20 қараша 2020 жыл, Партияның құрылтайында бекітілген

1 ақпан 2023 жыл, жаңа редакцияда бекітілген

 

2022 жылдың Қаңтар қасіреті Қазақстанның жаңа саяси дәуіріннің парағын ашты. Өзінің қанды мақсаттарына жету үшін мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғандар, ең басты киеміз - еліміздің Тәуелсіздігін құрбан ете жаздады.

Мемлекет терең реформалар жариялады, саяси дамудың жаңа бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысы реформасының негізгі формуласы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы болды.

Осы бағыттарды бөлісе отырып, оларды жүзеге асыру күрделі екенін білеміз. Бұл ең алдымен, бұған дейінгі кезеңде әкімшілік және экономикалық ресурстарды заңсыз ие болған және төңкеріс әрекетінің артында тұрған күштердің қарсылығымен байланысты.

Еліміз, Президент Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасының жүйелі жалғасының басында ғана тұр. Оның орындалуына сөзбен емес, іспен қолдау көрсету қажет деп санаймыз. Мемлекет басшысы 2022 жылдың 6 маусымдағы референдум нәтижесіне арналған Үндеуінде атап өткендей: «Негізгі заңға енгізілген өзгерістер – бұл... реформаларымыздың басы ғана... Жаңартылған Конституция негізінде біз (билік институттары арасындағы) тежеу ​​мен тепе-теңдік тетіктерін күшейтеміз». 

Біз прагматикалық партия ретінде сыбайлас жемқорлық, байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық, экономика мен саясаттағы монополиядан басталатын ескі олқылықтардың қоғамның барлық салаларын дендеп алғанын көріп отырмыз. Олар өздігінен жойылмайды, бұл еңсеру тұрақты күш-жігерді талап етеді.

Сондықтан «Ақ жол» демократиялық партиясының Саяси бағдарламасы ерекше өзекті. Түбегейлі өзгерістер қажет!


I. ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ «АЛАШ» ҰЛТТЫҚ ИДЕЯСЫ


Тәуелсіздік пен ұлттық мүдде – кез келген мемлекеттің негізгі басым бағыты. XX ғасырдағы «Алаш» республикасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан: «Мемлекеті жоқ халық – жетім халық» деген. Қазақ Республикасының Тәуелсіздігін қамтамасыз ету және ұлттық мүддені қорғау - әр азаматтың қасиетті міндеті. Тәуелсіздік деген – еліміз, жеріміз және оның байлығы, мемлекеттік тіл және қоғам бірлігі. Тәуелсіздік деген – өз жолыңды, өз тағдырыңды таңдау мүмкіндігі, бұл – ұрпақтарымыздың болашағы үшін жауапкершілік.

 

Тәуелсіздік бастауында – қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің негізінде «Алаш» ұлттық идеясы жатыр. Қазақ елі үшін Алаштан артық идея жоқ.

«Ақ жол» демпартиясының депутаттары 2007 жылдан бастап, Тәуелсіз Қазақстанның парламенттік мінбесінен Алаш ұстанымдарын мемлекеттік деңгейде көтеріп келе жатыр.  

 

● Тәуелсіздіктің ең маңызды жетістігі – мемлекетімізде өмір сүретін барша этностардың бір-бірінің ұлттық сезіміне, тілі мен мәдениетіне өзара сыйластықпен қарауы.

● «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілді, оның конституциялық мәртебесіне сай, қолдану аясын кеңейтуді талап етеді. Ол үшін мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет.

● 2020 жылы «Алаш» республикасынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ республикасына 100 жыл толды. 2019  жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы үкіметке бұл тарихи датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді және «Қазақстан» атымен қатар, тоталитарлық кеңес билігінің өзі мойындаған «Қазақ Республикасы» атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы отандық тарихшылар да қолдады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы «Қазақстан» атауымен қатар, тарихи бірегейлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын ресми айналымға қайтаруды жөн деп санайды.    

 

● Қандастырымызды тарихи отанына қайтару, елге оралған бауырларымыз бен қарындастарымызды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз ету және көмек көрсету, олардың Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары ретінде тезірек бейімделіп кету жөніндегі жұмыстарды күшейту керек деп санаймыз.

 

● «Ақ жол» демократиялық партиясы Қазақстан халықтарының дәстүрлі діндерін қолдайды және қоғамның рухани саласын жат секталар мен экстремистік ағымдардың ықпалынан қорғауға ұмтылады. Сонымен қатар, зайырлы мемлекет болуды қалаймыз. «Егер қазақтар өздерінің рухани-діни істерінің өркендеуін қаласа, мешітті мемлекеттен бөліп алу керек», – деп ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан.

 

● Біз «Алаш» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз және олардың мұратын мемлекеттік құрылыста, экономика және қоғамда табандылықпен жылжытатын боламыз.

Ол үшін табиғи байлық пен егемендік қана емес, парламентаризм, адал бәсекелестік, ресурстық ұлтшылдық, жаңғыру, ашық және зайырлы мемлекет сияқты түпкілікті қағидаттарға сүйене отырып өзіміз өзгеру үшін саяси жігер мен өз отбасы мен отанының қамы үшін еңбек етуге ынта керек. «Алаш» қайраткерлерінің «Жеріміздің әрбір түйір тасы қазақтың кеудесіне түйме болып тағылып, әрбір уыс жүні – иығына тоқыма болып киілуге тиіс» деген ұраны әлі де өзекті.


II. ДЕМОКРАТИЯ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТАРИЗМ


2022 жылдың 1 қыркүйегіндегі Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауы:

«Елімізде саяси модернизация аясында парламентаризмді дамыту басты орынды алады».

2022 жылдың 6 маусымындағы Президент Қ.Тоқаевтың референдум қорытындысы бойынша үндеуі: «Негізгі заңға енгізілген өзгерістер – бұл... реформаларымыздың бастамасы ғана... Жаңартылған Конституция негізінде тежемелік және тепе-теңдік тетіктерін күшейтеміз (билік институттары арасында).

«Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет басшысының бұл ұстанымдарын құптайды және өз Бағдарламасының Президент ұстанымымен сәйкестігін атап өтеді. Демократия, яғни мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы және олардың қоғам алдындағы есеп беруі бюрократия мен билікті қарапайым азаматтардан бөлуге қарсы ең тиімді құрал.

Демократия парламентаризмнің негізгі институттары болып табылатын өкілді органдар – парламент және жергілікті мәслихаттар арқылы қоғамдық мүдделерді ілгерілету принципіне негізделген. Демократия дегеніміздің өзі – парламентариз.

 

II.1. «Ақ жол» демократиялық партиясы парламентаризм институттарын күшейтуді және  Парламенттік Республикаға біртіндеп көшуді көздейді.

Қаңтар қасіретін ескере отырып, бүгінгі күні Президент институтын қолдау арқылы қуатты мемлекетті қамтамасыз ету бірінші кезектегі міндет. Біздің территориямызбен және бүгінгі күннің сын-қатерлерімен Республиканың Тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және зайырлы сипатын күшті мемлекет қана қамтамасыз ете алады. Бірақ мұндай жағдайда да парламентаризм принциптерін дамыту қажет: биліктің қоғам алдындағы ашықтығы мен есеп беруі, жергілікті бюджеттер мен өзін-өзі басқаруды нығайту, квазимемлекеттік сектор мен барлық мемлекеттік қаржыға қоғамдық бақылауды қайтару, экономика мен саясаттағы монополияны жою.

Қазіргі кезең билік монополиясынан мемлекеттік мәселелерді шешуде балама пікірлерді ескеретін тежемелік және тепе-теңдік жүйесіне жүйелі түрде өтуге мүмкіндіктер туғызды.

 

Тұтастай алғанда, екінші Президент саяси реформа және әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша дәйекті қадамдарын, оның ішінде Конституциялық реформаны (2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауы), 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын, басқа да сөйлеген сөздері мен мәлімдемелерін қазіргі Қазақстанның проблемалары мен даму перспективаларына жан-жақты көзқарас ретінде біртұтас қарастырған жөн. Қоғамды, мемлекетті және экономиканы «қайта жүктеу» процесі әлі аяқталмай, реформаларды жалғастыруды қажет ететін шешуші кезеңге енді ғана кіргені анық.

Ол референдум өткеннен кейінгі келесі күні, яғни 2022 жылдың 6 маусымында референдумды реформалардың соңы емес, тек БАСТАУЫ ғана деп айтуы кездейсоқ емес.

Біз, бірқатар саяси да, экономикалық мәселелер бойынша да  бұл ұстанымдар «Ақ жол» демократиялық партиясының ұсыныстарына жақын екенін көреміз.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Конституциялық реформаны одан әрі дамыту және тереңдету бойынша өз ұсыныстарын дайындады, мұны әзірлеудің мақсаты – реформалардың белгіленген қарқынын сақтау, қоғамның үмітін растау және мемлекеттік аппараттың консервативті бөлігі мен «Ескі Қазақстанның» ықпал ету топтары тарапынан либералды бастамаларына саботаж жасауына жол бермеу.

Ұсыныстар пакетін «Ақ жол» демпартиясының фракциясы 2022 жылғы 22 шілдеде Үкіметке, содан кейін 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жұмыс тобына, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын (конституциялық реформа) іске асыру жөніндегі заң жобасын талқылау барысында ресми түрде жолдады.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы бұл ұсыныстардың жүзеге асырылуын жалғастырады.

Ұсынылып отырған пакеттің негізгі элементтері:

1) Биліктің атқарушы және өкілді тармақтары арасындағы тежеу ​​мен тепе-теңдіктің нақты тетігін қалыптастыру, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктерін тиісті деңгейге дейін арттыру;

2) Саясатты монополиясыздандыру, парламенттік партиялардың адал бәсекелестігіне жағдай жасау;

3) Мемлекет өмірінің экономикалық негізі ретіндегі мемлекеттік бюджеттің ашықтығы мен толықтығын қамтамасыз ету;

4) Сайлауға және мемлекетке деген халық сенімін арттыру мақсатында сайлау заңнамасын реформалау. 

● Бірінші: Қазақстанға Ұлттық Сенім Үкіметі керек.

Қолданыстағы Конституцияға сәйкес Президент биліктің барлық тармақтарының өзара үйлесіп жұмыс істеуінің кепілі болып табылады. Бұл, Президент – Парламентпен де, Үкіметпен де тең қарым-қатыныста болуы керек деген сөз.

Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкіметтің құрамын Мемлекет басшысы емес, парламенттік сайлауда жеңіске жеткен партия құруы керек деп санайды, партия қоғам алдында өзі құрған үкіметінің жетістіктері мен сәтсіздіктері үшін жауап беретін болады. Бұл дамыған демократиялар тәжірибесі. 

Осы орайда Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын да ескерген жөн, онда: «Болашақта Үкіметке тек көпшілік дауысқа ие болған саяси күштердің өкілдері ғана емес, басқа парламенттік партиялардың өкілдері де кіре алады» делінген. Яғни, мәселе Үкімет парламенттік партиялардың тікелей қатысуымен жасақталуы керектігінде.

Парламенттік партиялардың Үкімет құрамына қатысуы туралы Мемлекет басшысы бастамасының қисынды жалғасы Үкіметті құру принципін парламенттік көпшілік партиясының қарауына енгізу болуы керек. Президент Үкіметтің ұсынылған құрамын мақұлдауы немесе қабылдамауы мүмкін, бірақ бұл жерде басты мәселе – кандидаттарды іріктеудегі жеңіске жеткен партияның рөлі.

Сонымен бірге, Президенттің бүкіл Қазақстан халқының өкілі ретінде Үкіметтің кез келген мүшесін немесе тұтастай алғанда бүкіл Министрлер Кабинетінің мүшелерін жауапкершілікке тартуға немесе қызметінен босатуға әрқашан құқығы бар.

