ҚР
Премьер-Министрі
О.Бектеновке
ҚР Бас прокуроры
Б.Асыловқа
1.Мемлекет
басшысының бастамасымен салынып жатқан жаңа форматтағы 217 жайлы мектептің
құрылысы биыл, 2025 жылы бітуі тиіс. Бұл керемет ұлттық жобаның басты мақсаты –
апатты мектептерді, үш ауысымды оқытуды және оқушы орындары тапшылығын жою.
«Жайлы мектеп»
ұлттық жобасына Ұлттық қордан 2023 – 2025 жылдар кезеңінде 1 триллион 493 млрд
теңге бөлінді. (2023 жылы – 500 млрд теңге, 2024 жылы – 646 млрд теңге, 2025
жылы – 347 млрд теңге).
Үйлестірушісі -
Samruk-Kazyna Construction компаниясы.
Басында ұлттық
жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 842 мың оқушыға арналған 401 жаңа мектеп
салу қарастырылған еді. Жалпы бюджеті – 2,6 трлн теңге болған.
Кейін бюджет
тапшылығына байланысты 2024-2025 жылдары барлығы 740 мың оқушы орнына арналған
369 мектеп салу жоспарланды.
Алайда, Қазақстан
Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 19 желтоқсандағы №1079 қаулысымен,
қаржыландыру сомасы 1 трлн. 493 млрд. теңгеге дейін кемітіліп, құрылатын жаңа
оқушы орындары 460 400-ге дейін, 217 мектепке қысқартылды.
Ал, Жоғары
аудиторлық палата тексеруібойынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында, тек 2023 жыл
қорытындысы бойынша 311,9 млрд. теңге сомасында бюджет қаражатын тиімсіз
жоспарлау және пайдалану фактілері анықталды.
Осы «Жайлы мектеп»
жобасын іске асыру барысында мектеп құнын нақты бағадан бірнеше есе асырып
көрсетуден «социалистік жарыс» өткен секілді...
Мектептердің құны
9,6миллиард теңгеден асып кеткен...
2.Эйнштейн деген
данышпанның заңы бойынша барлығы салыстырмалы түрде анықталады.
Биыл 2025 жылғы
қаңтар айында өңірлерге депутаттық сапар барысында күшті жекеменшік мектептерді
көріп, жеке құрылыс компанияларымен кездескенде, «жайлы мектептер» құны жайсыз
асыра есептеуденпайда болғандығына көзіміз жетті.
Мысалға, Шымкент
қаласында «Zangar Bilim» ЖШС салған, өте жоғары деңгейде озық жабдықталған,
төрт қабатты, үш қанатты, 1338 оқушыға арналған 10 200 шаршы метр пайдалы алаңы
бар жекеменшік «Auzhan KTL» мектебінің құны 1,72 млрд. теңге. Демек, 1 оқушының
орны – 1 285 500 теңгені құрайды.
Бұл қаражатқа –
жер учаскесі, комуникация тарту, ұтымды жоба-сметалық құжаттама, заманауи
дизайн, 25 жыл кепілдігі бар қымбат қасбет-фасад материалдары, жоғары сапалы
гранит, айта берсек барлығы мықты, жоғары сапада салынған материалдар жатады.
Ал мектеп ішіне келер болсақ, кеңейтілген лабораториялар, компьютер және
интерактивті тақталар, жоғары сападағы парталар мен локерлер, оқу материалдары,
көрнекі құралдар, тіптен үйірмелерге қажет инвентарларға дейін алынған. Ас
әзірлеуге, музыка, тігін тігуге, үй жұмыстарын үйрену, жалпы 30 түрлі үйірме
бар, бизнес-мектеп, компюьтер жөндеу шеберханасы бар. Бір сөзбен айтқанда,
жайлы мектепке қойылатын талаптардан да артық, барлық материалдық-техникалық
база артығымен жабдықталған. Бұл еліміздегі ең мықты салынған жекеменшік мектеп
деуге болады.
Ал, көлемі осы
мектептен 138 орын аз болса да, 1200 орындық жайлы мектеп 6 млрд 413 млн 748
мың теңгеге салынуда, яғни бір орынның құны «Auzhan» мектебінен 4 еседен де
(4,16) көп!
Ал оқушы саны екі
еседен де аз, 600 орындық жайлы мектеп 4 млрд 600 млн 327 мың теңгеге салынған,
яғни бір орынның құны 6 есе артық!
Ал 2000 орындық
жайлы мектептер 9 млрд 630 млн-нан да асып кеткен!
3.Яғни, сапалары
бірдей болса да, жекеменшік мектеп құнынан «жайлы мектептің» құны 4-5 еседей
көп.
Бұл үкілеп сақтап
отырған Ұлттық қор қаржысының 4-5 еседей шығын болғаны емес пе?.
Сонда бір
мектептің орнына 4-5 мектеп салатын қаржы қайда кетіп жатыр? Бұл есепсіз
миллиардтардың сұрауы кімде? «Жайлы мектептерді» майлы мектептерге айналдырып
отырғандар кімдер?
Қарапайым қазақша
есептен туатын қарапайым қазақша сұрақ - Бізге бір мектептің орнына 4-5 мектеп
салуға, яғни1,5 триллион қаржыға 217 мектептің орнына 1000 мектеп салуға кім
кедергі болып отыр?
Президентіміз
«бюджет тапшылығында көрпеге қарай көсіліңдер, орынсыз артық шығындарды
доғарыңдар!»- дейді.
