Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. А.Смайыловқа
Биыл 32 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алаштың орны айрықша! Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы майданда ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай жоғары құрметке де лайықты.
Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау,Тілді сақтау болған Алаш арыстарын аттарын Қазақ парламенті тарихында ең алғаш 2007 жылы «Ақ жол» партиясы атап, мәселе көтерді. 2012 жылы парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғалы бері Алашқа байланысты 30-дан астам депутаттық сауал жасады.
Биыл «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыхалықтық байқауы 12-ші рет өтеді. Алашқа арналып бес рет халықаралық мүшәйра өткіздік.
«Ақ жол» партиясының Саяси бағдарламасында Алашқа басым бағыт беріліп, «Алаш идеясы - Ұлттық идеямыз!»-деп атап көрсетілген!
Кезінде айтуға тыйым салынған Алаш тақырыбы соңғы кезде кең тарала бастағаны қуанышты тенденция.
Кешегі «Алаштың атын айтқызбаймыз» деген идеология тізгінін ұстаған шенеуніктер бүгінде Астанадағы Алаш көсемдері ескерткішін айналып өтіп жатқан болар...
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! "Әруақ риза болмай, тірі байымайды" деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды.
Сол себептен, 2019 жылы «Ақ жол» партиясы «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз.
Алайда, нәтиже шамалы. Бір ғана мысал, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Осы 125 батырдан бір адамның аты да ескерілген жоқ.
Ең өкініштісі - осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр.
Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Ал Кеңес империясына қызмет еткендер әлі төрден түспей келеді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында: "Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек" – деп, атап көрсеткен ҚР Президенті Қ.Тоқаев таяуда Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды.»-деп мәлімдеді. Сонымен қатар: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет!»-деп, турасын айтты.
Яғни, мемлекет басшысының сөзін іске асырып, кешегі кеңес дәуірі қайраткерлерінің бәрінің аттарының орнына Алаш қайраткерлерінің аттарын беру қажет!
Біз отыз жыл бойы арамшөпті тамырымен жоймай, тіпті шөбін де шаппай, оның үстіне дән сеуіп келдік. Енді ғана «еккен егініміз қайда?» деп, есімізді жиып жатырмыз.
Яғни, Ұлттық идеология отарсыздану саясатымен қатар жүруі қажет!
Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары жатқан жерді жаңғыртып, барғандар тағзым ететіндей киелі орынға айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігіміз сындарлы саясат жасап, қайрат көрсетуі қажет.
Алаш көсемі Әлиханның басын жаңғырта алмай, Қазақ көсемі Хан Кененің басын қайтара алмай жүруіміз де ұлттық идеологиямыздың жоқтығынан екені анық.
«Ақ жол» партиясы талай ұсынғандай, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Алаш көсемінің атына берілуі тиіс еді. Ақорда келісім беріп қойған мәселе Қарағандыдағы бес коммунист кемпір-шалдың қарсы болуына бола, 5 жыл кешігіп, 2021 жылы берілді
«АЛАШ ақыры Октябрьді жеңді! Октябрьдің аты өшіп, ӘЛИХАН ауданына айналды!»-деп жаздық сол кезде.
«Мың өліп, мың иірілген» Қазақ Елі қанша ғасыр күресіп жеткен қасиетті Тәуелсіздік ұғымын еліміздің ең басты ұлттық құндылығы ретінде қастерлей білуіміз қажет! Ал бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр. Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? “Ақ жол” партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек!
«Ақ жол» партиясы 10 жылдан бері «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Былтыр бұл бастамамызды және Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек деген ұсынысымызды Үкімет Премьер-министрі Әлихан Асханұлы, өзіңіз қолдадыңыз. Сондықтан енді бұл «Алашқа тағзым» күнін мемлекеттік деңгейде өткізетін уақыт жетті. Биыл 21 сәуірде «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінде ұсынғанымыздай, 1937 жылы қазақтың қос премьері - Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан мен Қазақ автономиялы республикасы үкіметінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақұлы екеуін Мәскеуде бір күнде атқан - 27 қыркүйекті қазаққа қарсы жасалған зобалаң - Қанды репрессия құрбандарын еске алуға арналған «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.
Өткенін ұлықтай алмаған елдің болашаққа қадамы әлсіз болады. Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған Алаш қозғалысы тарихына мектеп оқулықтарында кешеге дейін бір жарым бет қана беріліп келді. Соның салдары Алаш жайлы анық ақпараттар жеткіліксіз болғандықтан, қазір әлеуметтік желілерде негізсіз, дәлелсіз айыптаулар мен қате тұжырымдар кездесіп қалады. Сондықтан еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы керек.
Алаш арыстарын ұлықтау Мемлекеттік деңгейде жолға қойылуы қажет.
Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Алаш идеясы – ұлттық мемлекет құру еді. Ендеше, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдап, Ұлттық мемлекет ретінде дамыйтын уақыт жетті!
Нақты ұсыныстарымыз:
1.Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажет!
2. Алаш арыстарының аттарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылып, еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы тиіс..
3. Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.
4. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың мемлекет қайраткерлері атылған - 27 қыркүйекті (1937 жыл) Қанды репрессия құрбандарын, Алаш арыстарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.
5. Қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесің тарихи киелі ғимаратын мемлекетке қайтару қажет.
6. «Ақ жол» фракциясы барлық облысқа жолдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын қайта көтеріп, бақылауға алу қажет.
Құрметпен,
«Ақ жол» фракциясының депутаттары