25
Шілде

«Ақ жол» партиясының төрағасы Астананың кәсіпкер әйелдерімен кездесті

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева елордалық кәсіпкер әйелдермен жүздесті. Партияның Астана қалалық филиалы ұйымдастырған шараға туризм, мейрамхана бизнесі, өндіріс, білім беру, сауда мен қызмет көрсету салаларындағы шағын және орта бизнестің 90-нан астам өкілі қатысты.

Әйелдер кәсіпкерлігі — басты назарда

Кездесу барысында партия басшысы Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауына арналған сайлауалды бағдарламаны таныстырып, әйелдер мен әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін сөз етті. Сондай-ақ салық заңнамасына қатысты партияның ұстанымына ерекше тоқталды.

Жиынның басым бөлігі еркін диалог форматында өтті. Кәсіпкерлер жоғары білім сапасы мен кадр тапшылығын, тауарларды таңбалаудағы артық бюрократияны және бизнеске түсетін салық жүктемесін көтерді. Дания Еспаева Құрылтай жұмысы басталғанда бұл мәселелер толық сараланып, әр бағыт бойынша бөлек кездесулер ұйымдастырылатынын атап өтті.

Сондай-ақ «Ақ жолдың» әйелдер қанаты бұл бағытты барлық өңірде жүйелі түрде дамытуға әрі қордаланған түйткілдерді шешуге ниетті екені айтылды.

«Әйелдер өз бизнесін кеңейтуі тиіс — бұл ұлттық идеяға айналуы қажет», — деді Дания Еспаева.

Жиын соңында партия төрағасы «Ақ жол» қатарына жаңадан өткен азаматшаларға партиялық билеттерді салтанатты түрде табыстап, қатысушыларды 23 тамызда өтетін сайлауда белсенді дауыс беруге шақырды.

Өзгерістер қажет!