28
Мамыр

«Ақ жол» депутаты Мақсат Раманқұлов Жамбыл облысының еңбек ұжымдарына конституциялық өзгерістерді түсіндірді

28 мамыр 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Жамбыл облыстық филиалы

Елдегі саяси бетбұрыстардың бастауы болатын, халық таңдау жасайтын референдумға санаулы күндер қалды. Парламент Мәжілісіндегі «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшесі, халық қалаулысы Мақсат Раманқұлов  Жамбыл облысына келген жұмыс сапарында өңірдегі бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, ел өміріндегі маңызды күн – референдум туралы айтып, Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді түсіндірді.

Алғаш Тараз қаласындағы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалына барып, филиалдағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, ұжыммен кездесу өткізді.


Жиында партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсекүл Әбдісаттарова өңірге референдумды өткізу және оған дайындық барысын түсіндіру мақсатында арнайы жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты  Мақсат Раманқұловтың келгеніне атап өтіп, кездесудің маңызына тоқталды.

Жамбыл өңірі тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп отырған «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалына жұмысшыларының өтініш-тілектерін тыңдаған Мақсат Раманқұлов саяси реформалар – елдегі үлкен бетбұрыстар кезеңі екенін атап өтті. Ал Конституцияға енгізуге ұсынылып отырған өзгерістер саяси реформаларға құқықтық тұрғыда негіз болатынын жеткізді.

«Сондықтан, халықтың өзіне таңдау жасау мүмкіндігін беретін референдум – ел тарихында лайықты орын алар елеулі оқиға. Себебі, халықтың таңдауы ең жоғарғы заңдық күшке ие болады: ел қолдаса, Қазақстанның жаңарған Конституциясы қолданысқа енеді», - деді халық қалаулысы.

Мұнан соң депутаттың Жамбыл облысындағы жұмыс сапары Сарысу ауданында жалғасын тапты.


Мәжіліс депутаты Мақсат Раманқұлов пен «Ақ жол» ҚДП-нан Жамбыл облыстық мәслихатына сайланған депутат Шыңғыс Әбдрахманов Жаңатас қаласындағы «Шапағат» ЖШС-ның ұжымымен кездесіп, Конституцияға енгізілгелі отырған өзгерістерді түсіндірді. 5 маусымда өтетін республикалық референдумға дайындық пен ұсынылып отырған өзгерістерге тоқталды.

Халық қалаулысы Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгерістермен таныстырып, референдумда азаматтық белсенділігін таныту – ел азаматтарының міндеті екенін атап өтті.

Тұрғындар елдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани өмірінде өзгеріс болғанын күтеді. Сондықтан, дауыс беру, таңдау жасаудың талаптарын білуге асығуда. Саяси реформаларды жүзеге асырудың құқықтық негізі – референдум. Халықтың өзгерістерден үлкен үміт күтетіні де содан.