14
Мамыр

«Ақ жол» депутаты Степногорсктегі спорт мектебінің ұжымына Конституциялық реформа маңыздылығын түсіндірді

14 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Бүгін мамырдың 14-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлік Өмірғали Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының Степногорск балалар және жасөспірімдер мамандандырылған спорт мектебі ұжымына ат басын тіреп, осы жылдың 5-маусымында өткізілетін Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша республикалық референдумға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Алдымен спорт мектебінің материалдық-техникалық базасымен танысты. Осы оқу орнында орын алған әлімжеттік оқиғасына қатысты жүргізілген жайларға да қанықты.

Спорт мектебінің әлеуметтік мәселелеріне назар аударып, оқушылар мен ұстаздарды толғандырған мәселелерді сұрап білді. Одан әрі ұжыммен әңгімелесіп, еліміздегі қолға алынар саяси-қоғамдық бағыттағы өзгерістерге тоқталды.

Алдағы республикалық референдумның маңыздылығына баса назар аударған Мәжіліс депутаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жаңа Қазақстан жобасын саяси реформасыз жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өтті.

Президентіміз айтқандай, «Жаңа парадигмаға сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарады, Парламент пен мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейеді. Азаматтардың қатысуы едәуір артып, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды».

Кездесуде референдумға қатысу әр азаматтың міндетіне саяды деді. Конституциялық реформаларды іске асырдың басты кепілі халық екендігін тілге тиек етті. Бұған барша көзі ашық, көкірегі ояу адамдар, оның ішінде ел тағдыры үшін жаны ауыратын әрбір азамат атсалысуы керек екеніне басқосуға қатысушылар назарын аударды.

Ерлік Өмірғали кездесу соңында қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, Конституцияға енгізілетін түзетулер Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа әділетті мемлекет құру кезеңінің бастауы болады деп атап көрсетті.