Президенттің өзі премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің кандидатураларын ұсынып, оларды өзі тағайындайтын (Парламентпен ресми «кеңестерден» кейін) осы уақытқа дейін сақталып келе жатқан суперпрезиденттік үлгінің элементі авторитаризм нышаны ретінде өткен шаққа айналуы керек. 


Осылайша, Үкімет жұмысына жауапкершілік белгілі бір партияға (парламенттік көпшілікке) жүктелер еді; бұл жұмыс барлық демократиялық жүйелердегідей келесі парламенттік сайлаудың нәтижелеріне де әсер етеді.

 

● Екінші: Қоғам Президенттің саяси партияға мүше болуына тыйым салуды бүкіл Қазақстан халқына қызмет ету талабы; Мемлекет басшысының әрбір азаматтың, оның ішінде өзіне және оның партиясына қарсы дауыс берген азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау міндеті ретінде қабылдады. Бұл жаңа саяси мәдениет, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейі.

Президентке және басқа да саяси қызметтерге әділ және либералды талаптар қоя отырып, облыстар мен қалалар деңгейінде әкімдерге де осындай тәсілдерді (мемлекеттік міндеттерді атқару кезеңінде партияға мүше болуға тыйым салуды енгізу) қолдану қажет деп санаймыз, себебі, олардың қолында айтарлықтай билік  шоғырланып, сайлауға ықпал ету мүмкіндіктері бар. Мәселе әкімдердің партия филиалдарын басқаруына тыйым салуда ғана емес. «Ақ жол» демократиялық партиясы облыстар мен қалалар әкімдерінің өкілеттіктерін атқару мерзімінде партия қатарынан кетуін талап етеді; сондай-ақ олардың бұл лауазымда болу мерзімі президенттіктен аз – мысалы, 5 жылға дейін болуы керек.

Өйткені, «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңы бойынша әкімдер президенттің өңірлердегі өкілдері болып табылады. Осыдан құқықтық кереғарлық туындайды: өзіне партияға мүше болуға тыйым салынған адамның өкілдері қалай партия мүшесі бола алады? Сонда әкімдер Президенттен жоғары ма?

Әкімдер де Мемлекет басшысы сияқты өздерінің жақындарына не көзқарасы бір қауымға ғана емес, өз аймағының/қаласының барлық азаматтарына тең қызмет етуі керек деп есептейміз. Әкімдердің партиялардан толықтай тысқары болуы туралы ұсынысымыз негізделген әрі конституциялық реформаның рухына сай деп есептейміз.

 

● Парламент пен мәслихаттардың бақылау функцияларын кеңейтіп, биліктің жоғары эшелонындағы сыбайлас жемқорлық фактілеріне, адамдардың қаза болуына, азаматтық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына және қоғамдық резонанс тудырған оқиғаларға парламенттік тергеу жүргізу құқығын беру қажет.

Парламенттік бақылаудың депутаттық сауалдар түріндегі қазіргі үлгісі іс жүзінде мемлекеттік органдармен хат алмасудан, көбінесе соңғылардың шенеуніктер үшін ешқандай салдары болмайтын анықталмаған мәліметтер беруінен аспайды.

Дамыған демократиялық жүйелерде парламенттік тергеу құқық қорғау органдарының қызметін алмастырмайды, керісінше оны Парламент атынан олар жүзеге асырады; бірақ оның ерекшелігі тек құқықтық ғана емес, сонымен қатар зерттеліп жатқан фактілерге қоғамдық саяси баға беру болып табылады.

Мәжіліске парламенттік бақылаудың мұндай түрін беру мемлекет пен қоғам мүдделерін қорғауды заңдарды қабылдау барысында ғана емес, олардың жүзеге асуын бақылау барысында да мүмкін етер еді.

 

● Үшінші: Парламенттің мемлекеттік бюджетті бекіту мен бақылаудағы өкілеттілігін күшейту қажет. Кез-келген мәселені шешудегі мемлекеттің мүмкіндіктерін бюджет анықтайды. Бірақ елдегі мемлекет қаржысының қомақты бөлігі бюджеттен тыс және қоғамнан жасырын жұмсалады. Дәл осы жерде жүйелі заң бұзушылықтар орын алып, жемқорлық өршіп тұр. Сондықтан барлық мемлекеттік қаржыны парламент бақылауына қайтару – ең маңызды міндет.

Соңғы 15 жылда Парламент Үкіметтің жұмысына тек бюджетті игеруіне қарап баға беріп келеді. Алайда, бюджет дегеніміз қаржылық құжат. Ал, қоғамға тек қаржылық емес, Үкіметтің қандай мәселелерге күш салып жатқанын, алдына қандай нақты міндеттер қойып отырғанын (бюджетті игеруден бөлек) анық көрсететін саяси құжат қажет.

 2007 жылға дейін «Үкімет туралы» заңның 7-бабында жаңадан тағайындалған Үкімет бір ай ішінде Парламентте министрлер кабинетінің нақты әлеуметтік-экономикалық мақсаты мен міндеттері бекітілген жұмыс бағдарламасын қорғау міндеті көзделген болатын.

2007 жылы (Мәжіліс тараған кезде) бұл норманы Сенат арқылы тым-тырыс алып тастады, содан бері Парламент Үкімет жұмысына тек бюджеттің игерілу пайызы бойынша баға беріп келеді.

Бұл норманы қалпына келтіру қажет деп санаймыз, ол арқылы Парламент Үкіметке қаржылық есеп беруді ғана емес, мемлекетті дамыту міндеттерін орындау үшін Президент пен қоғам алдындағы саяси жауапкершілікті жүктейді. Осылайша, Үкіметтің есеп беру принципі жүзеге асырылатын болады.

 

● Мемлекеттік бюджеттен тыс жұмсалатын қаржыға парламенттік бақылау жүргізуді қайтару жөнінде. Мәселе, мемлекеттік холдингтердің, ұлттық компаниялардың және мемлекеттік кәсіпорындардың бюджеттері туралы. Олардың көпшілігі өздерінің шамадан тыс тәбетімен мемлекет қазынасын тонап, мемлекет есебінен заңсыз және бақылаусыз баюдың көзіне айналды. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық схемалары жүйелі түрде пайда болады, квазимемлекеттік сектор сыртқы қарыздың үлкен үлесін құрайды, орасан зор шығындармен қоса, менеджерлер өздеріне бірнеше миллион долларлық бонустар жазып береді және т.б. Сондықтан ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының, министрліктер мен әкімдіктерге қарасты әр түрлі РМК мен ЖШС-лардың бюджеттері барынша ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге енгізіліп, олардың басшылары шығындар мен жетістіктер туралы қоғам алдында есеп беруі қажет.

● Ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік кәсіпорындардың барлық таза кірісі бюджетке түсуі керек. Егер 5-10 жылдан кейін қандай болмасын мұндай компания бюджеттен ақша сұрайтын болса –ол мемлекеттік ресурстарды пайдаланып, мемлекетке емес, яғни, өз қалтасына жұмыс істейді.  Ондай компанияларды таратып, оның орнын жеке бизнеске беріп, олар өз қаражатын салады әрі бюджетке салық төлейтін болады.

● Сонымен қатар, азаматтар мен бизнес төлейтін түрлі міндетті «мүшелік», «жинақтаушы», «сақтандыру» және тағы басқа төлемақылар қосымша салыққа айналған. Медициналық-әлеуметтік сақтандыру қорының қаражатын жеке мақсатсыз пайдалануды, БЖЗҚ-дағы кезеңді келеңсіздіктерді ескеретін болсақ, онда бұл қаражатты басқару, олардың шығыстары мен сыйақылары да Парламентте ашық талқылаудан, бақылаудан өтуі керек.

● Мемлекеттік бюджет – талап етуден ұялатын сала емес. Демократиялық елдерде парламенттік бюджетті қадағалау комитеттерін дәстүрлі түрде оппозиция өкілдері басқарады. Логика қарапайым: билеуші ​​партия бюджетті басқарады, бірақ қарсыластардың назарына түседі, бұл бюджеттің ашықтығын қамтамасыз етеді.

8 жыл бюрократтардың қарсылығынан кейін, 2020 жылы Президенттің тапсырмасы мен Мәжіліс пен Сенаттағы барша әріптестердің қолдауының арқасында «Ақ жол» демократиялық партиясы «Парламенттік оппозиция туралы» заңды қабылдатуға мүмкіндік алды. Осылайша, біздің депутаттар үшін микрофондар өшіріліп, біздің заңдарға енгізілген түзетулеріміз үкімет тарапынан «цензураға» ұшыраған кезіндегі тәжірибе тоқтатылды. Енді  монополияның орнына нақты тежемелік және тепе-теңдік жүйесін қалыптастыру үшін Парламенттегі оппозициялық депутаттарды осындай өкілеттіктермен қанықтыру қажет.

 

● Мемлекет тек естіп қана қоймай, шешуші күшке ие болуы керек. Мәселелерді көтеру және өтініштерді қабылдау жеткіліксіз, қоғам күткен практикалық қадамдарға қол жеткізу әлдеқайда маңызды.

 Сонымен бірге, Үкіметтің қарсылығына қарамастан, Парламенттің сайлаушылар мұқтажына керек қаражатты бюджеттен бөлу құқығы болуы өте маңызды.

Бүгінде заңға сәйкес депутаттардың бюджеттік ұсыныстары Үкіметтің келісімінсіз қаралмайды да. Ал, сайлаушылар сенімін министрлерге емес, Парламентке артады ғой.

Бюджетті басқару мәселесі үкімет пен парламент арасындағы тепе-теңдіктің орталық буыны болып табылады. Нарықтық экономикада бірде-бір мәселе қаржыландырусыз шешілмейді, сондықтан шын мәнінде аты аталғандар емес, бюджетті басқаратындар ықпалды болады.

Бұл ретте «Парламент және депутаттардың мәртебесі туралы» Заңның 15-бабына және Үкімет Регламентінің 100-бабына сәйкес бюджет шығыстарына қатысты бірде-бір заң жобасы немесе депутаттардың бастамасы Үкімет келісімінсіз (оң қортынды) қабылданбайды. Сондықтан депутаттардың барлық тұжырымдамалық ұсыныстары Үкіметтің қорытындысына жолданады. Ал Үкіметтің жауабы теріс болса, Парламенттің басқа шешім қабылдауға құқығы жоқ. Бұл жағдайда кім «ықпалды» және кім «есеп беруші»?

Тағы бір мысал: Бюджеттен басқа, Бюджет кодексінің 19-бабында «республикалық және жергілікті бюджеттерді әзірлеу кезінде жоспарланбаған шығындарды қаржыландыру үшін» Үкімет пен әкімдердің резервтері қарастырылған, яғни Парламент және мәслихаттардағы талқылаусыз пайдаланылады.

Парламенттің де, мәслихаттардың да өз шешімімен пайдаланатын бюджет резервтері жоқ; халықпен тікелей жұмыс істеп, сайлаушылар аманатын алатын солар болса да; Күнделікті режимде азаматтар өздерінің проблемалары мен мәселелерімен соларға жүгінеді, бұл биліктің өкілді тармағының мәні мен рөлі. Бірақ депутаттар сайлаушылардың аманаттарына қатысты шешімдерді, тіпті кең қоғамдық мүддеге қатысты болса да, Үкіметтің келісімінсіз қабылдауға құқығы жоқ.

Бұл ретте Үкіметтің резерві Президент резервінен де үлкен және бүгінгі күні ол жылдық бюджет шығыстарының 3,6 пайызын құрайды, ал Президент пен әкімдіктердің әрқайсысында 2 пайыздан, Парламент пен мәслихаттарда 0-ден.

