ҚР Еңбек және халықты
әлеуметтік
қорғау министрі
А. М.
Ертаевқа
Мемлекеттік басқаруды
цифрландыру бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтуы керек. Алайда, HR
Enbek (ЕШЕАБЖ) платформасының жұмыс істеуі кері нәтиже көрсетуде: жұмыс
берушілерге заңнамада көзделмеген және практикалық мәні жоқ басы артық шарттар
танылып отыр.
Мәселен, Еңбек кодексі еңбек
қатынастары туралы деректерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне
(ЕШЕАБЖ) енгізуге міндеттейді. Дей тұрғанмен, жүйе функционалы қарапайым есепке
алу аясынан әлдеқашан тыс қалған.
Әлеуметтік кодекстің
103-бабында көзделген жұмыс берушілердің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу туралы
міндетіне қарсы келмесек те, персоналды іріктеуге нақты қажеттіліктің
бар-жоғына қарамастан, барлық бос жұмыс орындарын Электрондық еңбек биржасына
міндетті түрде орналастыру туралы талапты негізсіз деп санаймыз.
Шын мәнінде, мұндай тәсіл
жұмысқа орналасудың негізгі мақсатын әкімшілік талаптарды формальды түрде
орындау деңгейіне дейін түсіріп, бірқатар теріс салдарды тудырады.
Біріншіден, жұмыс берушілер
қажетті кандидат анықталып қойған жағдайда да бос жұмыс орыны туралы хабарлама
жариялауға мәжбүр. Басқаша айтқанда, бұл әкімшілік жауапкершілікке тартылмау
үшін бизнесті жалған жұмыс орындары туралы хабарлама жариялауға итермелеу.
Екіншіден, мұндай тәжірибе
жұмыс іздеушілердің жалған жұмыс орындарын зерттеп, ол жөнінде пікірлерді
сараптауға қажетті уақытын зая кетіреді. Нәтижесінде, шынайы жұмыс орынын
табуға кедергі келтіретін қолдан жасалған жұмыс орындарының нарығы пайда
болуда.
Алдағы қайта құру және штат
санының қысқаруына байланысты жұмыстан босатылатын қызметкерлер туралы
мәліметтерді алдын-ала ұсыну талабы да негізсіз.
Заңнамада еңбек шартын
бұзудан бір ай бұрын қызметкерлерді хабардар ету көзделген. Алайда, бұл уақыт
аралығында кадрлық жағдай өзгеруі мүмкін: қызметкерлер басқа лауазымдарға
ауысуы, өз еркімен жұмыстан шығуы, ал, жұмыс беруші штат құрылымын қайта қарап,
қысқартудан мүлдем бас тартуы да мүмкін.
Осылайша, жүйе жұмыс берушіні
әлі орын алмаған кадрлық өзгерістер туралы есеп беруге және дұрыстығына
кепілдік беру мүмкін емес мәліметтерді тіркеуге міндеттейді. Бұл еңбек
қатынастарын есепке алу емес, әкімшілік жүктемені жасанды түрде арттыру.
Бұдан бөлек, еңбек
шарттарындағы деректер мен міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік
аударымдар туралы мәліметтер арасындағы сәйкессіздіктер жөніндегі хабарламалар
да түсініксіздік туғызады. Мұндай хабарламалар қызметін уақытша тоқтатқан
ұйымдарға да, сондай-ақ, деректердегі айырмашылықтар объективті себептерге
байланысты туындаған жағдайларда да жолданады.
Мемлекеттік органдардың
түсіндіруінше, мұндай хабарламалар ақпараттық сипатқа ие және бұзушылық
жасалғанын білдірмейді. Осы орайда келесі сұрақ туындайды: орын алмаған
бұзушылықтар туралы ескертудің не қажеті бар?
Сондай-ақ, бос жұмыс
орындарын жариялау кезінде жұмыс берушінің электрондық картадағы нақты
мекен-жайын міндетті түрде көрсету функционалы да сұрақ тудырады. Мұндай
географиялық дәлдіктің еңбек қатынастарын есепке алуда қандай құндылығы бар?
Одан бөлек, порталда
орналастырылған нұсқаулықтардың басым бөлігі 2021 жылмен мерзімделген және HR
Enbek жүйесінің қазіргі функционалын қамтымайды. Соның салдарынан жұмыс
берушілер жүйенің қолданыстағы талаптарын ескермейтін, пайдаланушыларды
жаңылыстыратын ескірген түсіндірмелерді басшылыққа алуға мәжбүр.
Порталдағы жаппай техникалық
ақаулар мен жүйеге қол жеткізудегі кемшін мәселелер де жұмыс берушілерге
жүктелген міндеттердің орындалуына елеулі кедергі келтіруде.
Лауазым атауларының дәлме-дәл
сәйкес келуі талап етілетін Ұлттық қызметтер жіктеуішіне (ҰҚЖ) қатысты да
бірқатар мәселе бар. Тіпті, тұжырымдағы болмашы айырмашылықтың өзі сөзсіз
жауапкершілікке алып келеді.
Ал, осы және өзге де
талаптарды орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін 30-дан 200 АЕК-ке
дейін айыппұл қарастырылған. Яғни, мемлекет алдымен артық әрі негізсіз талаптар
қойып, кейін сол талаптарды орындамағаны үшін жұмыс берушілерді жауапқа
тартады.
Жоғарыда айтылғандардың
негізінде, «Ақ жол» ҚДП депутаттық фракциясы келесіні талап етеді:
1) HR Enbek (ЕШЕБЖ) порталы
функционалын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі тұрғысынан кешенді
тексеруді;
2) ЕШЕБЖ-ға енгізілуге
міндетті мәліметтердің толық әрі нақты тізбесін бекітіп, еңбек қатынастарының
туындауы мен тоқтатылуын есепке алуға қатысы жоқ және заңнамада көзделмеген
барлық артық талаптар мен хабарламаларды алып тастауды;
3) Жұмыстан босатылатын
қызметкерлер туралы мәліметтерді жұмыс берушідегі нақты кадрлық өзгерістер мен
түпкілікті бекітілген штат құрылымын ескере отырып енгізуді қамтамасыз етуді,
сондай-ақ, жүзеге аспауы мүмкін болжамды өзгерістер туралы есеп беру міндетін
алып тастауды;
4) Міндетті мәліметтерді
ешбір қосымша талаптарсыз енгізудің техникалық мүмкіндігін қамтамасыз етуді,
сондай-ақ, жұмыс берушілердің еркінен тыс туындаған бұзушылықтар үшін оларды
жауапкершілікке тартуға жол бермейтін жүйедегі техникалық ақауларды тіркеу
тетігін енгізуді.
Құрметпен,
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары
А. Қожахметов
Д. Еспаева
О. Нұралдинов
М. Шынасилова
Е. Юсупов
Д. Ахметжаев
Б. Бибаев
Ю. Ли