07
Қантар

"Ақ жол" Демократиялық партиясы Ұлттық кеңесі Президиумының Мәлімдемесі

7 қаңтар 2022 ж, 16 сағ. "Ақ жол" демократиялық партиясы

Құрметті қазақ Елі.

Соңғы күндердегі оқиғалар баршамызға мәлім. Бұл сынақтан «Ақ жол» партиясы да халықпен бірге өтуде.4 қаңтарда барлық облыстық және қалалық филиалдарымен он-лайн конференция өткізіп, әріптестерімізге - көпшілікті сабырлыққа, көтерілген проблемаларды бейбіт жолмен шешуге, тәртіп бұзбауға шақыруды, мемлекеттік органдарға көмек көрсетуді тапсырдық.

Кейінгі күндері, интернет болмаса да, әр аймақта филиалымыздың төрағаларымен байланыста болып, ортақ жұмысымызды үйлестіруге тырыстық.

Кемедегінің жаны бір. «Ақ жол» партиясының мүшелері осы тағдыр шешуші күндерде ауыртпашылықты елмен бірге көтеріп жатыр. Аймақтардағы ақжолдықтар қиындыққа душар болғандарға азық-түлікпен қамтамасыз етіп, тұрғындарды қорғауға жігіттерді ұйымдастыруда.

Мысалы, Ақтөбеде Асқар Садықов жолда қалған поездағы 700-ден астам жолаушыларды тамақтандырса, ал Жамбыл филиал басшысы Мұқан Шалқарбеков Шу қаласын қорғаған жігіттерді ұйымдастырды. Алматылық Арман Исмаилов достарымен аурухананы қорғауға тырысты.Басқа кәсіпкер-ақжолдықтар да бизнес ошақтары мен тұрғын үйлерді қорғап, игі бастамалардан шет қалған жоқ. Мәжілістегі ақжолдықтар бірінші күннен бастап террористер ойран салған Алматыға баруға әрекет жасады, казір де соған комендатурадан рұқсат сұраудамыз.

Өкінішке орай, осы ауыр күндерде бірнеше Ел қорғаған полиция мен әскери қызметкерлер құрбан болды. Партиямыздың сайлаушылары атынан осы батырлардың туған-туыстарына ауыр сезіммен көңіл айтамыз.

Бүкіл Елімізге, ең алдымен құқық қорғау қызметкерлеріне - осы сынақта көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін біздің шексіз алғысымызды білдіргім келеді.

Президенттің мәлімдемесі бойынша төңкеріс әрекеттері әлі аяқталған жоқ. Елімізді лаңкестерден тазарту жұмыстары жалғасуда. Сын сағатта өзін мықты жетекші, қайсар мінезді басшы екенін көрсеткен Президент Тоқаевтың қасында бірігіп, партияға, жүзге, ұлтқа бөлінбей, бүкіл Елімізді - Алаш армандаған Тәуелсіз мемлекетімізді қорғау мен қолдауға шақырамыз.

Одан артық байлық жоқ, осыдан биік міндет жоқ.Мықты болайық, Қазақ Елі мәңгі болсын!