Яғни, қазіргі жүйеде үкімет (және әкімдер) шынымен де ықпалды; ал Парламент пен мәслихаттар олардың алдында бастамашылық мәселелер бойынша есеп береді.

 

Осыған орай, Қ.Тоқаевтың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сәйкес, біз мыналарды ұсынамыз:

- Президент резервіне шығыс бөлігінің 3 пайызын бөлу арқылы бюджеттік резервтер жүйесін қайта қарау;

- Үкіметке – 2%;

- Мәжіліске – 2%, сайлаушылардың қоғамдық маңызы бар, Үкіметтен қолдау таппаған аманаттарын қаржыландыру үшін. Мұндай жағдайларда Мәжіліске сайлаушылардың аманаттарын қаржыландыру мәселелері бойынша дербес негізде шешім қабылдау құқығын берген жөн; бірақ олардың орындалуы Бюджет кодексіне және рәсімдерге сәйкес Үкіметке берілуі тиіс;

- Жергілікті атқарушы және өкілді органдарға (әкімдіктер мен мәслихаттар) – бюджет шығыстарының 1%.

 

Егер парламент сайлаушылардың аманаттарын тікелей қаржыландыру құзіретіне ие болса, онда қазіргі кезде ушығып тұрған көп балалы отбасылардың түйткілді мәселесі, баспананың жоқтығы, әділдікке сенбеу және жастардың үмітсіздік сезімі, Арыс пен Тараздағы оқ-дәрі қоймаларының жарылыстары сияқты, қатты аяздағы Екібастұз, Риддер және Рудный ЖЭО-ның апаттары және басқа да көптеген тосын оқиғалар орын алмас еді.

 «Ақ жол» Демократиялық партиясы сайлаушылардың қоғамдық маңызы бар өтінімдерін парламенттік қаржыландыруға (бюджеттік рәсімдер арқылы) бюджет шығыстарының шағын, бірақ нақты үлесін белгілеуді ұсынады. Мемлекеттік компанияларға миллиондаған сыйақы төлеуден гөрі темір жол өткелінің үстінен жаяу жүргіншілер көпірін салу немесе көшеге асфальт төсеу маңызды.

Жоғарыда аталған қадамдар (Мәжілістің бюджеттік резервін енгізу, парламенттік партиялардың Үкіметті жасақтауы және Президенттің қарауына ұсыну; Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын Парламентте бекіту) Парламент пен Үкімет арасындағы қарым-қатынасты дамытудың жаңа дәуірі болып, биліктің өкілді және атқарушы тармақтары арасындағы тежеу мен тепе-теңдіктің нақты механизмін қалыптастыруды қамтамасыз етер еді.

Шын мәнінде мәселе суперпрезиденттік модельден заманауи, тепе-теңдігін сақтаған, шынайы демократиялық президенттік-парламенттік жүйеге көшудің аяқталуы туралы.

 

Макроэкономикадан бастап кіреберістегі жанып кеткен шамға дейін елдегі барлық мәселе үшін қамқорлық пен жауапкершілікті бір адамға жүктеп қоюға болмайды. Бұл тәсіл – сот шешімдерін де, кәсіпорындар дауларын да, адамдардың тағдырын да жалғыз президент айқындайтын авторитарлық жүйенің сарқыншағы.

Бұл дұрыс емес және қауіпті, өйткені тіпті ең көрнекті тұлғаның өзі физикалық тұрғыдан барлық жағдайлардың егжей-тегжейлерін біліп, әрқашан дәл шешім қабылдай алмайды. Тым көп мән-жайлар мұндай қарастырудың шеңберінен тыс қалады, тым көп қате есептеулер мен тіпті тікелей қызметін асыра пайдаланулар назардан тыс қалып жатады. Оның ішінде көбінесе сәтсіздіктерге жауаптылар басшылыққа жағдайдың өз нұсқасын хабарлайды.

Тежемелік және тепе-теңдік принципі бойынша теңгерілген қалыпты жүйелерде атқарушы биліктің (үкімет пен әкімдердің) жұмысын бақылауды өкілді билік (парламент және мәслихаттар) жүзеге асыруы тиіс. Бірақ бұл үшін өкілді билік тиісті өкілеттіктерге ие болуы керек, оның ішінде үкімет құрамын қалыптастыру (және президентке бекітуге ұсыну), қоғам мүддесі үшін бюджетті басқару, барлық мемлекеттік қорларды, соның ішінде мемлекеттік холдингтерді, ұлттық компаниялар, Ұлттық қор, сыртқы қарызды толық бақылау; «Ақ жол» демократиялық партиясы жылдан жылға талап етіп отырған парламенттік тергеу құқығы және т.б. болуы қажет.

Осындай бөлінген (билік тармақтары бойынша) және өзін-өзі өндіретін басқаруы бар мемлекетте министрлерге берілген кезекті сөгіске қуанудың қажеті болмайды, қоғамның өкілетті органдары арқылы билікпен өзара әрекеттесуі шенеуніктердің олқылықтарын дер кезінде анықтап, оларды уақытынды жоюға мүмкіндік береді. Ал бюрократтар мен парақорлар сәтсіздікке кабинеттерінде үнсіз отырып емес, бүкіл халықтың алдында жауап береді. Демократиялық мемлекеттерде немқұрайлы министрлердің басшылықтан алып тастағаннан гөрі өздері жиі отставкаға кетуі кездейсоқтық емес. Өйткені халық алдындағы жауапкершілік кез келген билікке қарағанда салмақты әрі қатал.

 

II.2. Кез-келген мемлекетте әділ сайлау басты мәселе әрі демократия айнасы болып табылады. Қазақстанның сайлау жүйесі азаматтар құқығының кепіліне және бұрмалаушылықтан қорғауға мұқтаж. Мысалы, 2016 жылғы мәслихат сайлауында «Ақ жол» партиясының жүзге тарта мүшесі түрлі сылтаулармен шеттетілді. Мықты кандидаттар сайлаудан шеттетіліп жататын жағдайларды болдырмау керек.

● Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі барлық рәсімдердің бейнемониторингін енгізу ұсынылады (бюллетеньдер беруден бастап, бюллетеньдерді жәшіктерге түсіруге, жәшіктерді ашуға және дауыстарды санауға дейін).

Бейнемониторинг онлайн режимінде, әр учаскедегі бірнеше нүктеден (бюллетеньдер беру аймағы, дауыс беруге арналған жәшіктер, дауыс беруге арналған кабиналарға кіру, байқаушылар аймағы, бюллетеньдерді санауға арналған үстел) Орталық сайлау комиссиясының сайтында тікелей трансляция, немесе интернетте ашық трансляция жүргізілуі тиіс.

Мұндай шешім сайлау заңнамасының айқын бұзушылықтарын, саяси бәсекелестік шиеленіскен сайын сөзсіз туындайтын заңсыз әрекеттер мен жанжалды жағдайларды тіркеуге мүмкіндік береді.

Бейнебақылау камераларын бет әлпетін автоматты тану жүйесімен жабдықтау, әртүрлі сайлау учаскелерінде бірнеше рет дауыс беретін сол адамдарды яғни «карусельді» анықтауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, сайлау туралы Заңға сәйкес, дауыстарды санау кезінде бақылаушыларға әр бюллетень сайлаушының белгісін нақты ажыратуға мүмкіндік беретін қашықтықтан көрсетілуі керек. Бейнемониторинг жағдайында әрбір саналатын бюллетеньнің бейнебақылау камерасына ұқсас демонстрация, анық көрінетін дауыс беру белгісімен, қажет болған жағдайда, дауыстарды қайта санауға мүмкіндік береді. Бұл шара қоғамның сайлау жүйесіне деген сенімі үшін өте маңызды, өйткені бюллетеньдердің өзі кейіннен жойылып, бейнебақылау жазбалары ОСК бірыңғай серверінде сақталуы мүмкін.

Бейнемониторингті енгізу бақылаушылардың мәртебесі мен аккредитациясы туралы барлық пікірталастарды жояды, өйткені бүкіл ел бақылаушыларға айналады. Қазірдің өзінде мұндай мүмкіндік сайлауға деген сенімді күрт арттырады және көптеген, бұрын пассивті азаматтарды дауыс беруге тартуға жақсы ынталандыру болады.

Бүгінгі таңда дауыс беру барысының бейнемониторингі көптеген елдерде, соның ішінде Ресейде белсенді түрде енгізілуде. Мысалы, Қырғызстан бұл жүйені 10 жыл бұрын енгізген.

Отандық цифрландыру деңгейімен Қазақстан үшін бұл жаңалық проблема тудырмайды.

 

● Сайлау процесіне цифрландыруды енгізу шеңберінде, келесілер ұсынылады:

а) Сайлау учаскелерін электрондық үкімет порталына қосылған сайлаушылардың жеке куәліктерінің штрих-кодтарын оқу үшін сканерлермен жабдықтау. Бұл шара сайлаушыны анықтап қана қоймай, e-gov жүйесі арқылы қайта дауыс беру мүмкіндігін жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

б) Заңда көзделген сайлаушылардың қолдарын жинау қажет болған кезде (кандидаттардың өзін-өзі ұсынуы кезінде және т.б.) ЭЦҚ-мен куәландыра отырып, аумақтық сайлау комиссияларының интернет-платформаларында жазбаша да, электрондық түрде де қол жинауға рұқсат етілсін.

в) Электрондық дауыс беруді енгізу туралы мәселені қарау. Халықтың белсенді бөлігінің (жастар, кәсіпкерлер және т.б.) жоғары ұтқырлығына байланысты көптеген сайлаушылар дауыс беру күні кезекте тұрғысы келмейді және таңдау құқығын іске асырмайды.

Смартфон арқылы немесе дербес компьютерден дауыс беру мүмкіндігі халықтың осы топтарының сайлау белсенділігін едәуір арттырар еді. Сонымен қатар, мұндай арналарды жеке сәйкестендіру және қорғау мәселелері бар, бұл маңызды техникалық шешімдерді қажет етеді.

г) Партиялар мен кандидаттардың сайлау штабтары жұмысының жеделдігі, сондай-ақ оларға дауыстарды дербес санауды жүргізуге мүмкіндік беру үшін Орталық сайлау комиссиясының ресми сайтында нәтижелерді шығару аяқталғаннан кейін 12 сағаттан кешіктірмей барлық учаскелік сайлау комиссиялары хаттамаларының сканерлерін (көшірмелерін) жариялау ұсынылады. Учаскелік сайлау комиссияларының жарияланған хаттамалары өзгерту енгізу мен сайттан өшіру құқығынсыз, тұрақты негізде ашық қолжетімділікте болуы керек.

Бюллетендері бар жәшіктерді сайлау учаскесінен дауыстарды ресми санаған ға және хаттамаларды ресімдеген ге дейін шығаруға тыйым салуды қажет деп санаймыз.

Бұл талаптарды бұзғанда қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек.

 

● Иә, мұндай шешімдер берекесіз нәтижелерге соқтырады. Бірақ оның мәні сайлауды шенеуніктер басқармауы керек, олардың нәтижесі сайлаушылардың еркіне ғана байланысты болуы тиіс, бұл – «Ақ жол» демократиялық партиясының ұстанымы.

Әрине, мұндай әрекет популизм сияқты тәуекелдерді туғызады. Бұл адамдардың мемлекетіне деген сенімін жоғалтқанын гөрі әлдеқайда жақсырақ.

                Бізге ашық пікірталастар алаңында мемлекеттік мүдделерді дәлелдеп, қарсы тұруға үйренетін уақыт келді. Суы жоқ бассейнде жүзуді үйренуге болмайтын сияқты, адамдардың да саяси мәдениетін қалыптастыру мүмкін емес.

