“Ақ жол” партиясы журналистерді мерекесімен құттықтады – Газета ‘Казак yнi’

» Баспасөз жарияланымдар » “Ақ жол” партиясы журналистерді мерекесімен құттықтады - Газета 'Казак yнi'

02.07.2014, 00:00

Казак yнi (Алматы), № 26 (635), 30.06.2014 ж.
28 маусымда Қазақстан жұртшылығы журналистер күнін атап өтеді. Жылдағы дәстүрмен «Ақ жол» партиясы да бұл шарадан сырт қалмайды.
Елдегі партияның қатысуымен шешімін тауып жатқан әлеуметтік-экономикалық проблемаларды, қоғамдық-саяси іс-шараларды көрсетуге, насихаттауға қосқан үлесі үшін бүгін бір топ журналистер партия тарапынан марапатқа ие болды. Айтулы шарада партияның төрағасы Азат Перуашев үздік деп танылған 10 журналистке алғыс хат пен ақшалай сыйлық табыстады.
«Құрметті Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері! Сіздерді бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары күнімен құттықтаймын. Тәуелсіз мемлекетіміз идеологияға баса назар аударып отырған бүгінгі кезеңде Бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екені белгілі. Алаш көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов «Баспасөз – халықтың үні, көзі, құлағы» деп бағалаған. Біздің «Ақ жол» партиясы да БАҚ саласымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді. Біздің атқарған азды-көпті еңбегімізді халыққа таныстырып отыратын осы баспасөз құралдарына рахмет айтамыз. Көптеген саяси және «техникалық» кедергілерде біздің сөзімізді халыққа жеткізетін осы сіздерсіздер, қадірлі журналистер қауымы! Біз қашанда қоғамдық-саяси әлемде серіктес ретінде бір-бірімізбен байланысымызды арттыра береміз деп сенемін. Бүгін жыл сайын дәстүрлі атап өтетін мерекеміз күні серіктес БАҚ өкілдерін сый-сияпатымызды ұсынбақпыз. Кәсіптік мерекелеріңіз жемісті де, жеңісті бола беруіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін.» деді өз құттықтау сөзінде Азат Перуашев.
Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары, «Қазақ үні» газеті президенті Қазыбек Иса журналистерді төл мерекесімен құттықтады. Ол сөзінде қазіргі ұлттық партияның рөлін атқарып отырған қазақ баспасөзі ең алдымен ұлттың үні болуы керек деп айтты.
Лайықты марапатқа ие болған 10 журналистің ішінде біздің әріптестеріміз – «Қазақ Үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының орынбасары Нұрлан Әбдібек пен орыс редакциясының редакторы Дастан Елдес те бары біз үшін қуанышты жағдай. Салтанатты рәсімде «Қазақстан-Zaman» халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газетінің Астана тілшілер қосыны бастығының орынбасары Нағашыбай Қабылбек, «Ақжолтай» республикалық ақпараттық-сараптамалық газетінің бас редакторы Рахат Алтай, «Ұлт ақпарат» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Ақберен Елгезек, «Хабар» телеарнасы продюссері Ысқақ Егемберді,  «Время» газетінің тілшісі Лэйла Басарова, «Мегаполис» газетінің тілшісі Анна Выприцких секілді журналисттер сөз сөйлеп, журналистер еңбегін елеп-ескерген “Ақ жол” партиясына өз ризашылықтарын білдірді.
“Қазақ үні” газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталы атынан барлық әріптестерді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, алдағы уақытта да ұлт мүддесі үшін аянбай еңбек етуге шақырамыз!
Марапатталған журналистер тізімі:
1. Нұрлан Әбдібек – «Қазақ Үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығы бас редакторының орынбасары.
2. Дастан Елдес – «Қазақ Үні» республикалық қоғамдық-саяси апталығының орыс редакциясының редакторы.
3. Нағашыбай Қабылбек – «Қазақстан-Zaman» халықаралық қоғамдық-саяси, танымдық газетінің Астана тілшілер қосыны бастығының орынбасары.
4. Анна Выприцких – «Мегаполис» газетінің тілшісі.
5. Лэйла Басарова – «Время» газетінің тілшісі.
6. Рахат Алтай – «Ақжолтай» республикалық ақпараттық-сараптамалық газетінің бас редакторы.
7. Өміржан Әбдіхалықұлы – «Abai.kz» ақпараттық порталының шеф редакторы.
8. Махамбет Ерғали – «GU-GU.KZ» ақпараттық порталының редакторы.
9. Ысқақ Егенберді – «Хабар» телеарнасы продюссері.
10. Ақберен Елгезек – «Ұлт ақпарат» ақпараттық агенттігінің бас редакторы.