09
Қыркүйек

«Ақ жол» партиясы Оралда қайырымдылық шарасын өткізді

8 қыркүйек 2020 жыл, "Ақ жол" партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы

«Ақ жол» демократиялық партиясы Орал қаласында қайырымдылық шарасын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Ақ жол» партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары Рада Хайрушеваның мәлім еткеніндей, шара барысында «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға мектеп құрал-жабдықтары табыс етілді.

Басқосуға қатысқан қалалық мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясы облыстық кеңесінің мүшесі Валерий Власов шәкірттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, олардың сауалдарына жауап берді.

Жалпы, В.Власов жиырма жылдай уақыттан бері «Шаңырақ» жасөспірімдер үйін назардан тыс қалдырмай, оның ғимаратын жөндеуге, басқа да жұмыстарға өз үлесін қосып келеді. Бұрын «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне басшылық жасаған ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Қанат Қырықбаев «Ақ жол» партиясының осынау мекемеге қиын кезде де қолұшын созып, тұрақты қамқорлық жасап келе жатқанын жеткізді. «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің басшысы Өмірбай Қалымбетов балалар үйлерінде жиі кездесетін толғақты мәселелерді ортаға салды. «Біз кездесуде талқыланған мәселелерді шешу жолдарын қарастырамыз. «Ақ жол» партиясының осы бағыттағы қызметі алдағы уақытта да жалғасатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Рада Хайрушева.