 

II.3. Тәуелсіз әрі әділетті сот құру – демократиялық процесс пен билік салаларын бөлудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Осыдан ғасыр бұрын «Алаш» қайраткерлері:«Би әділ болмай, жұрт оңбақ емес. Әділ би құдайдан басқа адамнан қорықпаса болады…әділ билік ресімге, заңға сүйенсе орнына келеді», – деп санаған.

Судьяның адалдығы мен беделіне кепілдік берілуі керек, қылмыс «серкелермен», қылмыстық немесе сыбайлас жемқорлыққа қатысты сотталған адаммен кез-келген байланысы болған судья немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері дереу лауазымынан босатылуы керек.

 «Ақ жол» демпартиясы азаматтардың кінәсіздік презумпциясы принципін сөз емес іс жүзінде іске асырумен қатар сот жүйесін түбегейлі реформалап, адвокаттардың құзіретін күшейту, сот процессіне шынайы сайыскерлік енгізу қажет деп есептейді.

Кейде азаматтар мен жеке кәсіпкерлердің мемлекеттік орган не квазимекемелермен арадағы дауларда соттар заңның емес, «бюджеттің мүддесіне» сай шешім шығарады. Бұл теріс тәжірибе тоқтатылуы керек: шындық жалқы болады.

 

● Біздің таңдауымыз, «Ақ жол» демократиялық партиясының таңдауы – бұл еуропалық даму жолы, мемлекет пен қоғам қатынастарындағы еуропалық тәсілдер, еуропалық өмір сапасының стандарттары. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай, біз болашақты «саналы түрде батыс өркениетін орнықтыру» арқылы көреміз.

Бұдан басқа «Ақ жол» демократиялық партиясы келешекте еуропалық тәсілдерді енгізуді ғана емес, сондай-ақ, ұзақмерзімді перспектива ретінде Қазақстанның Еуропалық одаққа кіруі туралы мәселені көтеруді де  қарастырады. 


III. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖӘНЕ ДЕ-ОФШОРИЗАЦИЯ


Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және офшорға шығарылған миллиардттарды елге қайтару – «Ақ жол» демократиялық партиясының приоритетінің бірі.

Тек депутаттық сауалдар деңгейінде бұл мәселені біз оннан астам рет көтердік. «Ақ жол» ҚДП фракциясы сауалдарында Қазақстан капиталының Кипрден (2013 жылы), Швейцариядан (2015 жылы) қайтарылуының нақты мәселелерін, «Панама тізімі» (2016 жылы) және «Жұмақ досьеге» (2017 ж.) қатысты жағдайларды жүйелі түрде көтерді.

 «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары еліміздің мемлекеттік органдармен ғана емес, сондай-ақ Брюссель, Цюрих, Пекин, Рига, Лондон, Сингапур және тағы басқа Еуропарламенті елдерінің мүшелерімен және өзге де елдердегі әріптестермен өткен кездесулерде ел игілігін  оффшордан қайтару тақырыбын талқылады.

 

Егер бұрын адал емес шенеуніктер кірістерін жасырып, түсініксіз әрекет қылуға тырысса, енді олардың жақын туыстары, керісінше, қайдан түскені белгісіз байлықты халықтан ұялмай көрсетеді.

Кәсіпкерлердің басым көпшілігі жемқор орта шенеуніктер сияқты мысалы, сәнді автомобильдер мен африкалық қара ағаштан жасалған жиһаздар алу сынды әдеттен тыс шығындарға қол жеткізе алмайды.    

Халықаралық сарапшылардың бағалаулары бойынша, тәуелсіздік жылдары заңсыз 160 миллиард АҚШ долларынан астам қаражат елден сыртқа шығарылды. Бұл сома Қазақстанның сыртқы қарызының сомасымен пара-пар.

Ал біреулер жұмыс таба алмай жүргенде, осыншама қаражат айналымнан шығарылып, мақсатына сай жұмсалмайды.

Егер жан басына шаққандағы ЖІӨ деңгейі бойынша Қазақстан баяғыда Шығыс Еуропа елдеріне жақындады, ал Қазақстан халқының өмір сүру деңгейі еуропалықтардан едәуір төмен. Себебі қазақстандықтардың жылдық ЖІӨ ұрланып, оффшорға шығарылды. Міне, әрбір қазақстандықтың табысы да, өмір сүру деңгейі де оффшорға кетті.  Оларды басқа  біреулер  пайдаланып отыр.

Мемлекет сыбайлас жемқорлыққа қарсы қатаң күрес жүргізіп келеді. Оның ішінде қоғам мүшелері мен біздің партияның талаптарын да жоққа шығаруға болмайды. ҚР Заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізіліп, қаржылық ашықтықты қамтамасыз ету және заңсыз жолмен алынған ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі Федералдық Қаржы мониторингі қызметінің (FATF) қағидаттары енгізілуде. Олар жыл сайын ірі компаниялардың мемлекеттік сатып алулар кезінде бопсалаушыларды тұзаққа түсіріп, жоғары лауазымды шенеуніктерді қамауда. Қашып кеткен жемқорлар мен олардың ұрлаған қаражатын қайтару жөніндегі жұмыстарды жүргізуде.

Мемлекеттік органдардың жұмысы, оның ішінде мемлекеттік бюджеттің жұмсалуы бұрынғыдай жабық ақпарат күйінде қала беретін болса, азаматтардың мемлекетке деген сенімі бұрынғыдан да төмендей береді, онда бұл күрес ешқашан толық тиімді болмайды және нәтижесін бермейді.

                Саакашвили кезеңіндегі Грузия тәжірибесі көрсетіп отырғандай, сыбайлас жемқорлыққа қарсыбасты құралшенеуніктердің халық алдындағы есептілігі.

 

● Түзету мекемелері жүйесінде жазасын өтеп жатқан жемқор шенеуніктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға заңнамалық түрде тыйым салу қажет деп санаймыз. Бұл ұсынысты 2019 жылдан бері «ақжолдық» депутаттар бірнеше рет ұсынған болатын, 2020 жылы мұндай норма ҚР Қылмыстық кодексінде тек ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарға қатысты ғана қабылданған болатын. Бұл жеткіліксіз деп есептейміз және барлық жемқор шенеуніктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды талап етеміз.

● Сонымен қатар, біз тіпті жазасын өтегеннен кейін де сыбайлас жемқорлардың емін-еркін жүруі, шетелге шығуы мен меншікті басқару құқықтарын шектеуді ұсынамыз. Атап айтқанда, 10 жылға шетелге шығуға тыйым салу. Бұл шара олардың жасырған ақшасына қашып кетпей, капиталды Қазақстанға қайтару үшін қажет. Ондай жемқорлар өз еліне инвестиция салып, отаны үшін лайықты қызмет етсін.

● Сотталған жемқорларға республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында тұруға тыйым салатын жазаның түрін енгізу керек. Шағын қалаларға, аудан орталықтарына, ауылдарға және барып, онда халыққа лайықты үйлер салсын, жергілікті бизнеске қаражат құйсын және өмір сүру сапасын жақсартуға атсалыссын. Олардын жинаған қорларымен қаражат басқару тәжірбиесі де бар. Сол капиталдар мен  білімдерін өңірлердің дамуына жұмсасын.

● Ашық емес шарттарда шетелде тауарлар мен жабдықтарды сатып алу түрінде мемлекеттік қаражатты ұрлау мен шығарудың жолын кесу, мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алулары бойынша келісімшарттарды орындаушыларға шетелдік оффшорлық юрисдикцияларда тіркелген кәсіпорындармен мәмілелер жасауға тыйым салынсын.

● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудың маңызды құралы биліктің жариялылығы мен оның қоғам алдындағы есептілігі болып табылады. Баспасөздің аузын жабуға болмайды, «Ақ жол» демократиялық партиясы әшкерелеуші жарияланымдар үшін журналистерді қудалауға жол бермей, оларды қорғау жолында қызмет етеді. Біз журналистің мақаласы үшін жала жабу туралы қылмыстық іс қозғауды алып тастап қана қоймай, оны әкімшілік кодекстен шығарып, азаматтық құқықтық қатынастар саласына көшіру қажет деп санаймыз.

● Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тағы бір басымды бағыты – шенеуніктердің оффшорлық аймақтардан халықтан алынған миллиардттаған қаражатты ел игілігіне қайтару болып табылады.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары бірнеше рет ресми түрде жемқорлық жолмен Еуропа елдеріне шығарылған қаражатты елімізге қайтару жөнінде Еуропарламентпен бірлескен топ құруды ұсынды.

Бұл жұмысты жүзеге асыруды соңына дейін жеткізіп, отандық жемқорлардың басқа елдердегі капиталын әшкерелеу мақсатында ұрланған қаржы жасырылған мемлекеттермен екі жақты топтарды құруға қол жеткізу керек деп санаймыз. Жемқорлардың «ішкенін ірің, жегенін желім» қылып, кірерге тесік таба алмайтын жағдайға тап қылдырған абзал.

● «Ақ жол» демократиялық партиясы Үкімет мүшелерінің, әкімдердің, басқа да мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындардың басшыларының оффшорлардағы банктік шоттарына қатысты банк құпиясының жойылуын талап ету жұмыстарын жалғастырады.

 

● Халықаралық тәжірибеге сәйкес біз заңнамаға сыбайлас жемқорлықтың маңызды белгілерінің бірі ретінде «шығу тегі түсініксіз байлық» ұғымын енгізуді ұсынамыз.

Оффшорлық аймақтарда мүлкі мен қаржысы бар шенеуніктерді  байлығының қайдан келгенін түсіндіріп, дәлелдеуге міндеттеу керек. Дәйектері болмаған жағдайда Қазақстан бұл ақшаны тәркілеуге тиіс, әйтпесе «түсініксіз байлық» ұғымы қолданыла бастаған кейбір елдердегідей ол қаржыны өзге мемлекеттер тартып алады.

Осы ұсыныстардың барлығын «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары өткен жылдары Үкімет пен Бас прокурорға бірнеше рет жолдады, бірақ олардан бас тартқан, жалтарған жауаптарды алуға мәжбүр болдық.

Біз олардың жүзеге асырылуын талап етеміз.

 

2012 жылдан бері «Ақ жол» фракциясы монополияға қарсы және құқық қорғау органдарына энергетика саласындағы сыбайлас жемқорлық пен олигополия, теміржол тұйықтары, тауарларды таңбалау, тарифтерді негізсіз арттыру, инвестицияның жоқтығы және шетелге қаражаттың шығарылуы туралы депутаттық сауалдар жолдап келеді.

Бұл және өзге де осы тектес мәселелер «Ақ жол» демократиялық партиясының басты назарында қала береді.


IV. ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛЕТТІЛІК


Еліміздің басты мәселе және оның мемлекеттілігіне төнетін басты қауіп – байлар мен кедейлер арасындағы өршіп келе жатқан әлеуметтік алшақтық. Сонымен бірге, біздің басты байлығымыз мұнай және металл ғана емес, бүгінгі таңда әділетсіздік салдарынан қорлық көріп отырған дарынды және еңбекқор халқымыз деп санаймыз. Бұл мұқтаж жандарға, кәсіпкерлерге, тіпті көптеген мемлекеттік қызметшілерге де қатысты.

Әлеуметтік әділеттілік және ел азаматтарының қадір-қасиетіне деген көзқарасы білім беру және медицина сапасымен, қолжетімді тұрғын үй мен лайықты жұмыспен айқындалады. Осы салалардың әрқайсысы қаржыландырудың жетіспеушілігі мен жемқор шенеуніктердің ұрлығынан зардап шегуде.