Ал біз бір
мектептің бағасын бес есе көтеріп қойып, болашақ ұрпағымызға арналса да,
бүгінде түбі көрініп қалған Ұлттық қорға қол салып, қол салғанда мол салып,
қарап отырмыз?!.
Мемлекеттік
сараптама бұл құны бірнеше есе асырып көрсетілген бағаларды қалай өткізген?
4.Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев “Ana tili” газетіндегі сұхбатында “Еліміздің
түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру
орталықтары салынды… Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін
пайдалы инвестиция деуге болады” деп, жергілікті кәсіпкерлердің еңбегіне жоғары
баға берді.
Қазір бой көтерген
мықты жекеменшікмектептердің жақсы нәтижесін көрген соң, әділетсіз тендер
өткізуді тоқтатып, шексіз есепсіз шығындарды жоятын уақыт жетті деп санаймыз.
Ол үшін
инвесторлар өздері жоба даярлап, олар уақытында бектіліп, жерді рәсімдеуге
кедергілер болмай, амортизациялық шығындардың 3 жылдық көлемі бірден төленіп,
қалған 5 жылы ай сайын төленсе, жеке кәсіпкерлердің үлкен ұмтылыстары пайда
болады.
Бұл мәселені
қозғау себебіміз, ел бойынша 2026 жылға 1,1 млн оқушы орнына мектептерде
дефицит болады деп отыр. Жайлы мектептер іске асқанымен де, әрі қарайғы
жағдайға көз салуымыз керек.
Демек, жылдық
инфляция мен АЕК индексациясын ескергеннің өзінде мектептер салуды жеке
инвестор-кәсіпкерлерге беру тиімді екенін көрсетіп отыр. Себебі, 9,6 млрд.
теңгені бөлуге қарағанда, жыл сайын оқушы орны санына 96 АЕК беріп отыру
әлдеқайда тиімді. Ең бастысы, жергілікті билік жер учаскесі мен коммуникация
тартып берсе, білім басқармасымен қажет аумақтар айтылып отырса, жеке
кәсіпкерлер бюджетке салмақ түсірмей, тапшы оқушы орындарын шешу үшін уақытылы
мектеп салу жүйесін қолға ала алады.
Бұл жүйе қолға
алынса жекеменшік инвесторлар бірқатар мәселелерді шеше алады:
1.Ең бастысы –
кәсіпкер мемлекеттің емес, өз қаржысын жұмсайтындықтан, ғимарат құнын
қазіргідей бірнеше есе жасанды көтеруге жол берілмейді.
2.Құрылыс жүргізу
мерзімі тым ұзақ болуын шектейді.
3.Кадрлармен
әділетті қамтамсыз ету.
4.Ұстаздарды
бәсекеге қабілетті жалақымен қамтамасыз ету.
5.Балаларды сапалы
тамақтандыру және арнайы тасымал қызметі.
6.Дарынды
оқушылармен арнайы жұмыс және оларға арналған толық жағдай жасау.
7.Халықаралық
білім беру жүйесін енгізу (мысалы, бір Шымкент қаласында 3 мектеп IB және
Cambridge бағдарламаларына үміткер болуда). Мысалы елімізде 14 IB мектеп бар,
олардың барлығы жекеменшік мектептер. Бірде-бір мемлекеттік мектеп осы күнге
дейін бұндай халықаралық бағдарламаларға авторизациялық өтінім бермеген.
8.Қызметкерлерге
әлеуметтік пакет (шипажай, фитнес, жәрдемақы басқа да әлеуметтік төлемдер)
9.Оқушыларды
толығымен оқулықтармен қамтамасыз ету.
Осы негіздемелерді
сенімді айтып отырған себебіміз - аз уақыт ішінде, бірнеше есе төмен қаражатпен
бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы мектеп салуға болатынын жеке инвесторлар
салған күшті мектептерімен дәлелдеп берді. Еліміздің ертеңі деп сенім артып
отырған болашақ ұрпақтарымыз жайлы жерде, сапалы білім алуы тиіс. Балаларымыз
мектеп тапшылығын сезінбей, еркін өсуі үшін бар жағдай жасалуы тиіс!
Біздің ұсыныстарымыз:
Мемлекет қаржысын
тиімді игеру үшін мектеп құрылыстары күмәні көп тендер тәсілімен емес, жеке
инвесторлардың ауқымды жобаларын қолдау арқылы салыну керек. Сонда өңірлерде
бәсекеге сай жекеменшік мектептер көбейеді.
Мектептер салу
үшін жеке кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жер учаскелері беріліп, олармен
сенімді серіктестік қатынас орнатылуы керек. Сонда стандартқа сай, бүгінгі
заман талабына лайықты ғимараттар өз мерзімінде, әрі артық шығынсыз салынады.
«Жайлы мектеп»
ұлттық жобасында әр мектептің құны бірнеше есе асырып көрсетілгендіктен,
қатаң тексеру жүргізілуі тиіс.
Құрметпен,
«Ақ жол» партиясы
фракциясының депутаттары:
Қазыбек
Иса,
Азат
Перуашев,
Дания Еспаева,
Ерлан Барлыбаев,
Серік Ерубаев,
Ержан Бейсенбаев.
Мақсат Толықбай - “Amanat” фракциясымүшесі.
Гүлдара Нұрымова -
бір мандатты депутат.