ҚР
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды
интеллект және цифрлық даму министрі
Ж.Х.
Мадиев мырзаға
Ақпанның 10 күні өткен Үкімет отырысында Президент Тоқаев көктемгі су тасқындарына толық дайын болуды тапсырды. Ол заманауи цифрлық болжау және әрекет ету құралдарын белсенді қолдану қажеттігін ерекше атап өтті.
Гидрологиялық қызметтердің болжамына сәйкес, биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде, соның ішінде Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақста және Абай облыстарында айтарлықтай су тасқыны қаупі күтілуде. Ал, тасқын кезінде электрмен жабдықтау желілерінің немесе ұялы байланыстың базалық станцияларының зақымдануы елді мекендер мен жекелеген аумақтарды байланыссыз қалдыруы мүмкін.
Мұндай жағдайларда тұрақты байланысты қамтамасыз ету тек технологиялық ғана емес, азаматтардың қауіпсіздігі мәселесіне де айналады.
Жыл сайын елімізде тұрақты байланыстың болмауы адамдарды құтқару үдерісін айтарлықтай қиындататын жағдайлар орын алады. Қыста боран мен бұрқасын салдарынан жүздеген шақырым автожолдар жабылып, адамдар елді мекендерден және ұялы байланыс тұрақты қамтылған аймақтардан шалғай жерлерде қалып қояды. Жол-көлік оқиғаларынан кейін жүргізушілер мен жолаушылар жедел жәрдем немесе полиция шақыра алмай қалатын жағдайлар да жиі кездеседі.
Әсіресе, шалғай және таулы аймақтарда байланыс мәселесі өзекті. Құтқару қызметтерінің мәліметінше, соңғы бес жылда Алматы тауларында ғана кемінде 20 адам қаза тапқан. Сонымен қатар жыл сайын жүздеген төтенше жағдайлар мен іздестіру-құтқару операциялары тіркеледі, ал соңғы жылдары 600-ден астам турист пен демалушыға құтқарушылар көмегі көрсетілген.
«Ақ жол» демпартиясы шалғай және қолжетімсіз жерлерде спутниктік байланыс технологияларын пайдалану қажеттілігі мәселесін бірнеше рет көтерген еді. Тиісті депутаттық сауалдар 2021, 2022 және 2023 жылдары жолданған (ДС-326, 18.11.2021 ж., ДС-274, 30.09.2022 ж., ДС-456, 01.12.2023 ж.).
2025 жылғы 20 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясының кенішінде болған қайғылы апаттан кейін бұл мәселе қайтадан депутаттық сауалда көтеріліп, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету үшін тұрақты байланысты қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударылды. Біз шахталарда және басқа да шалғай өндірістік нысандарда Starlink спутниктік байланысын пайдалануға мүмкіндік беруді сұрадық.
Цифрлық даму министрлігінің жауаптарында мұндай нысандар үшін дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымды салу көбіне экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігі, спутниктік байланыс технологиялары балама тәсіл бола алатыны айтылған. Алайда олардың практикалық енгізілуі әлі де шектеулі күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар әлемде Direct-to-Cell
спутниктік мобильді байланыс технологиясы қарқынды дамып келеді. Оның
ерекшелігі – 4G/LTE арналған кәдімгі смартфондар қосымша құрылғыларсыз және
жерүсті базалық станцияларды орнатуды қажет етпей-ақ төмен орбиталық
спутниктерге тікелей қосыла алады.
Мұндай жүйеде спутниктер ғарыштағы мобильді базалық станциялар қызметін атқарып, дәстүрлі байланыс инфрақұрылымын салу экономикалық немесе техникалық тұрғыдан қиын болатын ауқымды аумақтарды байланыспен қамтиды. Алғашқы кезеңде бұл технология хабарламалар, координаттар және көмек сигналдарын жіберуге мүмкіндік береді. Қамту аймағы жоқ жағдайда дәл осындай минималды байланыс азаматтарымыздың өмірін сақтап қалуда шешуші фактор болуы мүмкін.
Біз цифрландыруды дамыту ең алдымен азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға қызмет етуі тиіс деп санаймыз. Егер заманауи технологиялар қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берсе, оларды енгізу барынша жедел жүзеге асырылуы қажет.
Осыған байланысты «Ақ жол» демократиялық партиясы келесі сұрақтарға жауап беруді сұрайды:
1. Елімізде
Direct-to-Cell форматындағы спутниктік байланыс технологиялары немесе ұқсас
шешімдер сынақтан өтті ме, және олардың нәтижелері қандай?
2. Қазіргі таңда Қазақстанда мұндай
технологияларды енгізуге қандай нормативтік немесе техникалық шектеулер кедергі
келтіруде?
3. Төтенше жағдайларда азаматтарды
минималды байланыспен қамтамасыз ету үшін спутниктік мобильді байланыс
шешімдерін іс жүзінде қандай мерзімде енгізуге болады?
Құрметпен,
«Ақ
жол» фракциясының депутаттары:
О.Нұралдинов
А.Перуашев
Д.Еспаева
Е.Барлыбаев
Қ.Иса
С.Ерубаев