13
Мамыр

«Ақ жол» депутаттары БҚО кәсіпкерлерімен өзекті мәселелерді талқылады

13 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дания Еспаева шағын және орта бизнес өкілдерімен де кездесу өткізіп, конституцияға енгізілуі мүмкін негізгі өзгерістерді түсіндірді.

Елдің экономикасын алға сүйрейтін сала кәсіпкерлік саласы болса, аталған салаға да көптеген өзгерістер керек. Себебі ел кәсіпкерлерінің кеңірек құлаш жаюына кедергі келтіріп отырған келеңсіздіктерді жою арқылы саланың алға басатындығы айтылды.

Мәжіліс депутатымен кездескен 30-ға жуық «Сити центр» сауда орталығының кәсіпкерлерінің көбін қымбатшылық мәселесі алаңдатады. Олар шағын және орта бизнес өкілдері соңғы екі жылда пандемея салдарынан тақырға отырудың аз-ақ алдында қалғандарын мәлімдеп, мемлкеттен қолдау күтетіндерін жеткізді.
Бірнеше сағатқа созылған кездесуде мәжіліс депутатына өзге салаға қатысты да сауалдар жолданды.

Мұнан соң халық қалаулысы ұлттық нақышта жиһаз жасап, өзге өндіріс ошақтарымен тең жұмыс істеп келе жатқан белгілі кәсіпкер Біржан Қожақовтың шеберханасында болды.

Депутат бизнес субъектісінің жасаған қолөнер бұйымдарымен танысып, оған 5-ші маусымда болатын референдумның өзектілігін түсіндірді.

Кәсіпкердің қарамағында 17 адам нәпақасын тауып отыр. Олардың көбі- мүмкіндігі шектеулі жандар. Он екі мүшесі сау кәсіпкерлермен иық тіресе жұмыс жасап жүрген Біржан Қожақов кәсібін дөңгелентуге кедергі жасап жүрген проблемаларын айтып берді.

Кәсіпкердің мұң-мұқтажын тыңдаған депутат сал ауруымен ауратын балаларға арналған құрылғыға назар аударып, сырқат бөбектердің саулығын дұрыстауға септігін тигізетін құрылғыларды сатып алу мәселесін мемлекет деңгейінде көтеру керектігін айтты.

Одан кейін депутаттар «Орал трансформатор зауытына» ат басын тіреді. Олар ең алдымен зауыттың ішкі құрылымымен танысып, жұмыс барысына көз жүгіртті. Кейін трансформатор зауыты қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырып, алдағы өтетін референдум жөнінде толыққанды ақпарат берді.

Жұмысшылардың көкейінде жүрген салмақты сұрақтар да назардан тыс қалмады. Соның ішінде Референдум нәтижесі бойынша Ата заңға еңгізілетін өзгерістер мен «Жаңа Қазақстан» құрудағы нақты қадамдар жөнінде тұшымда жауап алды.

Айта кетейік, маусым айының 5-ші жұлдызында өтетін референдум бойынша түсіндірме жұмыстары Республикамыздың әр аумағында өткізілуде.