09
Қыркүйек

«Ақ жолдың» Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен елордада Зияда Ижанұлының 10 томдық кітабының тұсаукесерін өткізді

9 қыркүйек 2019 жыл, «Ақ жол» партиясының Маңғыстау облыстық филиалы

Нұр-Сұлтан қаласы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының ұйымдастыруымен КСРО және ҚСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері, белгілі тарихшы, мұрағатшы-ғалым, аудармашы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, 400-ден астам мұрағаттық зерттеу мақалаларының авторы, марқұм Зияда Ижанұлының «Ащы сабақтар», «Асыл қазына», «Жаралы жылдар», «Мангышлак», «Тургайская область», «Тобанияз», «Аламесек», «Аласапыран», «Асыл мұра» «Тәркілеу қасіреті» атты 10 томдық кітаптарының тұсаукесері өтті.

Бұл жиынға Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылары, З.Ижанұлының ұрпақтары, студенттер мен магистранттар, Нұр-Сұлтан қаласында тұратын зиялы қауым өкілдері, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясының басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Аталмыш шара тізгінін ЕҰУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жүргізіп отырды.

- Іздеушісі жоқ болса, көп нәрсе ұмыт қалады. Артында қалған материалдарды жинақтап, ұрпақтары 10 томдық кітап қылып шығарып, оқырман қауымның игілігіне ұсынып отыр. Бұл үлкен еңбек. Осыдан екі жыл бұрын төрт томдық кітабының тұсаукесер рәсіміне куә болғаным бар, - деді Дихан Қамзабекұлы.

Содан кейін кеш иесі марқұм Зияда Ижанұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Мұрағат ісінің майталманы» атты деректі фильмді тамашалаған көпшілік 10 томдық кітаптың тұсаукесер рәсіміне куә болды.

Тұсакесер рәсімге «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, ҚР ҰҒА академигі Рахметқажы Берсімбаев, филолог-ғалым Шәкір Ыбыраев, ақын, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса, партияның Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Матаев Жаңбырбай және жазушының ағайын-туыстары қатысып, Зияда Ижановұлының шығармашылығы туралы кеңінен әңгімелер қозғады.

Өз кезегінде сөз алған көрнекті ғалым Шәкір Ыбыраев:

- Біз бүгін елдің тарихы туралы мол мағлұмат беретін құнды еңбектердің тұсауын кесіп отырмыз. Байқағаным, марқұмның құжатқа мұқияттығы керемет болған. Бұл 10 томдық тарихшы-зерттеушілерге азық болады деген ойдамын. Ең бастысы, кітап ғылымның айналысына түсті, осындай еңбекке мол тер төккен шығармашыл топқа және ұйымдастырушыларға ризамын, - деді.

Шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері Зияда ағаның республика үшін сіңірген еңбегі мен Абай Құнанбаевтың қолтаңбасын тапқанын ерекше атап өтті. Әсіресе ұлы ақынның 175 жылдығында Абайдың өз қолы мерейтойлық таңбада тұруы керек деген де ойлар айтылды.

Сонымен қатар, жиналған көпшілік осындай құнды еңбекті қолжетімді қылып, халыққа сыйлап отырған балаларына алғыс білдіруді де ұмытқан жоқ.

Алаштанушы-ғалым Сұлтан-Хан Аққұлы, елтаңба авторы Жандарбек Мәлібек, академик Рахметқажы Берсімбай, ақын Қазыбек Иса, Алаш қайраткерлерінің ұрпағы Жамбыл Кемелов және кеш иесімен қызметтес болған жандар сөз сөйлеп, өз естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында тұсауы кесілген кітаптардың бір парасын тарихшы ғалымдар мен ЕҰУ кітапханасына сыйға тартылды.

Ұйымдастырушылар осы 10 томдық кітаптың шығуына атсалысып, құнды еңбектердің баспа бетін көруіне мұрындық болып төрағалық еткен Матаев Жаңбырбай Жәнібекұлы мен әке аманатын жүрек сүзгісінен өткізіп, бойына сіңіріп, жинақтап, құрастырып баспаға дайындаған Дина Зиядақызы және Зияда Ижанұлының немересі кәсіпкер Айдар Амантайұлы мен қызы Бақыт Зиядақызына, сондай-ақ, осы шараны өткізуге үлкен қолдау білдірген ЕҰУ ұжымына зор алғыс білдірді.