«Жастар қанаты» отбасы күніне орай бейне-челлендж ұйымдастырды

» Аймақ - жаңалықтары » Батыс-Қазақстан облыстық » «Жастар қанаты» отбасы күніне орай бейне-челлендж ұйымдастырды

13.09.2020, 10:31

 «Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облысы жанынан құрылған «Жастар қанаты» 13 қыркүйек отбасы күніне орай видео-челлендж ұйымдастырды.

2013 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер» туралы Жарлыққа өзгеріс енгізіп, қыркүйектің екінші жексенбісін Отбасы күні деп белгіледі. «Отбасы күні» ұлағатты мұраларымызды нығайтып, жұбайлық өмірдің жауапкершілігі мен балаларға, аға буынға ұдайы қамқор болудың маңыздылығын жастардың жадына сіңіреді.

Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни кез келген зиялы қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Қазақ қоғамы үшін қашан да отбасы құндылығы биік. Оны Фариза Оңғарсынованың мына жыр-жолдарынан байқауға болады.

Әке – білек, саусағы – балалары,
Қан тамырмен жалғасқан аралары,
Ана – тамыр бойымен бәріне де,
Тіршіліктің жылуы таралады.

Отанға деген ыстық сезім адамның өз жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігінен басталады. Сол себепті, отбасы Отанның бір бөлшегі ретінде қарастырылады. Отбасы күнін өткізу отбасы мәртебесін көтеруге, маӊызды мәселелерді және қажеттіліктерді түсінуді жақсартуға мүмкіндік береді.