Ұлттық банк Бірыңғай процессингтік орталық жөнінде ашық пікірталастан қашқақтап жүр

» Санат жоқ » Ұлттық банк Бірыңғай процессингтік орталық жөнінде ашық пікірталастан қашқақтап жүр

11.09.2013, 00:00

11 қыркүйек  2013 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі
 Ұлттық банк Бірыңғай процессингтік орталық жөнінде ашық пікірталастан қашқақтап жүр – оның өкілдері «Ақ жол» ҚДП фракциясының осы тақырыпқа арналған кеңейтілген отырысына қатысудан бас тартты.
Фракция өткен сессияның соңында отандық банктердің мүддесін қорғап сауалмен шыққан болатын. Еске сала кетейік, әңгіме банк карточкаларына қызмет көрсету жөнінде Ұлттық банктің Бірыңғай процессингтік орталық құру (БПО) туралы ұсынысы жайында болған. Онда партия бұл жобаның екінші деңгейдегі банктер үшін қолайсыздығының себептеріне байланысты Ұлттық банкті сынға алған.
Алынған жауапта, Ұлттық банк банктік қоғамдастықтың бірқатар негізді талаптарын ескерген, орынды тұжырымдамаға сүйене бастаған. Сонда да, Ұлттық Банк төрағасы Г.Марченко  отандық банктерді тиімсіз төлем инфрақұрылымын құруда деп және келісілген ұстанымның жоқтығымен кінәлайды. Оның пайымдауынша, ірі банктер төлем карточкаларына қызмет көрсетуде жақсы жағдай жасауға және бірігуге объективті түрде  қызығушылық танытып отырған жоқ.
Қыркүйектің 10-ы күні болған пікірталасқа бірнеше ірі банктердің, Қаржы министрлігі Салық комитетінің, Қаржыгерлер қауымдастығының (ҚҚҚ), «Атамекен» Ұлттық экономикалық палатасының басшылары, кәсіпкерлер қатысты.
ҚҚҚ Кеңесінің төрағасы өз сөзінде БПО жобасын жүзеге асыру еркінділік, бәсекелестік және директивті емес басқару қағидасына негізделген болуы тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі таңдағы қолданыстағы 16  процессингтік орталық БПО-мен қатар жұмыс істеуіне болады.
Бәсекелестік қағидасының артықшылықтары туралы «Қазкоммерцбанк» АҚ-ның  атқарушы директоры А.Шаяхметов, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның төрағасының орынбасары А.Смағұлов және басқа банктердің өкілдері айтты. 
Сондай-ақ, ШОБ субъектілерінің POS-терминалын пайдалануда болған жағдайлар, банктердің түсіп жатқан тапсырыстарды қанағаттандырудағы дайындығы талқыланды.
«Атамекен» ҰЭП басқарушы директоры Ю.Якупбаева мерзімдеріне назар аударды: бүгін  заң жүзінде POS-терминалын пайдаланбайтын әрбір кәсіпкер тәртіп бұзушы болып табылады (ал ондайлар шағын бизнестің арасында басым көпшілік). « Ол кәсіпкерлерге айыппұл салу науқанын бастап кетпей ме?», – деп Салық комитеті төрағасының орынбасары А.Қыпшақовтан сұрады.  Салық комитетінің өкілі мұндай бұзушылықтар бойынша тексерулер және айыппұл санкциялары болмайды деп сендірді, бірақ мәселе  бұл мораторийдің аяқталу мерзімінде.
Осыған байланысты, «Ақ жолдың» көшбасшысы А.Перуашев мәжілісте басталған терминалдарды енгізу мерзімдерін ұзарту туралы салық заңнамасына түзетулерді талқылау барысында тиісті түзетулер енгізуге фракция депутаттарының дайын екенін білдірді.
– Бірақ, салық тексерулеріне 5 жыл мерзім ішінде рұқсат беретін  қолданыстағы нормалармен, айыппұлдар өтіп кеткен күнмен қайта есептеліп жүрмей ме? – деген ол Салық комитетінің жетекшісінен нақтылауды өтінді. А.Қыпшақов мырза салық органдарында мұндай талпыныстар жоқ деп сендірді.
«Альянс Банк» АҚ-ның басқарушы директоры А.Өмірбаев: «Тіпті Еуропадан да көріп жүрміз, көкөністерді сатып тұрған қариялар тек қолма-қол ақшаға, ұсақ тиындарға сатады, себебі олар үшін ақшасыз есептесу тиімсіз. Неге біз өзіміздің отандастарымызды, ұсақ саудагерлерді осыған баруға мәжбүрлейміз?» – деп кәсіпкерлерді POS-терминалдарымен 100 %-ға қамту туралы талаптан бас тартуды ұсынды.
Кездесуге қатысушылардың барлығы оны қолдады, себебі шағын кәсіпкерлердің көпшілігі транзакция айналымы және саны бойынша талаптарға жауап бермейді және желісіз Интернет жоқ ауылдық жерлерде, сондай-ақ қала аудандарында мобильді терминалдар бойынша ақшасыз есептесуді пайдалану мүмкін емес.  «Іс жүзінде орындау мүмкін емес ережелерден гөрі, нақты орындалатын ережелерді ғана қабылдау керек», – деді бұл жайында А.Перуашев.
Кездесуді қорытындылай отырып, ҚДП жетекшісі жалпы бұл пікірталас жөнінде:
          – Ұлттық банктің БПО құру туралы ұсынысының бірінші нұсқасы екінші деңгейдегі банктерге қатысты өте қолайсыз болған. Мені таңқалдыратыны, осының өзінде банктер өте сыпайы түрде бұдан шығар жол іздейді. Біз сіздердің жағдайларыңызды түсінеміз, себебі қадағалаушы орган бар, сіздер олармен барынша ілтипатты болуларыңыз керек. Алайда, тап осы жағдайда – бұл мемлекеттік органдардың бәсекелік бизнестің бір бөлігін тартып алуға әрекеті. Кәсіпкерліктің еркіндігіне, бизнестің еркіндігіне қауіп туралы әңгіме болғанда – «Ақ жол» партиясының ұстанымы нық және түбегейлі, -деп атап өтті ол.
 «Ақ жол» ҚДП фракциясының сауалына Ұлттық банктің берген жауабының толық мәтіні қосымшада беріледі.