Ұлттық банк «Ақ жол» фракциясының айналымнан шыққан банкноттарды кез келген уақытта айырбастау туралы талаптарымен келісті

» Баспасөз релиздері » Ұлттық банк «Ақ жол» фракциясының айналымнан шыққан банкноттарды кез келген уақытта айырбастау туралы талаптарымен келісті

15.03.2021, 16:48

15 наурыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Ұлттық банк «Ақ жол» фракциясының айналымнан шыққан банкноттарды кез келген уақытта айырбастау туралы талаптарымен келісті. Айта кетейік, 17 ақпанда фракция депутаты Айгүл Жұмабаева айналымнан шыққан кез келген теңгені Ұлттық Банктің барлық филиалдарында кез келген уақытта айырбастау қажеттілігі туралы депутаттық сауал жариялаған болатын.

«Ақжолдықтардың» пікірінше, теңге айырбастау мерзімдерін шектеу ауыл халқының заңды құқықтарына қысым жасайды. Ағымдағы жылдың 1 ақпанында 2006 жылғы үлгідегі номиналы 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттарды айырбастау, ал 3 наурызда номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айырбастау мерзімі аяқталды. Айырбастау тек облыс орталықтарында және республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан Ұлттық Банктің филиалдарында ғана жүргізілді.

Көптеген тұрғындардың карантинге және қозғалыс шектеулеріне байланысты банкноттарды уақтылы ауыстыруға мүмкіндігі болмады.

«Осы ретте шалғай ауылдар мен облыс орталықтары арасындағы қашықтықты ескеру қажет. Кейде жол шығыны ауыл тұрғындарының айырбастауы керек ақшасынан да асып кетеді. Нәтижесінде облыс орталықтарынан алыста тұратын ауыл халқының заңды құқықтарына қысым жасалады. Бұл, әсіресе, қаражатты қағаз ақшамен сақтайтын ауыл зейнеткерлеріне ыңғайсыздық тудырады. Ұлттық Банктің меншікті төлем қаражатына деген мұндай қатынасы қарапайым азаматтар тарапынан теңгеге деген сенімге ықпал етеді деп есептейміз», – деп А.Жұмабаева атап өткен болатын.

Ұлттық Банктің ақпараты бойынша, айырбастау мерзімінің аяқталуына байланысты 2006 жылғы үлгідегі көрсетілген номиналдағы банкноттар қабылдауға жатпайды және заңды төлем құралы болып табылмайды.

«Ақ жол» мұндай шешім қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сеніміне нұқсан келтіреді деп есептейді. Қазірге дейін халықта адал еңбекпен жиналған 1993-94, 1996, 2000, 2006 ж.ж. ескі купюралы банкноттар сақталған.

Депутат АҚШ банктерін мысал ретінде келтіріп, шығарылған жылына қарамастан, долларларды, соның ішінде көне банкноттарды да қабылдайтынын атап өтті. Сондай-ақ Германияны, еуро енгізілгеннен кейін 19 жылдан астам уақыт өткен соң, маркалар бундесбанктің барлық филиалдарында айырбастауға шектеусіз қабылданатынын хабарлаған еді.

Е. Досаевтың «Ақ жол» партиясының депутаттық сауалына берген ресми жауабында: «Ұлттық Банк өз филиалдарының 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды және кейінгі жылдарда шығарылған банкноттарды кез келген уақыттаайырбастауды енгізу туралы шешім қабылданды. Ұлттық Банктің актілеріне тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін банкноттарды айырбастау жөніндегі ақпарат Ұлттық Банктің ресми сайтында және бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады», – делінген

Осылайша «Ақ жол» ҚДП мен оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны іске асыру және өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстарын жалғастыруда.