20
Желтоқсан

20.12.2023

Гемодиализ қызметіне министрліктің ұстанымы дұрыс емес!

Қазақстан Республикасы

Премьер Министрінің

орынбасары

Т. Б. Дүйсеноваға

 

«Ақ жол» Демпартиясына гемодиализ қызметтерін көрсететін жеке клиникалар тарифтерді қайта қарау мәселесін шешуге жәрдем көрсету туралы өтініштерін жалғастыруда.

Олардың мәліметінше, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» диализ орталықтарының 2021-23 жылдарға шығындарының көлемі 23% артқанын растағанымен, тарифті көтеру орынсыз деген желеумен одан бас тартып, басқа ағымдағы шығындарды ішкі оңтайландыруды жүзеге асыру туралы ұсыныспен шектелуде. 

Дегенмен, Қордың ұсыныстары күрделі шығындары мемлекеттік қосымша қаржыландырумен қамтамасыз етілетін мемлекеттік медициналық ұйымдар үшін ғана қолайлы. Сонымен қатар, бюджет қаражатынан олардың шығын материалдары мен дәрі-дәрмек сатып алулары қамтылады. Оған қоса, мемлекет есебінен медициналық персоналға жалақы төленеді.

Ал, осы қызмет түрін көрсететін барлық медициналық мекемелердің 90 пайыздан астамын құрайтын жеке клиникалар өз қажеттіліктерін Қор белгілеген тариф есебінен ғана жабуға мәжбүр, бұл оларға тек емдеу процесін ұйымдастыруға байланысты шығындар құнын өтеуге ғана мүмкіндік береді.

Осы мәселе бойынша біздің Фракция Денсаулық сақтау министрлігіне депутаттық сауал жолдап (ДС-397, 2023 жылдың 19 қазанында), сондай-ақ жазбаша түрде де жүгінген.

Ведомствоның берген жауаптарына сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ТМККК және МӘМС аясында қаржыландырылатын медициналық емес қызметкерлер еңбекақысының өсуін, сондай-ақ жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша қосымша шығындарының арттыруы нәтижесінде тарифтерді қайта қарау жоспарланған.

Іс жүзінде уәкілетті орган тарифтерді көтеру туралы сөз қозғағанда, негізгі бөлігі шетелден сатып алынатын дәрілік препараттар мен материалдардың тұрақты өсіп келе жатқан бағасы мен жеке клиникалардың инвестициялық және операциялық қызметін, сондай-ақ науқастарды тасымалдау және олардың тамақтануын есепке алмайды.

Осылайша, тарифті көтермеу бұл қызметтердің тоқтатылуына әкеледі. Ал бұл сөзсіз көрсетілетін қызмет сапасының нашарлауына, көптеген жеке гемодиализ орталықтарының жабылуына әкеліп соғады, сол арқылы 8000-нан астам диализді науқастардың 7200-і жеке орталықтарда медициналық көмек алатынын ескерсек, аталмыш жайт адамдардың өміріне қауіп төндіреді.

Тиісінше, бұл жағдай Конституцияның 29-бабының, атап айтқанда, азаматтың денсаулығын сақтауға және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығын бұзылуына әкеп соғады.

Сонымен қатар, Конституцияның 6-бабының, яғни, мемлекеттік және жеке меншік мүлік тең танылып, бірдей қорғалатыны туралы норма да бұзылуда.

Жалпы, бұл мәселе бизнестің заңды қызметіне кедергі ретінде қарастырылады және Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ұстанымы, жұмсартып айтса, дұрыс емес деп есептейміз.

Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы азаматтардың және гемодиализ қызметін көрсететін жеке емханалардың конституциялық құқықтарын қорғауды сұрайды.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

Е.Бейсенбаев

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

А.Садықов