18
Наурыз

18.03.2026

«Ак жол» фракциясы ірі мұнай-газ және тау-металлургиялық компаниялардың есептілігін ашық қылуды талап етеді

ҚР Премьер-Министрі

О.А. Бектеновке

 

Жер қойнауы мемлекеттің стратегиялық ресурсы әрі экономикалық әл-ауқатының негізі болып табылады. Конституцияға сәйкес, жер және оның қойнауы халыққа тиесілі. Бұл қағида 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда халық қолдаған Жаңа Конституцияда да бекітілді.

Осы қағида негізінде мемлекеттің жер қойнауын пайдалану мен одан түсетін қаражатқа барынша ашықтық пен қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету міндеті тікелей туындайды.

Алайда, тау-кен металлургиясы және мұнай-газ салаларында құқықтық тұрғыдан парадоксалды жағдай қалыптасқан: пайдалы қазбаларды өндірумен айналысатын компаниялар ұйымдық-құқықтық нысанына (АҚ немесе ЖШС) байланысты ақпараттық ашықтықтың мүлде әртүрлі режимдерінде жұмыс істейді.

Егер акционерлік қоғамдар өздерінің қаржылық-шаруашылық есептілігін қоғам алдында жариялауға міндетті болса, іс жүзінде еліміздің ең ірі жер қойнауын пайдаланушылары өз қызметін тек құрылтайшылары алдында есеп беретін ЖШС нысанында жүзеге асырады. Ал кейбір ірі жер қойнауын пайдаланушылар мүлдем шетелдік юрисдикцияларда немесе АХҚО-да тіркелген.

Нәтижесінде, қоғам, соның ішінде Парламент олардың халық меншігі болып табылатын жер қойнауын қалай пайдаланып отырғанын объективті бағалау мүмкіндігінен айырылған.

Формалды түрде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 77-бабы барлық жер қойнауын пайдаланушылар үшін белгілі бір ақпаратты, оның ішінде түпкі бенефициарлар туралы мәліметтерді ашуды көздейді. Алайда, бұл талаптар жүйелілігі, нақтылығы және жариялылығы жағынан «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңда жария компанияларға қойылатын талаптардан әлдеқайда төмен.

Яғни, мәселе ұйымдық-құқықтық нысанда емес, ірі жер қойнауын пайдаланушылар үшін бірыңғай ашықтық стандарттарының болмауында болып отыр.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясы ұйымдық нысанына қарамастан, мұнай-газ және тау-кен металлургиясы салаларындағы барлық ірі компаниялар үшін ақпаратты ашудың бірыңғай талаптарын енгізуді орынды деп санайды.

Бұған қажетті заңнамалық база қазірдің өзінде бар. Кәсіпкерлік кодекстің 24-бабында ірі кәсіпкерлік субъектілерінің өлшемшарттары (3 000 000 АЕК-тен жоғары табыс) нақты айқындалған. Дәл осы өлшемшарт ашықтықтың жоғары стандарттарын қолданудың негізі болуы тиіс.

Халықаралық тәжірибе бұл тәсілдің негізділігін растайды. Шикізаттық экономикасы дамыған Норвегия, Канада, Австралия сияқты елдерде ұлттық ресурстармен жұмыс істейтін компаниялар жоғары деңгейдегі ашықтық пен есептілік жағдайында қызмет етеді, бұл саланың базалық стандарты болып табылады.

 

Осыған байланысты «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы келесіні ұсынады:

1) Жер қойнауының халыққа тиесілі екенін бекіткен Конституция нормаларын іске асыру және оны пайдаланудың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету мақсатында тау-кен металлургиясы және мұнай-газ секторларындағы барлық ірі жер қойнауын пайдаланушылар үшін жария есептілік талаптарын енгізу, оларды ақпаратты жария компанияларға арналған бағалы қағаздар нарығы туралы заңнама талаптарынан төмен емес деңгейде ашуға міндеттеу;

2) Болашақта стратегиялық кен орындары бойынша (тізбесін Үкімет бекітеді) жер қойнауын пайдалану құқықтарын алуға үміткер жаңа заңды тұлғалар тек акционерлік қоғам нысанында құрылуы тиіс екенін қарастыру. Бұл тәсіл қазіргі инвесторларға әсер етпейді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада саланың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

Е.Барлыбаев
А.Перуашев
Д.Еспаева
Қ.Иса
С.Ерубаев
О.Нуралдинов