24
Шілде

«Ақ жол» демпартиясы Алматыда кәсіпкерлермен ауқымды форум өткізді

 «Ақ жол» демпартиясы сайлауалды науқан аясында Алматы қаласында отандық бизнес өкілдерімен ауқымды форум өткізді. Басқосуға шағын, орта және ірі бизнес өкілдері, салалық ассоциация басшылары мен сарапшылардан құралған 200-ден астам адам қатысты.

Форумның басты мақсаты — отандық кәсіпкерліктің өзекті түйткілдерін талқылап, бизнестің заңды құқықтарын қорғау және бірлескен заңнамалық бастамаларды әзірлейтін ашық диалог алаңын құру. Жиын барысында салық заңнамасын жетілдіру, әкімшілік қысымды азайту, негізсіз тексерістерге тосқауыл қою және ШОБ-ты несиелендіру мен субсидиялау тетіктерін тиімді ету мәселелері кеңінен сөз болды. Сондай-ақ отандық өндірісті қолдау мен импортты алмастыруды ынталандыру шараларына ерекше назар аударылды.

Басқосуда партия басшылығы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар Азат Перуашев, Олжас Нұралдинов және Серік Ерубаев сөз сөйлеп, кәсіпкерлердің сауалдарына тұщымды жауап берді. Атап айтқанда, «7R logistics» ЖШС директоры Оксана Сорокина көлік-экспедиторлар мен логистердің Қытаймен шекарада кездесетін жүйелі кедергілерін ортаға салды.

Ауқымды жиын «Ақ жол» демпартиясы мен «KIT» бизнес-ассоциациясы арасындағы ынтымақтастық меморандумына қол қоюмен аяқталды.

Өзгерістер қажет!