Қазақстанда кедейлер мүлдем болмауы керек. Біздің елімізде әрбір адамда лайықты баспана, лайықты жұмыс болуы үшін, оны азаматтар да, мемлекет те құрметтеуі үшін қажеттінің бәрі — табиғи қорлар мен таланттар жетеді.

Қазақстан сияқты бай елде , үкімет пен уәкілетті мемлекеттік органдар ата-аналар балаларын емдеу үшін ақша жинап, ал аналары түнде жұмыс істеуге және балаларын қараусыз қалдыруға мәжбүр ететін жағдайларға жол бермеуі тиіс.

Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету үшін:

Ипотека, тұтыну тауарлары үшін, шағын және орта бизнес пен халықтың тұтыну қажеттіліктері несиелерінің пайыздық мөлшерлемелерін  7-8%-дан аспайтындай етіп шектеу қажет. Ол үшін халықтың аз қамтылған топтарын әлеуметтік несиелеудің тәсілдерін әзірлеу керек.

● Халық жинақтарын ұқыпты ұстау үшін БЖЗҚ мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету керек. Бұл қорлардың  қаражаттары, олардың  қызметкерлерінің  жалақылары мен  шығындары  ашық талқыланып, Парламентте мақұлданғаны жөн.

● «Ақ жол» демократиялық партиясы БЖЗҚ-ғы салымшылардың жеке шоттарында жиналған қаражаттарды орналастыруды дербес басқаруға рұқсат беруді ұсынады. Яғни, салымдарға кепілдік беру мемлекеттік жүйесінің көлемі шегінде БЖЗҚ-да өз жинақтарын екінші деңгейлі банктердің депозиттеріне орналастыру. Мұндай депозиттер бойынша мемлекеттік кепілдіктердің көлемін ұлғайту жағын да қайта қараған жөн. Сонда азаматтар зейнетақы жинақтары бойынша неғұрлым жоғары кіріске ие болады, ал банктер экономиканы несиелеуге қосымша қаржы ресурстарына қол жеткізеді.

● Әлеуметтік және медициналық сақтандыру қоры жұмысын нақты салымшылармен ұштастыру керек.

Әрбір азамат өзінің төлемдері есепке алынатын ӘМСҚ-те өзінің жеке шотын бекітуі керек және тек салымшының келісімімен оның немесе туыстарының емделуіне сол шоттан ақша аударылады. Осы арқылы кез-келген адам өзіне емхана мен дәрігер таңдап, сапасыз емдеу жағдайында мұндай қызметтерді төлеуден бас тарта алады.

Сонда қызметкерлер өз міндеттеріне ұқыптылықпен қарайды, ал жұмысына адал медицина қызметкерлері ауыр еңбегі үшін лайықты жалақы алады. Нарықтық сақтандыру медицинасы деген осы.

 

● Ауылдағы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында ауыл тұрғындарына үй сатып алуға, үйді жөндеу не жақсарту жұмыстары (ремонт, реконструкциялау) үшін қолжетімді ипотекалық несие беруді енгізу керек. Мұндай ипотека қолжетімді болып, мемлекет тарапынан субсидиялануы қажет.

 

● Ауыл жастарының қалаға көшуін қолдау үшін әкімдіктер шағын өндірістерге, оқу орындарына және әлеуметтік инфрақұрылымға арналған үй-жайлары бар ықшам әлеуметтік тұрғын үйлерді жаппай салуы керек.

Жастардың қалаға бейімделуіне, білім алуына және жұмыс істеуіне, аяққа тұруына және өздеріне қолайлы жағдай жасауына ынталы болуы үшін мұндай баспана қарапайым әрі арзан болуы керек.

● Жас отбасыларды ынталандыру үшін 2013 жылдан бастап «Ақ жол» демократиялық партиясы жас отбасылар үшін ипотекалық несие бойынша субсидияланған пайыздық мөлшерлемелерді әр бала туылған кезде 25 пайыз мөлшерінде енгізуді табанды түрде ұсынып келеді. Одан кейін екінші бала туғанда мемлекет ипотеканың 50 пайызын субсидиялайды, ал 4-ші бала туылған кезде, мұндай отбасы ипотеканың барлық сомасына субсидия алуы керек.

Бүгінде үкіметтік бағдарламалар көпбалалы отбасыларға арналған. Бірақ ешқандай отбасы бірден көпбалалы отбасы болмайды. Жастарды әрбір кезекті баланың дүниеге келуіне кезең-кезеңмен ынталандыру керек.

● Әлеуметтік қорғау – ең төменгі зейнетақыны, ең төменгі жалақыны және әлеуметтік төлемдерді АЕК-пен емес, ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеу керек, қажетті шығындарды қамтитын тұтыну себетінің нақты құнымен анықталып, онда азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметтер және қоғамдық көліктер шығындары ескерілуі керек. Еуропа елдерінде тұтыну себеті мәдени ойын-сауық шығындарын да қамтиды, өйткені ол тұрмыс сапасына ықпал етеді.

● Пандемия жағдайы білім беруді, денсаулық сақтауды, әлеуметтік төлемдерді цифрландырудағы сәтсіздіктерді де, оның шұғыл қажет екенін анықтады. Цифрлық, оның ішінде қашықтан оқытуда, мемлекет пен азаматтардың, ұйымдар мен клиенттердің өзара іс-қимылдарының әдістерін дамыту - жалпы әлемдік бағыттардың бірі болып тұр.  

Бұл жұмыстың үйлесімді және бірін-бірі толықтыратын форматта жүргізілуі өте маңызды. Мысалы, әр қалада тұрғын үйге кезек ашық қолжетімді болуы керек. Сондықтан әркім өзінің пәтер кезегінің алға жылжуын қадағалап, алаяқтықты анықтай алады.

● Осыған орай, әркім өзінің пәтер кезегінің алға жылжуын қадағалау үшін әлеуметтік тұрғын үйді бөлу кезегінің ашық мониторингін жүргізуді ұсынып отырмыз. Егер бұл тұрғын үй басқа тұлғаларға қайта сатылған немесе жалға берілген болса, мұндай пәтерлер алынып, мүгедектерге, жетім балаларға және кезекте тұрған көп балалы отбасыларға қайта бөлінуі керек.

 

● Пандемияға қатысты жағдай медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өміріне орасан зор қауіп төндіретінін көрсетті. Педагог мәртебесімен салыстыра отырып, «Дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәртебесі туралы» Заңды қабылдау, олардың тәуекелдері үшін төлемдерін бекіту, кәсіби және адамдық абыройды қорғау қажет.

● 2022 жылы «Ақ жол» демократиялық партиясының он жылға жуық талабынан кейін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Бірақ Үкімет пен Ұлттық банк ондағы біздің басты талабымыз – банктер мен коллекторлардың халықтың жалғыз баспанасын тартып алуына тыйым салудан тағы да жалтарды. Бұл норма үшін күресті жалғастыра береміз.

 

● «Ақ жол» ҚДП әлеуметтік саясатының басымдылығы – сапалы және қолжетімді білім. Балалардың дарындылығы ата-анасының тұрғылықты жеріне немесе кәсібіне байланысты емес, әр бала жарқын болашаққа құқылы.

Бірақ қалалық дарынды балалар үшін әр түрлі арнаулы мектептерде сапалы білім алу мүмкіндігі әртүрлі болса, ауыл оқушыларының мұндай мүмкіндіктері өте аз.

Сондықтан, дарынды ауыл балалары үшін барынша жағдай жасау қажет.

● Ұстаз еңбегінің ел болашағы үшін тұрақты маңыздылығын ескере отырып, мұғалімдердің жалақысын Еуропалық Одақ елдерінің деңгейіне дейін өсіруді қамтамасыз ету, оларды жаппай есептілік пен бюрократиядан босату қажет. Мұғалімдерді сырттай жұмысқа тартуға тыйым салу, мұғалімдердің сайлау комиссияларына қатысуын шектеу.

● ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы мен ғылыми әлеуетін арттыру, оларға нақты дербестік беру, ғылыми қызметті ұйымдастыруда, ректорды сайлауда Ғылыми кеңестің рөлін арттыру. Университеттің прогрессивті дамуының кепілі академиялық қауымдастықтың өзі болуы керек.

 

● Жалпы, дарынды жастардың елден кетуіне, «ақылдың ағылуына» қарсы жеке және жүйелі бағдарлама керек. Жыл сайын мыңдаған дарынды бозбалалар мен қыздардың Қазақстаннан кетіп, қайта оралмауы – ұлттық апат.

Қазақстанда тұру және жұмыс істеу, өз елінде өсу перспективаларын алу кез келген басқа шет елдерге қарағанда әлдеқайда тартымды болуы керек.


V. НАРЫҚТЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ


Қазақстанада нарықтық экономиканың орнына әділ бәсеке мен жеке кәсіпкерлікті шектейтін мемлекеттік-монополиялық капитализм қалыптасқан.

Мемлекеттің квазимемлекеттік кәсіпорындарды құрудан бастап, Ұлттық банктің ақылға қонымсыз саясатына дейін экономикаға араласуы - қоғамның мойнына масыл боп артылған орасан зор топтың қалыптасуына ғана емес, сонымен бірге, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлік бастама мен адал еңбектің беделін түсіруге әкеп соқты.

Бүгінгі таңда жеке кәсіппен айналысу тек меншік үшін ғана емес, кәсіпкердің денсаулығы мен еркіндігі үшін де қауіпті болып барады. 

Экономика барған сайын ебедейсізденіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қамтамасыз ету де қиындап барады, сондықтан сыртқы қарыз бақылаусыз өсіп, Ұлттық қор таусылуда.

«Ақ жол» фракциясының М.Тэтчер мен Чилидің жекешелендіру бағдарламаларының авторы Артур Лаффер әзірлеген «халық капитализмі» қағидасы бойынша жекешелендіруді жүргізу туралы ұсыныстары назардан тыс қалды (11.09.2019 жылғы депсауалы).

Мемлекеттің өзге шараларының көбі бизнеске әкімшілік қысымды күшейтіп, кедергі келтіруге ұласады. «Ақ жол» фракциясы өз сауалдарында мемлекеттік органдардың осындай жүздеген мысалдар келтірген.

 

Нәтижесінде экономиканың импортқа тәуелділігі артып, өндіріс тіпті негізгі өнімдерге деген қажеттіліктерді өтей алмайды. Бұл инфляцияға, девальвацияға және азаматтардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеледі.

Ұлттық банк үстемелерді көтеру теориясын табанды түрде жақтап, монетарлық құралдардың отандық өндіріссіз тиімсіз екенін түсінбейді, ал, өндіріс жоқта, қымбат несиелер экономиканың одан әрі құлдырауы мен ШОБ-тың күйреуіне себепкер болады. Қазіргі түрінде мұндай саясат экономиканы несиелендіруге емес, Ұлттық банктің ноталарына инвестициялауды тиімді деп санайтын банктертің ғана табысын арттырады.

Банк нарығының өзі 5 банктің монополиясында, олар банк активтерінің жартысын емес, 65 пайызын бақылайды, ал жаңа шағын және аймақтық банктерді құру талаптары бәсекелестікке жол бермеу үшін тым қиындатылған.

Тіпті экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі үкіметтік комиссия да, біздің сауалдарымызға берген жауаптарынан көрініп тұрғандай, Конституцияның 6-бабында Республикада мемлекеттік және жеке меншік бірдей қорғалады дегенді ескермей, тек мемлекет мүддесін қорғауда.

