16
Қыркүйек

«Ақ жол» партиясы «Абай арманы - тәуелсіз қазақ елі" атты халықаралық мүшәйра жариялайды

16 қыркүйек 2020 жыл, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

         «Ақ жол» партиясы қазақтың ұлы ақыны, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Қазақ Республикасының 100 жылдығына арнап  «АБАЙ АРМАНЫ - ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ" атты халықаралық мүшәйра

жариялайды.

"Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп жырлап өткен  ұлы ақынымыз Абайдың арманы қазақты биіктен көріп, озық елдермен қатар тұруын армандап  кетті. Сондықтан теңіздей терең көркем жырлары мен көрегенді ойлары әлі күнге  бағыт-бағдар беріп келеді.

Ұлы Абай ұлағаты қазақ халқына мәңгілік рухани  азық бола беретіні анық.

Қазақтың байтақ жерін түгендеп, алып шекарасын шегендеп берген де осыдан 100 жыл бұрын Алаш қайраткерлері болды.

Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның іргесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құрылған Қазақ автономиялы республикасына тіреледі.

1920 жылы құрылған Қазақ КАСР-інің құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр.

Бұл айтулы датаны мемлекеттік деңгейде жалпыұлттық мерекеге айналдыруды алғаш қозғаған,  Алаш партиясының ізбасары ретінде қайрат танытып келе жатқан  «Ақ жол» партиясы екені белгілі.  «Ақ жол» енді осы атаулы мерекеге арналған  халықаралық  мүшәйра  жариялап отыр.

Мүшәйраның мақсаты – ұлы ақынымыз Абайдың  еліміз тарихындағы зор тұлғасы мен мұраты асыл мұрасын жырлау.

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі келбеті мен мемлекеттігіміздің  негізі болып табылатын Қазақ автономиялы республикасының маңызы және оны құрудағы Алаш арыстарын тарихи еңбегіне баға беру; жас ұрпақты патриоттық-тағылымдық тәрбиеге баулитын   Тәуелсіз Қазақстанның «Мәңгілік ел» ұлттық идеясынан туындайтын  Қазақ тарихындағы қалдырған ізі зор қайраткер тұлғалардың ерен еңбектерін  жырлау;  рухани ұлттық мұрамыз бен елдік-ерлік құндылықтарымызды ұлықтау.

Мүшәйраға бұрын жарияланбаған   кемінде  3 өлең қабылданады. Оның біріншісі - ұлы Абай тақырыбына арналады. Екіншісі - Қазақ Республикасын құрудағы Алаш арыстарының рөлі. Үшіншісі еркін тақырыпқа арналады.

Бас жүлде біреу – 1000 000 теңге.

Бірінші орын біреу –  700 000 теңге.

Екінші орын екеу – 400 000 теңгеден.

Үшінші орын үшеу – 300 000 теңгеден.

Арнаулы  сыйлықтар бесеу– 200 000 теңгеден.

Шығармаларды қабылдау мерзімі 2020  жылдың 15 қарашасына дейін.

Авторлар  А4 пішімді 1-ші  конвертке бүркеншік атымен жазылған шығармасының компьютерге басылған үш данасын  және электронды нұсқасын жолдайды. 2-ші кіші пішімді конвертке автордың шын аты-жөні, 6х9 фотосуреті,  мекенжайы, телефондары, эл.поштасы жазылып, аузы бекітіліп, ол 1-ші конвертке салынады.

Қабылдау орындары: Астана қаласы,  30, 8 қабат. «Ақ жол»  партиясының  орталық кеңсесі,  8-7172-602-682,  press-akzhol@mail.ru

Алматы қаласы, Қалқаман ықшамауданы-3, К.Сейітов к-сі 11, «Қазақ үні» газеті редакциясы, тел 8-727-398-57-31,  qazaquni@mail.ru.

Мүшәйра жүлдегерлері мен іріктелген жырлар «ТҰРАН» баспасынан жеке кітап болып шығады.

Ескерту:   Жүлдегерлер Астана  немесе Алматы қаласына келіп-кету жол қаржысы мен жатар орны шығынын өздері көтереді. Қазылар алқасының шешімі қайта қарауға жатпайды.

Ұйымдастыру алқасы: «Ақ жол» партиясы