26
Қараша

26.11.2025

«Ақ жол» демпартиясы Қаржы министрлігінің компаниялардың қарыздары үшін құрылтайшылардың субсидиарлық жауапкершілігі туралы бұйрығының күшін жоюды талап етті

ҚР Премьер-министрі

О. Бектеновке

 

2025 жылдың 31 қазанында Қаржы министрлігі "Салық төлеушілер (салық агенттері) қызметінің жойылуы, қайта құрылуы және тоқтатылуы кезіндегі салық міндеттемелерін орындаудың кейбір мәселелері жөніндегі" №654 бұйрығын шығарып, оның 6 тармақшасында "егер компанияның салықтық қарызын толық өтеуге мүлкі жеткіліксіз болса, онда қарызды құрылтайшылары өтеуі қажет" деп көрсетілген.

Егер мәселе ЖК туралы болғанда мұндай талап ақылға қонымды болып көрінер еді. Бірақ бұйрықта компаниялар, яғни, заңды тұлғалар жөнінде айтылғандықтан, заңнамалық актінің мұндай талаптары бизнестің негізгі заңдарына қайшы келеді.

Мәселен, Азаматтық кодекстің 44 бабы мен "Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен қосымша міндеттемелер" туралы заңның 2 бабында ЖШС қатысушылары серіктестіктің міндеттемелері бойынша жауап бермейді және өз салымдарының құны шегінде шығындар тәуекелін көтереді деп көрсетілген.

Еске сала кетейік, жауапкершілігі шектеулі компаниялар (ЖШС) өндірістік революциялар нәтижесінде пайда болған. Алғаш рет олар 1807 ж. Наполеон кодексі мен Францияның Сауда кодексінің (Code de Commerce) 33 б. бекітілген, онда да "қатысушылар салымдарының құны шегінен асқан шығындар тәуекелін көтермейді" делінген.

1811 ж. дәл осындай норма Нью-Йорк штатының «Act Relative to Incorporations for Manufacturing Purposes» заңында бекітілген.

Ал, ең танымалы Англияның 1855 жылғы ішектеулі жауапкершілік туралы заңы (Limited Liability Act) болды, бұл бизнесте шектеулі жауапкершілік қағидатын кеңінен енгізудің бастапқы нүктесі болып саналады, соның арқасында миллиондаған адамдар шағын болса да, өз бизнестерінің иелері атанып, кәсіпкерлік жаппай құбылысқа айналды.

Компанияның бұл түрі ойлап табылғанға дейін тек шығын қаупін көтере алатын ауқатты отбасылар ғана бизнеспен айналыса алатын.

Мәселен, шектеулі жауапкершілік әртүрлі құрылтайшылардан экономикаға аз мөлшерде қаражат жинауға және инвестициялауға мүмкіндік беріп, сонымен бірге оларды кәсіпкерлік тәуекелдерден қорғайды.

Себебі, көп жағдайда компаниялар қасақана ниетпен емес, несиелердің қымбаттылығы, сұраныстың төмендеуі, экономикалық дағдарыстар және т.б. сияқты объективті себептермен шығынға ұшырайды. Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, тіпті дамыған Еуропаның өзінде жаңадан құрылған ШОБ кәсіпорындарының жартысынан көбі алғашқы бірнеше жылда шығынға батады.

Ал егер капиталы аз адамдарға кәсіпорын қарыздарынан қорғау құқығы берілмесе, көпшілігі ақшаларын ресми түрде инвестициялаудың орнына жастықтың астында не көлеңкелі айналымда ұстауды жөн көреді, себебі, ЖШС қарыздары үшін ешкім ақшасынан ғана емес, жалғыз үйінен де айырылып, балаларының болашағын қатерге тіккісі келмейді.

Осылайша, Қаржы министрлігінің барлық қарызды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшыларына жүктеу тәсілі шағын және орта кәсіпкерлікті құрдымға кетіріп, бизнесті олигархтар ғана айналысатын шаруаға айналдырады. Бұл тіпті ХІХ ғасырға емес, сонау феодалдық қатынастар дәуіріне қайта оралу.

Біз бұл ереже 1 қаңтарда күшіне енетін жаңа Салық кодексіне байланысты пайда болды деп күдіктенеміз. Аталмыш бұйрыққа қарағанда, Қаржы министрлігі бюджеттік төлемдерді көбейтудің орнына, көптеген кәсіпкерлер жабылуға мәжбүр болады деп күтіп отырған сияқты. Сол кезде мемлекеттік органдар халықаралық экономикалық қағидаттарды бұза отырып, кәсіпкерлердің жеке мүлкін тәркілеуге көшпек.

Алайда, заңға сәйкес, мұндай тәркілеу тек компанияны әдейі банкроттыққа ұшыратудың, оны жалған банкрот деп жариялаудың немесе банкроттық рәсіміне қасақана кедергі келтірудің жеке кінәсі дәлелденген жағдайда ғана мүмкін болады. Ал мұндай кінәні өз қалауы салық органдары бойынша емес, тек сот қана анықтай алады.

Бірақ аталмыш бұйрық БАРЛЫҚ кәсіпкерлерді сот шешімінсіз кінәлі деп танымақ, бұл, сонымен қатар, сотта басқасы дәлелденбейінше, бизнестің адалдығы презумпциясын белгілейтін Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы.

«Ақ жол» фракциясы мұндай қадам жасау арқылы Қаржы министрлігі өз өкілеттігін асыра пайдаланып, өз бұйрығын жоғарыда аталған заңдар мен екі Кодекстің ережелерінен жоғары қойды деп санайды.

Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясы мынаны талап етеді:

1. Заңға өрескел қайшы келіп, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзатындықтан Қаржы министрінің міндетін атқарушының №654 бұйрығын дереу жою.

2. Министрліктің өкілеттігін асырған және Азаматтық пен Кәсіпкерлік кодекстеріне, сондай-ақ, «Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер және қосымша міндеттемелер туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға қайшы келетін норманы заңнамалық актіге енгізуге жол берген Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қызметтік тергеу жүргізу.

 

Құрметпен,

«Ақ жол» фракциясының депутаттары

А.Перуашев

Д.Еспаева

Қ.Иса

Е.Барлыбаев

С.Ерубаев

О.Нуралдинов