19
Тамыз

АЙМАҚТАҒЫ КЕЗДЕСУ АГРАРЛЫҚ САЛАДАН БАСТАУ АЛДЫ

19 тамыз 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Азамат Әбілдаев 2021 жылдың 16-19 тамыз күндері, Алматы облысының Балхаш, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарындағы аграрлық фирмаларды аралады.

Кездесуге "Қазақстанның Ет одағы" Басқармасының төрағасы Асылжан Мамытбеков, серіктестік басшылары мен жеке шағын шаруа қожалықтарының жұмысшылары қатысты.

Халық қалаулысы "Dinara-Ranch"» Агрофирмасы» ЖШС, "ӨТЕС" Агрофирмасы ЖШС, «Ескелді» Агрофирмасы ЖШС,  «АФ Бірлік» ЖШС, «Желтұран», «Ынтымақ» агрофирмалары мен жеке шағын шаруа қожалықтарының ұжымымен кездесіп, олардың жәй-күйі, жем шөп даярлау үшін жасалып жатқан жұмыстарымен танысты.

"Dinara-Ranch"» серіктестігі 2008 жылдан бері мал шаруашылығын дамытуға үлкен үлес қосуда. Серіктестік оңтүстік өңірінде етті ірі қара малды өсіріп-өндіру жөніндегі ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Компанияның меншігінде мал шаруашылығына арналған кешен, көктем мен күзгі жайылымдық жерлердің үлкен алқаптары, қысқы уақытта малды азықпен жеткілікті қамтамсыз ету үшін суармалы жерлері бар. Онымен қоса  ғалымдармен бірге жүйелі селекциялық және асыл тұқымды жұмыстар жүргізіледі.

Аталған агрофирма АҚШ-тан Герефорд тұқымының ірі қара малын Қазақстан тарихында алғашқы рет өз қаражаты есебінен жеткізуді жүзеге асырған, Қазақ ақ басты сыйыр тұқымын көбейтіп, оның барлығын табиғи азық алқаптарын барынша пайдалану арқылы ауыр салмақты тұтас етті алу жолын жүйеге қойған бірегей компания.

Қазіргі таңда, Герефорд тұқымы 5375 бас болса, қазақтың ақбас сиыры 390 бастан асады.

Одан әрі Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев және кездесуге қатысушылар агрофирманың 5000 нан аса Абердин-Ангус асыл тұқымды сиыр табынын бағып отырған жұмысшылармен кездесті.

Олар Шотландияның Абердиншир және Ангусшир графтығынан екі ұқсас асыл тұқымды сиырды будандастырудан Абердин-Ангус тұқымын алған. Тұқымның артықшылығы ретінде еті жұмсақ, жіңішке талшықты, мәрмәрлік дәрежесі жоғары екенін айтты. Қазіргі уақытта бұл тұқымды сиырлардың саны 6551 бастан асқан.

Кездесуде серіктестік басшылары мен жұмысшылары мәселе көтеріп, толғандырған сұрақтарын қойды. Басым көпшілігі жем-шөп бағасының шарықтап тұрғаны жайында болды.

  • «Расында биыл Қазақстанның көптеген өңірінде жем-шөп табу қиындығы туып тұр. Бізде де осы жағдай бар. Өйткені құрғақшылық, суару үшін судың жетіспеушілігі, техника мен жанармайдың қымбаттығы шөп жинауға әсер етті. Осының кесірінен біз жаппай малды сатуға ұшырауымыз мүмкін», - деді серіктестік басшылары.

Жем-шөп жетіспеушілігін болдырмау үшін фермерлерге берілетін субсидияны күзде тағы да берсе деген ұсыныстар айтылды.  

Бұл мәселені Мәжіліс депутаты қаперіне алып, үкіметке халықтың жанайқайын жеткізетінін мәлімдеді.

Мал жайылымын аралаған депутат өңірдегі мал санын арттырып отырған шаруаларға ризашылығын білдірді.