13
Наурыз

13.03.2024

Кәсіпкерлер “Ақжолдан” түрмеден құтқаруды сұрады

Қазақстан Республикасының

Бас прокуроры

Б.Н.Асыловқа

Өздеріңізге белгілі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерді негізсіз қылмыстық қудалаудан қорғауды үнемі талап етіп келеді.  1 қыркүйектегі Жолдауында президент «Құқық қорғау органдарының кәсіпкерлерді қудалауын тоқтату керек.  Маған хабарлағандай, тыйымдарға қарамастан бұл тәжірибе әлі де жалғасып жатыр» деген болатын.

Қылмыстық заңнаманы оңтайландыруға арналған заң жобасын бүгін де қарастырдық.

Осы қатысты «Ақ жол» демпартиясына шағын және орта бизнес өкілдері  осындай мәселелермен хабарласуын жалғастыруда.

Мәселен, құқық қорғау органдары Қарағанды және Ақмола облыстарының 15 кәсіпкерін ҚТЖ жүйесінің қызметкерлеріне («Қазтеміртранс» АҚ) жүк вагондарын жеткізгені үшін пара берді деп, яғни «Қазтеміртранс» АҚ-ның лауазымды тұлғаларының міндетті әрекеті үшін айыпталып жатыр.

Алайда, кәсіпкерлер «Қазтеміртранс» АҚ-ның лауазымды тұлғаларының бопсалауына тап болғандарын, олардың монополиялық жағдайын пайдаланып, көлік тапшылығын жасанды түрде жасап, пара беруге мәжбүрлегенін, онсыз кәсіпкерлер қызметін жасай алмай, бизнесті тоқтату қаупі төнгенін хабарлап жатыр.

Одан бөлек, аталған кәсіпкерлердің барлығы құқық қорғау органдарына өздері келіп бұл фактілерді ерікті түрде хабарлаған.

Сондықтан, бастапқыда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ҚР ҚК-нің 367-бабының 2-тармағын негізге ала отырып, олардың барлығын қылмыстық жауаптылықтан босату туралы қаулы шығарған, оған сәйкес «Пара берген тұлға пара бопсалауына тап болса..., немесе бұл адам пара беру туралы құқық қорғау немесе арнайы мемлекеттік органға өз еркімен хабарлаған болса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады».

Яғни, Қылмыстық кодексте осы негіздердің біреуі бойынша да жауапкершіліктен босату көзделген; ал аталмыш жағдайда осы екі негіз де бар: бопсалау және ерікті хабарлау.

Алайда, көлік прокуратурасы пара алу фактілері сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына кәсіпкерлер өтініш бергенге дейін белгілі болғанын алға тартып, бопсалау фактісі мен ресми тіркелген мойындауды елемей, бұл қаулының күшін жойып, енді кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартып жатыр.

Нәтижесінде, заңға қарамастан бүгінде бұл кәсіпкерлерге 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.

15 ШОБ-тың иелері мен басшылары сотталса, барлығы ұтылатынын ескеру керек.

Олардың әрқайсысы 40-тан 300-ге дейін қызметкерді жұмыспен қамтып, небәрі үш жылдың ішінде бюджетке 2,7 миллиард теңгеден астам салық төлеген.  Сәйкесінше, жүздеген қызметкер жұмыссыз қалып, жұмыссыздар қатарына қосылып, бюджет салық төлеушілерінен айырылады. Ең бастысы, бұл кәсіпкерлерге қатысты әділеттілік принципі бұзылады.

Жоғарыда айтылғанды негізге ала отырып, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы көлік прокуратурасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің кәсіпкерлерді қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы қаулысының күшін жоюының заңдылығы мен негізділігін қарауды сұрайды.

Адвокаттардың арызы қоса берілген.

Құрметпен,

«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары

А.Садықов

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

Е.Бейсенбаев