Мұның салдары – байлар мен кедейлер арасындағы үлкен алшақтық. Қазақстандықтардың барлығын мұнай компаниясына немесе банкке менеджер етіп орналастыру мүмкін емес. Бірақ шағын және орта бизнес арқылы әрбір адамға ұлттық табыстан өз үлесін алуға мүмкіндік беруге болады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» Демократиялық партиясы Үкіметке бір шешімі екіншісіне қайшы келіп, бір субъектілер бәсекелестіктен тыс артықшылықтарға ие болып, ал өзгелері өздігінше күн көретін мұндай «қолмен басқару» шараларын тоқтатуды ұсынады. Бұл жүйеде преференцияларды бөлетін шенеуніктер басты рөлді атқарады. Олардың өзінше маңызды болуы сондықтан.

Бірақ нақты нарықтық экономикада шенеунік бизнеске «бастық» емес, кәсіпкерлерге көмекші және одақтас болуы керек.

 

● Нарық негіздеріне оралу үшін ұлттық экономиканы ырықтандыру, мемлекетсіздендіру және монополиясыздандырудың кешенді бағдарламасын әзірлеуге кірісу қажет деп санаймыз.

● Бұл бағдарлама Ұлттық банк саясатын жұмсартуды және несие нарығындағы бәсекелестікті арттыруды, мүмкін, ірі банктерді мәжбүрлеп бөлу процедурасын енгізуді қамтуы тиіс.

● Либерализация бағдарламасы  мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқартуға және ұлттық компанияларды   жекешелендіру белгілі бір адамдарды байыту арқылы емес, қоғамның және ШОБ субъектілерінің ұлттық өнімге қосқан еңбек үлесін әділ бағалау арқылы жүргізілуіне ықпал етуі тиіс.

● Бағдарлама толыққанды орта тапты қалыптастыру арқылы байлар мен кедейлер арасындағы әлеуметтік алшақтықты азайтуға; әлеуметтік қорғауды кәсіпкерлердің қолын бұрау арқылы емес, азаматтардың кірісін арттыру арқылы қамтамасыз етуге арналған.

● Либералды экономика инфляцияны Ұлттық банктің жоғары пайыздарымен емес, қолданыс өнімдерінің отандық өнеркәсіптері арқылы тежей алады

● Монополиясыздандыру жұмысында, жалпы алғанда, Бағдарлама мемлекеттің және жеке меншіктің де мүдделерін бірдей қорғауды басшылыққа алу керек. 

● Бағдарлама функцияларды ғана емес, сонымен қатар бизнесті бақылауда немесе пайданы бөлуде отырған шенеуніктердің өздерін де қысқартуды қамтуы керек, әйтпесе олар бұрынғы функциялардың орнына өздері үшін жаңа функцияларды ойлап табады.

 

Кәсіпкерлікті қолдау тек экономикалық әлеуетті дамыту ретінде ғана емес, ең алдымен – кедейшілік және жұмыссыздықпен күресудің негізгі құралы, орта тапты қалыптастыру және қазақстандықтарды ұлттық табысты бөлуге тарту факторы ретінде маңызды.

Экономикадағы өзгерістер саяси реформаларсыз мүмкін болмайтын жағдайға жеттік, бұл екі саланың да монополиялануы мен мемлекет меншігіне айналуының нәтижесінде болып отыр. Бұл жеке ұсыныс пен инвестиция тартуға кедергі келтіреді. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың орнындағы әдемі таныстырылымдарды халық ішінде «слайд экономикасы» деп атап кеткен. Ал, мемлекетке нақты зауыттар мен оның жұмысын өрге сүйрейтін адамдар керек. Бірақ, өз кезегінде, экономикалық қолдаусыз либералдық саяси реформалар ұрандарға ұласып кету қаупін тудырады. Сондықтан саяси реформалардың материалдық мазмұны ретінде экономикалық реформалар қажет.

Бұл реформалардың нақты қозғаушы күші тек экономика мен қоғамда адал бәсекелестікке ықпал ететін кәсіпкерлердің жаппай табы болуы мүмкін.

«Ақ жол» Демократиялық партиясының жұмысы жаңа заңдарды әзірлеуде ШОБ мүдделерін қорғайтын және бизнеске қолайлы жағдай жасап, әділ салық, қолжетімді несиеге, ресурстар мен жерді ашық бөлуге, сондай-ақ, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеуге  ықпал ететін бастамаларды ұдайы енгізетін кәсіпкерлер тобын дамытуға бағытталған.


V.1. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке араласуын шектеу 

● Табысты экономиканың басты шарты мемлекеттің нарықтық қатынастарды толық реттеуден бас тартуы, экономикалық саясатты ырықтандыру және мұқтаждарды атаулы әлеуметтік қолдауға баса назар аудару болып табылады. Қазіргі мемлекеттік саясат бағаны күштеп тежеу, шағын және орта бизнестің қызметін жаппай бақылау және бөлу функцияларын (квота, жеңілдіктер, преференциялар) шенеуніктердің қолында шоғырландыру сияқты әкімшілік негіздерге бағытталған. Бұл әділ бәсекені жойып, мемлекеттік субсидияларсыз ашық экономикада өмір сүре алмайтын нарық қатысушылары үшін заңды емес артықшылықтар тудырады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы шенеуніктердің бақылау мен бөлу өкілеттігі және мемлекеттің экономикаға жаппай араласуынан бас тартуға шақырады. Экономикада соңғы сөзді адал бәсеке, батыл идеялармен және бизнестің іскерлік рухы анықтауы керек. Мемлекет бизнеске квота мен рұқсат берудің орнына азық-түлікке, киім-кешекке, коммуналдық қызмет құнына мақсатты субсидиялар арқылы шынымен мұқтаж жандарға көмектесуі керек. Қоғамның қалған бөлігі нарық жағдайында өмір сүруі керек.

Сонда кәсіпорындардың айналымы да, бизнестен түсетін табыс та, жұмысшылардың жалақысы да, кедейлерге көмек үшін қажетті бюджетке түсетін салықтар да өседі.

Осы мақсатта мыналарды орындау қажет:

● Тек қана тәуекелі жоғары субъектілер үшін тексеру жүргізу мүмкіндігін белгілей отырып, тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, ашық ету.

● Бақылаушы органдар анықталған бұзушылық туралы алдын ала ескертуге және кәсіпкерге қандай да бір шектеулер мен санкцияларды қолданбай, оны өз бетінше жоюға мүмкіндік беруге міндетті болатын бұзушылықтарды анықтаудың профилактикалық жүйесін енгізу.

● Міндетті есептердің, ең алдымен статистикалық және салық есептерінің санын қысқарту.

● Тауарларды таңбалауды алып тастау

● Кәсіпкерлік, салық және кеден саласындағы пропорционалдылық пен әділдік қағидатына сәйкес келмейтін және сыбайлас жемқорлықты тудыратын құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшерін азайту

● Экономикалық заңбұзушылықтар толығымен қылмыссыздандырылуы керек. Оларды экономикалық әдістермен, ең алдымен айыппұлмен жазалау керек.

● Кәсіпкерлерді қамауға алуға,бопсалауға, бизнесті жоюға айналған қылмыстық қудалаудытоқтату керек. Қамауларды кепілмен ауыстыру керек.


V.2. Әділ салық саясаты

● Азық-түлік пен жеке өндірістің тұтыну тауарларының тапшылығы тақырыбы шиеленісе түсті. Бұл жағдай біздің ішкі нарықтың импортқа тәуелділігін, ауыр инфляциялық процестер мен валюталық ауытқуларды тудырады.

2012 жылдан бастап «Ақ жол» фракциясы жыл сайын Еуроодақ және ЭЫДҰ елдерінің үлгісі бойынша сараланған салық ставкаларын енгізу бойынша ұсыныстар енгізіп келеді. Онда икемді тарифтер басым секторларға инвестицияны ынталандыруға және әлеуметтік тауарлардың құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Біз қырықтан астам өтініштер мен заңдарға ұсыныстар жібердік, бірақ үкімет салық органдарына қиындық туғызды деп, мұндай ұсыныстарды жылы жауып қойды.

Бизнесті шенеуніктер емес, Президент Қ.Тоқаев естіп, 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жаңа Салық кодексін әзірлеу және сараланған мөлшерлемелерді енгізу туралы тікелей тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы он жылға созылған дауға нүкте қойды, бұл парасаттылық пен Парламенттегі фракциямыздың күш-жігерінің жеңісі деп бағалауға болады. Шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттік органдардың немқұрайлылығының кесірінен жоғалған онжылдық пен осы уақыт ішінде қиратылып, тоналған өнірістер үшін өкіну ғана қалды.

Бұл ретте салықты саралау басым секторларды қолдауға ғана емес, бюджетті толықтыруға да мүмкіндіктер ашады – мысалы, банктер мен кірістері жеткіліксіз жоғары, сондай-ақ ҚҚС-тан босатылған ірі жер қойнауын пайдаланушылар үшін КТС-ті елеулі ұлғайту арқылы.

Ең бастысы, жаңа Салық кодексiн әзiрлеу аясында бюрократтардың бұл нұсқауларды орнындамауы немесе бурмалауына жол бермеу керек, соның аясындағы негiзгi мiндеттер деп санайтынымыз:

● Қызмет түрiне, салаға, салық салынатын базаға және салық төлеушiлер санатына қарай сараланған салық ставкаларын енгiзу.

● Мерзімі өткен салық берешегі бойынша өсімпұлды міндетті өндіріп алуды жою. Салықтық құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуды толығымен соттың құзыретіне беру.

● КТС шегерімінен және жалған келісімдер бойынша бұрын есепке жатқызылған ҚҚС-дан алып тастау үшін негіз ретінде салық органдарының талап-арызымен мәмілелерді жарамсыз деп тануды жою. Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 403-бабының 1-бөлігінің 1) тармағына сәйкес шот-фактураны жалған деп тану туралы соттың үкімі немесе ұйғарымы жалғыз негіз болып табылады.

● ҚҚС бойынша тіркелу үшін ең төменгі айналымды (ҚҚС шегі) 30 000 АЕК-ке дейін арттыру

● Салықтар бойынша пилоттық жобаларды орындаудың шекті мерзімдерін белгілеу, бизнеспен қоғамдық талқылау арқылы олардың тиімділігін бағалап, жобаға қатысушылардың еріксіз шығындарын өтеу.

●  ТІЖ және виртуалды қоймадан бас тарту, ЭСФ-ті реттеу және оны айналым қозғалысын қадағалаудың жалғыз жолы ретінде орнату.

● еркін экономикалық аймақтардағы кәсіпорындарды ЖТС-тан басқа, салықтың барлық түрлерінен толық босату. Олардың экономикаға қосқан үлесі – жаңа технологиялар, жұмыс орындары мен білікті кадрлар даярлау.

                    Шағын бизнесті және «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» халықты салықтан толық босату. Бұл кісілерге шаруамен айналысып, мемлекеттің мойнында отырмай, отбасын өздері асырап жүргені үшін «Рахмет» айту керек.

Нарықтық мемлекеттерде шағын және орта кәсіпорындар ондаған жылдар бойы тексерілмейді. Себебі, клиенттер ағымы мен чек сомасын бақылауға болатын, соның нәтижесінде патент бағасы есептелетін дүкен, кафе, фитнес-клубтар, ТҚС секілді қызмет көрсету салаларындағы барлық ШОБ патенттер бойынша жұмыс істейді. Сондықтан, ол  «жүктелген салық» (вменённым налогом) деп аталады.

Салық органдары тек кафе не жөндеу орталығының бір жылда қанша төлеуі керектігін белгілейді, кәсіпкер мемлекеттен осындай патентті сатып алады - одан кейін ешкім бұл бизнеске тиіспейді, тексерулер, есептілік пен айыппұлдар салып мазасын алмайды.

