16
Шілде

Депутат Меруерт Қазбекова бұландылық кәсіпкерлермен кездесті

16 шілде 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Ақмола облыстық филиалы

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Меруерт Қазбекова Бұланды ауданында болып, жергілікті кәсіпкерлердің мұң-мұқтажымен танысты. Бірқатар мәселелер жиын барысында шешімін тапса, кейбір мәселелер бойынша халық қалаулысы өз атына хат жазуға кеңес берді.

Мәжіліс депутаты елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, коммуналдық бағаның тұрақсыздығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларында көптеген қордаланған мәселелердің күн тәртібінен түспей тұрғанын тілге тиек етті. Әсіресе, коммуналдық тарифтер, тұрмыстық қатты қалдықтар, ауыз су, шағын бизнес бастауға несиелер алу жөнінде сұрақтар қойылып, депутат тарапынан көмек берілуі сұралды. Атап айтқанда, 2019 жылы Макинск қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттама республикалық бюджеттен үш жылдық кезеңге қомақты 1 миллиард сома қаражат бөлінген. Құрылыс-монтаж жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылғанымен, тендер көп кешікпей жауапты қызметкерлердің өз ісіне салғырттығынан тоқтатылған. Конкурс қорытындылары жарияланбай, банк кепілдігі күшін жойып, жобаның жүзеге асырылмау қаупін төндірген. Сондай-ақ, тұрмыстық қатты қалдықтарды тасымалдау, кәсіпкерлерге бақылау-кассалық аппараттарын сатып алуға мәжбүрлеу, «Бастау» бизнесі бойыншап мүліктің кепілге қоюда тұрғын үйлердің төмен сомаға бағалануы сияқты өзекті мәселелер көтеріліп, аталған сұрақтар депутаттың қатаң бақылауына алынды.

Мәжіліс депутаты аталған мәселелер бойынша тиісті органдар арқылы шешуге ықпал ететінін жеткізді.