай үйретсе, ізгілікке қалай тәрбиелесе, бүгінгі жастар үшін де сондай терең мәні сақталған.  

Қуғындау мен жалған жала, жағымпаздық пен асыра сілтеушілік құрбандарының тағдыры көпшіліктің көзіне жас алдырып, көңілін босатты.

'Бір адамның, бір отбасының басындағы қасірет арқылы ХХ ғасырдағы қазақ елі тарихындағы жеке адамдардың тағдырлары тәлкек етілген, таптап жаншылған қаралы кезеңі және ұлттық рухтың нәрін, ар-намыстың азығын биік қойған елім деп еңіреген боздақтардың жан айқайы жан-жақты көрініс береді. Алаш – әр қазақтың жүрегінде лаулап жанған, ешқашан сөнбейтін мәңгілік от. Сондықтан да, қазіргі тәуелсіз елдің жастары үшін Алаш арыстарын ардақтау әрбір қазақтың міндеті мен парызы.' - деп айтты 'ақжолдықтар' жастар.