Егер біз жаппай кәсіпкерліктің болуын қаласақ - онда шағын және микро бизнесті қатаң бақылаудан алыстап, олар үшін салықтық есептілікті патенттерге айырбастауымыз қажет. Егер әлдекім 10-20 мың теңге үнемдеп салықтан жалтарса - бұл да қауіп емес. Есесіне, мұндай шешім осы уақытқа дейін миллиардтар пайдасыз жұмсалған жұмыспен қамту бағдарламаларының бірде-бірі қамти алмаған жаңа жұмыс орындарын ашады.

Қолданыстағы Салық кодексінде патенттік салық салу қарастырылған, алайда онда аталмыш норманы мағынасыз қылатын шектеулер бар. Мысалы, жылдық айналым сомасы 2 млн теңгеден аспауы және кәсіпкердің жалдамалы жұмысшылары болмауы керектігі туралы.

2 млн тг. тең жылдық айналым дегеніміз айлық айналымда 167 мың тг, ал, ондағы кәсіпкердің өз табысы  шамамен 20-30% немесе айына 35-50 мың тг. құрайды деген сөз. Мұндай ақшаға қай кәсіпкер жұмыс істейді?

Ресми статистика бойынша 2023 жылғы орташа жалақы қазірдің өзінде 338 мың тг. Одан бөлек, тіпті, ең шағын дүкен не кафенің өзінде, мейлі, олар кәсіпкердің отбасы мүшелері, яки, жұмысшылар болса да, әрдайым көмекшілер болуы қажет. Олардың жалақысы да кәсіпкер табысының ішіне кіруі керек.

Кәсіпкердің табысы, 3-5 жұмысшы мен бизнестің 20% табыстылығын есепке алғанда, кем дегенде орташа жалақы деңгейінде болуы үшін, патенттің жылдық айналымын кемінде 100 млн тг дейін ұлғайту керек (338 мың тг × 20% табыстылық × 5 адам × 12 ай).

V.3. Қаржылық-инвестициялық саясат

«Ақ жол» демократиялық партиясы әрқашанда жеке, ең алдымен шағын және орта бизнесті жан-жақты қолдаудың табанды жақтаушысы болды.

Біз инвестициялық ынталандыруды енгізу өте қажет деп санаймыз, мысалы:

● экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін және тұрақты (3-5 жылдан астам) жұмыс істегеннен кейінгі инвестициялардың 50% -ға дейін қайтару;

2015 жылы кәсіпкерлік кодекске инвестицияның 30 пайызын қайтару нормасын енгіздік, жұмыс тобын «Ақ жол» ҚДП төрағасы басқарды. Бірақ содан бері 5 жыл бойына бұл инвестициялар ең заманауи және жоғары технологиялы кәсіпорындардың ешқайсысына қайтарылмаған. Оның үстіне үкімет бұл преференцияны мүлдем алып тастады.

● инвестициялық келісімшарттарда АЭА аумағында өндіріс объектілерін іске асыруда преференцияларды беру бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындамағаны үшін жауапкершілікті заңнамалық тұрғыдан бекіту керек.

Біздің арнайы экономикалық аймақтарымыз бос және қажетті нәтиже бермейді, өйткені берілген жеңілдіктер жұмыс істемейді, көптеген басқа елдердегі осындай шаралардан артта қалуда.

Жалпы, инвесторларға шенеуніктер ойлап тапқан артықшылықтарды емес, бизнестің өзіне қажет преференцияларды ұсыну керек. Мемлекет инвесторлардың қарсы міндеттемелері бойынша кез-келген преференцияларды талқылауға ашық болуы керек.

● Халықаралық тәжірибеде кәсіпорын жұмысына реинвестицияға (кеңейту, жаңғырту) бағытталатын табысты салықтан босату маңызды инвестициялық басымдықтарға жатады. 2021 жылы үкімет мұндай басымдықты Салық кодексіне енгізген, алайда, бұл тек маңызды шарты 2 000 000 МРП (6 млрд тг.)  астам инвестиция құю болып табылатын «инвестициялық басымдық жобасын жүзеге асыратын» кәсіпорындар үшін ғана. Яғни, бұл норма, тіпті, ірі бизнеске де қолжетімсіз, 2022 жылы мұндай инвесткелісімдерде санаулылар ғана жасасты.

Бұл ретте экономикаға шағын және орта бизнесті өсіруге жүйелі өзгерістер керек. Ол үшін шағын бизнестен ортаға, орта бизнестен ірі бизнеске кезең-кезеңімен көшуді ынталандыру қажет.

Негізгі көздерге (ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар) қайта инвестицияланатын табысты КТС-нан босату туралы норманы шағын және орта бизнеске де қолдану керек.

Одан бөлек, мұндай шешім шынайы табыстарды көлеңкеден шығарып, салықты оңтайландыру мақсатында бөлшектеудің орнына - оларды кәсіпорынның материалды-техникалық базасын күшейтуге жұмсауға мүмкіндік береді.

 

Келеңсіз экономикалық құбылыстарды еңсеру үшін «Ақ жол» демократиялық партиясы келесі шараларды ұсынады:

                    Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық сыйақы мөлшерлемесін ЕДБ несиелері бойынша сыйақыны тиісінше азайта отырып,4-5%-ға дейін төмендету мәселесін жаңарту. Сол сияқты, Ұлттық Банктің ЕДБ-дан тартылған қаражаттар бойынша ноталарының кірістілігін төмендету қажет. Сонда банктер экономиканы несиелендіру үшін қолда бар қаражатты пайдалануға мәжбүр болады.

Девальвация мен инфляцияға қарсы ең жақсы қорғаныс – тұтыну тауарларының меншікті өндірісін дамыту. Ал Ұлттық банк инфляцияны тежеу ​​үшін жоғары мөлшерлеме ұстаймыз десе, шын мәнінде ол өндірісті тежейді, импортқа тәуелділікті және экономикадағы инфляциялық күтуді ынталандырады.

 

Бүгінгі таңда Қазақстанда жаңа өндірістерді жобалық қаржыландыру тетігі жоқ, өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін капиталдың тиімді құны жылына шамамен 20% құрайды, оның ішінде Ұлттық банк пен реттеушінің екінші деңгейлі банктер үшін резервтерді қалыптастыру саясатына байланысты. Іс жүзінде банктер бұрыннан бар өнеркәсіп топтарын қолда бар активтер есебінен несиелейді және жаңа өндірістерді дамытуға мүмкіндіктер жасамайды. Өндірісті қаржыландыру ілгерілемей, жаппай тұтынушылық несиелеу үлесі артқан сайын, импортқа тәуелділік пен инфляциялық күтім қалыптасады.

Сондықтан қаржы жүйесінің резервтерін пайдалану және пайыздық мөлшерлемелерді төмендету үшін ЕДБ қызметін реттеуді байыпты түрде түзету қажет. Сонымен қатар, экономиканы несиелендіруді ынталандыру үшін ЕДБ-ға қатысты  Ұлттық банктің ноталары мен мемлекеттің қаржылық көмегінен түскен кірістерден дивидендтер төлеуге тыйым салу секілді басқа да шараларды қарастыруға болар еді.


ШОБ субъектілерінің өтініші бойынша банктерге несиелерді қайта қаржыландырудан бас тартуға тыйым салу керек. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл мәселе банктердің өз еркінде болса да, олар корпоративтік сыбайлас жемқорлық көріністерімен және екінші деңгейлі банктердің төлем қабілеттілігін сақтап қалған клиенттер үшін мөлшерлемелерді төмендетуге құлықсыздығымен бетпе-бет келіп отыр.

«Ақ жол» Демократиялық партиясы егер кәсіпкер мұндай қолдауға өтініш білдірсе, банктер қолдау көрсетуге міндетті деп санайды, себебі, мемлекет бөлген қаражат банк акционерлеріне  «дивидендтер» төлеуге емес, экономиканы қаржыландыруға бағытталуы керек.

● Келісімшарттың орындалуын шамадан тыс, ал азаматтар мен кәсіпкерлерді банкрот қылатын төзгісіз келісім талаптары тәжірибесін түбегейлі жойып, келісімге қарыз алушының талаптарын шектейтін нормаларды қосуға тыйым сала отырып банк қарызының типтік келісімшарт үлгісін заңнамалық тұрғыда бекіту.

● Ауыл шаруашылығын қолжетімді қаржыландыру үшін Агробанк құрып, барлық ауылдық жерлерде филиалдарын ашу.

● ШОБ қолдау шараларын ЖШС түріндегі орта бизнеске дейін кеңейту. Бүгінгі күні бұл шаралар (мысалы, КТС нөлдік мөлшерлемесі) тек жеке кәсіпкерлерге қатысты.

                    Отандық тауар өндірушілерді қолдау және олардың монополистердің қызметіне шығындарын азайту мақсатында кәсіпкерлердің өз таңдауы бойынша электр энергиясын тұтынуға түнгі тарифті қолдану тәжірибесін қалпына келтіру. Бүгінде түнгі тарифтен бас тарту тиісті шығындарды 15%-ға дейін арттырды.

 

                    Тұтастай алғанда, монополистер (бірінші кезекте энергетика саласы мен теміржол көлігінде) және олардың әкімдіктер жанындағы басқару құрылымдары тарифтерінің негізділігіне толық ауқымды аудит жүргізу, негізсіз жоғары тарифтер бойынша артық төленген сомаларды қайта есептеу және қайтару.

Ұсынылып отырған экономиканы жаңғыртуды, соның ішінде біздің және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін төмен көміртекті дамуды қамтамасыз ету мен қоршаған ортаға әсерді азайту призмасы арқылы қарастыру керек.

Мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы қайта өңдеу, мемлекеттік сатып алулар мен жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында отандық тауар өндірушілер мен ШОБ басымдылығын қамтамасыз ету, отандық бизнес үшін жұмыс пен қызметтің тұрақты көлемін алу  кепілдіктерін жасау.

2014 жылы Үкімет «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңнан «қазақстандық тауар» және «қазақстандық өндіруші» ұғымдарын алып тастады. Тек «Ақ жол» ҚДП-ның депутаттары ғана қарсылық танытып, 9 рет осы нормалардың сақталуына дауыс берсе, қалған екі фракция 9 рет біздің ұстанымымызға қарсы дауыс беріп, отандық бизнесті қорғауды мемлекеттік сатып алу туралы заңнамадан алып тастады.

Артынша біз ұлттық компаниялар мен ірі жер қойнауын пайдаланушылардағы қазақстандық кәсіпорындардың мүдделерін қорғау мақсатында «Сатып алу туралы» заң қабылдауды талап етіп, жиырма шақты депутаттық сауал жолдадық, бірақ ол үнемі қабылданбады. 2021 жылы біздің қатысуымызбен «Самұрық-Қазына» жүйесіндегі сатып алулар туралы заң қабылданды, бірақ негізгі талаптар тағы да ескерілмей қалған. Қазақстандық кәсіпорындардың мүдделерін қорғауды жалғастырамыз.

Сыбайлас жемқорлық және әділетсіздіктің көзі ретіндегі мемлекеттік сатып алудың және квазимемлекеттік сектордағы сатып алудың бір көзден алу тәсілін жою.

 

● Жерді ашық және айқын бөлуді және оның пайдаланылуын бақылауды қамтамасыз ету.

Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылы Конституцияға енгізілген маңызды өзгерістердің бірі Қазақстанның жері мен пайдалы қазбалары республика халқының жеке меншігінде болуы туралы ереже болды. Бұл түзетудің әлеуеті таза саяси шеңберден әлдеқайда асып түседі және практикалық экономикада орасан зор рөл атқаруға, Қазақстан Республикасы шаруашылық кешенінің құрылымын өзгертуге қабілетті деп санаймыз.

Соған қарамастан, іс жүзінде шаруа қожалығы үшін жер теліміне қол жеткізумен қатар, жерді бақылаусыз  үлестіру де проблема болып қала беруде.

