07
Мамыр

«Ақ жол» демпартиясының 20 жылдығына орай Атырауда шағын футболдан аймақтық жарыс өтті

7 мамыр 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының Атырау облыстық филиалы

2022 жылдың 7 мамырында «Ақ жол» демократиялық партиясының құрылғанына 20 жыл толуына орай «Береке» спорт кешенінде шағын футболдан «Ақ жол СUP – 20» аймақтық ашық турнирі өтті. 

Мұнда еліміздің батыс өңірлерінен жиналған медицина қызметкерлері сынға түсті. Турнирде барлығы 7 команда бақ сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев және партияының Атырау облыстық филиалының төрағасы Ермекқалий Юсупов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорт додасына қатысушыларды қолдау үшін арнайы келген мәслихат депутаттары, партия белсенділері мен жанкүйерлердің қарасы қалың болды.

Тартысты өткен турнир бәсекесінде командалар шебер ойын өрнегін көрсетті. Аянбай адал тер төгіп, табандары талғанша биік тұғырдан көрінуге талпынды. Әрқайсысы жеңіске лайық өнер көрсетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласы мен құрмет-қошеметіне бөленді.

Нәтижесінде, барлық командаларға алғыс хаттар табысталды. Әр номинация бойынша жекелей жеңімпаздар да анықталды.

Сонымен, жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе облысының командасы жеңіп алды. Ал, екінші және үшінші орындарды атыраулық «СМ Клиник» және «Батыс Қазақстан» командалары иеленді.

Жеңімпаздар партияның Атырау облыстық филиал төрағасы Ермекқалий Юсупов, Атырау қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Исмағұлов, саяси кеңесшісі Әбілхан Төлеуішов пен аппарат басшысы Айсұлу Қондыбаеваның қолынан медаль тағып, мерейлері өсті.

Айта кетейік, «Ақ жол» демократиялық партиясының 20 жылдық мерейтойына арналған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.