14 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облысындағы жұмыс сапары барысында Степногорск қаласындағы"ПромЗащита" жауапкершілік шектеулі серіктестігі зауытында болып, еңбек ұжымымен кездесті.
Ең алдымен олардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, кәсіпорындағы жағдайды сұрап білді. Одан әрі ұжыммен сұхбат құрып, еліміздегі саяси-қоғамдық өзгерістерге тоқталды.
Кездесулердегі талқылаулардың негізгі тақырыбы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында айтылған реформалар, сондай-ақ алдағы референдумды өткізудің маңыздылығы жайлы болды.
Халық Конституцияға енгізілген өзгерістер туралы хабардар болғанымен, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға негізделген реформалық тетіктерін терең біле бермейді. Халық қалаулысы осы жайына кеңінен тоқталды. Халықтың жер мен жер қойнауының иесі екендігі туралы норманың бекітілуі, билік құрылымдарындағы өзгерістердің енгізілетіні жан-жақты тілге тиек етілді.
Сонымен қатар зейнеткерлік жастың төмендеуіне, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге, медициналық сақтандыруға қатысты мәселелер де айтылды. Осы және басқа да жайларды талқылай отырып, кездесуге қатысушылар референдумда өздерінің азаматтық ұстанымын білдіруге дайын екендіктерін білдірді.
Өйткені Қазақстанның болашағы елдің әрбір азаматына байланысты екенін ұмытпау керек. Ортақ мүдде болған дерде елдің өрісі де кеңиді, өресі де биіктейді.