Жерді қайтару жұмыстары әлі нәтиже берген жоқ және учаскелердің меншік құқығы туралы толық және қолжетімді ақпаратсыз нәтиженің болуы мүмкін емес.

● Бұл мәселелерді шешу үшін Қазақстанның барлық ауыл шаруашылығы жерлері мен өзге де аумақтарын толығымен цифрландырып, бұл ақпаратты, сондай-ақ жер учаскелерін беру үдерісін жер-құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін ашық және қолжетімді ету қажет.


V.4. Квазимемлекеттік секторды қысқарту

Мемлекет пен бизнестің қарым-қатынасындағы делдалдық құрылымдарды жоюдың экономикалық және саяси қажеттілігі туындады. Бизнесті қолдауға арналып құрылған даму институттары мемлекет бөлетін қаржыны өз сүзгісі арқылы өткізіп, сыбайлас механизмдермен жиі байланысқан. Кәсіпкерлікке көмек ретінде бөлінген миллиардтаған қаржы қасқана игерілмей, екінші деңгейлі банктердегі депозиттерге жылдар бойы жинақталып, алынған пайыздар менеджерлер арасында миллиондаған сыйақы мен бонустар түрінде бөлінеді.

Даму институттарының игерілмеген қаражаты бюджетке қайтарылуға тиіс, ең болмағанда – олардың депозиттері бойынша барлық инвестициялық кірістер бюджетке алынуы тиіс. Бизнестің тиімділігі төмен болғандықтан, олардың жалақысы жеткілікті.

 

● Табиғи монополиялар мен айрықша мемлекеттік мүдделерге тікелей қатысы бар ұлттық компаниялар ғана жұмыста қалуы керек. Мұндай компаниялардың барлық еншілес компанияларын жекешелендіру арқылы бәсекелес ортаға беру қажет.

Жергілікті бизнес үшін күрделі проблемалық мәселе өңірлердегі жер учаскелерін, кең таралған пайдалы қазбалардың кен орындарын және т.б. тікелей ықпалында шоғырланған ӘКК қызметі болды. Бизнес енді бұл ресурстарға жобалардағы үлесті беру арқылы ғана қол жеткізе алады. Бұл ӘКК-нің іс жүзінде бопсалаудың құқықтық нысанына айналуына әкелді. Сонымен бірге, тәжірибе көрсеткендей, ӘКК азық-түлік нарығындағы тұрақтандыру қорларының рөлін де көтере алмайды.

Мұндай ӘКК-лар олардың ресурстарын бәсекелес ортаға жібере отырып, таратылуы керек.

 

«Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлыбритания мен Чилидегі жекешелендіру бағдарламаларының авторы Артур Лаффер әзірлеген «халық капитализмі» қағидатын пайдалануды табанды түрде ұсынады. Бұл әдісте жекешелендірілетін мемлекеттік кәсіпорындар акцияларының бір бөлігі халыққа, шағын және орта бизнестің еңбек ұжымы мен серіктестеріне беріледі.

Мұндай тәсілдерді қолдану шынында да «Ескі Қазақстаннан» шыққан олигархтарға ғана емес, сонымен қатар қазақстандықтардың кең тобына да ұлттық компанияларға тең иелік етуге, ұлттық табыстан өз үлесін алуға және қор нарығын жандандыруға мүмкіндік береді.


V.5. Ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен қарым-қатынас

● Өнеркәсіптің қайта өңдеу салаларын және дайын өнімдер өндірісін дамыту мақсатында отандық тауар өндірушілер үшін әкелінетін шикізатқа, материалдарға, жабдықтар мен жинақтауыштарға кедендік әкелу баждарын барынша төмендету ұсынылады.

Отандық машина жасау кәсіпорындары ірішетелдік жер қойнауын пайдаланушыларнегізгі өндірушілермен ынтымақтастық шеңберінде пайдаланатын жабдықтар мен мұнай-газ және тау-кен құрал жабдықтарын өндіруді игеру үшін мұндай өнімді белгілі бір кезеңге ішкі нарықта қосымша құн салығынан босату керек. Әйтпесе қазақ жабдықтарын сатып алудан гөрі шетелдік жабдықтарды алып келген әлдеқайда арзан болады.

●  Бәсекелестік қаблеті жоқ бизнесті қайткен күнде де босқа қолдау үшін импортты алмастыру көзсіз мақсат болмауы керек. Отандық өнім Қазақстанның ғана емес, халықаралық нарықтың да ең қатаң талаптарына лайық болуға тиіс. Осы мақсатта елдегі техникалық реттеу саясатын түбегейлі қайта қараған дұрыс.

 

● Корпоративтік нарықтың басым бөлігін құрайтын ірі шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жұмыстың ажырамас бөлігі болуы тиіс. Шетелдік тауар алпауыттары қазақстандық өндірушілерге немқұрайлы қарайды. Олар жыл сайын 10 триллион теңгеден астам сомаға өнім импорттайды. Дегенмен оның көп бөлігі Қазақстанда бар немесе өндіруге болады.

«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы жергілікті мемлекеттік органдардың республика бойынша ШОБ үлесінде кен өндіруші аймақтардың 2 есе артта қалуына байланысты ақталуына бірнеше рет наразылығын білдірді. Дәл осы жерде өндіріс алпауыттары бар жерде жергілікті бизнес орташа деңгейден алда болуы керек. Дамыған елдерде жер қойнауын пайдаланушылар салық төлеумен қатар, жергілікті басқару кадрларын көтеруге, жергілікті кәсіпорындармен бірлескен сервистік компаниялар құруға, өндірілген шикізатты өңдеуді ұйымдастыруға және т.б. міндеттеледі. Ал біздің кен өндіруші аймақтарда ШОБ субъектілері де орташа республикалық деңгейден озып кетуі керек – түптеп келгенде, тауар алпауыттарына неғұрлым көп ақша түссе, соғұрлым олар жергілікті серіктестерге төлемде қалуы керек. Ал олай болмаса, барлық пайда елден алынады деген сөз. Бірақ қалпына келмейтін табиғи ресурстарымызды сатудан түсетін салықтардан басқа, Қазақстанға жаңа технологиялар, жаңа сервистік кәсіпорындар, жаңа дайындалған кадрлар түсуі керек.

Бұл жергілікті атқарушы органдардың жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан өз ресурстарын белсенді түрде алға жылжыттып, инвесторларға еркін есік ашыты, бұл елдің дамуына қуатты серпін берді. Бірақ содан бері қазақстандықтардың жаңа буыны туып-өсті, олар тәуелсіз ұрпақтар; еліміз өзгерді, экономика жаңа міндеттер қояды. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында инвестиция салған шетелдік инвесторлардың көпшілігі біздің табиғи байлығымыздың арқасында еселеп табыс тапты. Расында, тауардың сапасыздығы мен жұмысшылар біліктілігінің жеткіліксіздігін айтудың орнына, отыз жыл бойы шетелдік шикізат алпауыттары қазақстандық мамандарды дайындап, өзіміздің азаматтардың арасынан компанияның бірінші басшыларын таңдап, тәрбиелеп, технологияларды меңгеруге, сатып алынатын тауарлардың бірлескен өндірісін құруға көмектесулері мүмкін емес пе еді? Неліктен Атырау мен Ақтөбедегі инвесторлар шетелдік мердігерлерді жалдауды жалғастыруда, ал, мысалы, Теміртауда орындалған келісімшарттар үшін қазақстандық кәсіпкерлерге жылдар бойы миллиардтаған доллар төлемей келеді?

Парламенттегі «Ақ жол» демократиялық партиясына ғана емес, инвесторлармен келіссөздер барысында үкімет пен жергілікті әкімдіктерге деосындай сауалдарды қоятын кез келді. Шетелдік инвесторларды қазақстандық кадрларды жасақтауға, отандық өнім мен құрал-жабдықтарды сатып алуға, қажет болған жағдайда ауыстырылатын тетіктер мен бөлшектерді әзірлеуден бастап, бірлескен өндіріс құруға дейін заңды түрде міндеттеу қажет.

2021 жылдан бастап ДСҰ ережелеріне сәйкес, шикізат алпауыттарын сатып алу кезінде отандық кәсіпкерлерге преференцияларды ішінара болса да сақтап, Жер қойнауы туралы кодекстің нормасы тоқтатылды. Бұл үлкен мәселе. Қазіргі жағдайда барлық елдер өз кәсіпорындарын қорғайды. Біз өз өндірушілерімізді қорғауды және қазақстандық компаниялардың мүдделеріне нұқсан келтіретін ДСҰ мен ЕАЭО ережелерін қайта қарауды талап етіп, үкіметке жүгіндік.

Шетелдік жұмыс күшін тарту шектеулі түрде болып, Еңбек министрлігі, ҰКП және кәсіподақтар федерациясы деңгейінде жеке қарастырылуы керек.

Қазақстанның жері мен қойнауы Республика халқына тиесілі деген норманы негізге ала отырып, халық пен Үкімет ірі жер қойнауын пайдаланушылардан  қазақстандық тарап үшін тек қаржылық жағынан ғана емес, келісімшарт (ӨБК қоса алғанда) талаптарын жақсартуды талап етуге толық құқылы. «Ақ жол» Демократиялық партиясы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен қазақстандық өндірушілер арасындағы офсеттік мәмілелер мен офсеттік келісімшарттар сияқты құралдарды заңға енгізуді талап ете алды. Яғни, ресурстық алпауыттардың үлесі салықтар мен дивидендтерден асып, ең алдымен ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге, бірлескен өңдеуші өндірістерді дамытуға немесе құруға, жер қойнауын пайдаланушылардың өздері қазақстандық серіктестерге сатып алатын машиналар мен жабдықтарға лицензиялар мен техникалық құжаттамаларды беруге қатысуда көрсетілуі керек т.б. 

Сондай-ақ, бұл норма жер ресурстарын тиімді пайдалану, суландыру жүйелері мен суармалы жерлерді дамыту, көшпелі мал шаруашылығын өркендету, шаруаға жарайтын жайылымдар мен ауылдық жерлерді тыңайту, орман және балық шаруашылығын дамыту, өнімді сақтау мен өткізуді ұйымдастыру арқылы ауыл шаруашылығын тыңнан көтеруге алғышарттар жасайды. Бұл жұмыста агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқаруы тиіс.

 

Мемлекет өзі табыс тауып, бюджетке салық төлейтін, басқаларға жұмыс беретін іскер адамдарға қолдау көрсетуге міндетті.


VI. САЛИҚАЛЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ


«Ақ жол» Демпартиясы Республиканың сыртқы саясаты, оның ішінде интеграциялық одақтарға қатысу, ең алдымен, еліміздің ұлттық мүдделеріне, сондай-ақ халықаралық сахнадағы басты субъектілермен қарым-қатынаста салиқалы саясат керек деп санайды.

Сонымен қатар, ешбір бірлестік Қазақстанның тәуелсіздігі мен жер тұтастығы сияқты құндылықтарға қауіп төндірмеуі керек. Интеграцияға қатысу бір ғана мақсаты бар – өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты, адамзаттың озық жетістіктеріне қол жеткізу.

Мемлекеттер арасындағы дауларда, халықаралық құқық нормаларын, бейбіт өмір сүру және гуманизм қағидаттарын қатаң сақтап, адамдарды өлім мен апатқа әкелетін қарулы күштерді қолданбау қажет деп санаймыз.

 

Ұлттық қауіпсіздік пен Республиканың жер тұтастығына төнетін кез-келген қатерлерге тойтарыс беру үшін қорғаныс күштерін ең заманауи техникалық жабдықтармен және «гибридті» қарсы тұру құралдарымен қамту қажет.

 

Сол бағытта, парламенттік партия ретінде, біз барлық басқа да саяси күштермен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.

Ақ жол, Қазақстан!