«Ақ жол»: Парламент бюджетті ғана емес, Үкіметтің іс-қимыл Бағдарламасын да бекіту керек
20 сәуір 2022 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі
Бүгін Мәжілістің пленарлы отырысында республикалық бюджетті нақтылау барысында «Парламент бюджетті ғана емес, Үкіметтің іс-қимыл Бағдарламасын да бекіту керек», - деді Азат Перуашев.
Парламент бір-екі аптаның ішінде ондаған мемлекеттік органдар бірнеше ай бойы дайындаған орасан зор қаржылық құжатты қарап, шенеуніктер жасырған сәйкессіздіктерді іздеуі керек.
Біз бұл жұмысты жасап жатырмыз және жасай береміз. Бірақ Үкіметтің логикасын жан-жақты түсінбей, кемшіліктердің белгілі бір бөлігі байқалмай қалу қаупі бар.
Нәтижесінде, Үкімет жұмысын бағалау бухгалтерлік баға болып табылады: нәтиже бойынша емес, қаражаттың игерілуі бойынша – дебет-кредит-баланс сальдосы.
«Ақ жол» мұны Есеп комитетінің жұмысы деп санайды. Оның үстіне Президент оның мәртебесін Аудиторлық палата деңгейіне дейін көтеруде.
Ал Парламент есеп-қисап емес, саяси орган.
Бюджетті дұрыс бағалау үшін қоғам мен Парламент Үкіметтің нақты тапсырмалары бар іс-қимыл бағдарламасын түсінуі қажет: осынша жұмыс орнын құру, зейнетақы мен орташа жалақыны мынадай деңгейге дейін көтеру, инфляцияны осындай пайыздарға дейін төмендету, аурушаңдық пен жұмыссыздықты азайту, жаңа технологиялық өндірістер ашу т.б.
«Сонда Үкіметті де, оны құрған партияны да сандармен емес, халықтың жетістіктері мен өмір сүру сапасымен бағалауға болар еді» - деді партия төрағасы.
Сондай-ақ А.Перуашев 2007 жылға дейін «Үкімет туралы» Конституциялық заңның 7-бабында Үкіметтің Парламентте өз іс-әрекетінің бағдарламасын бекіту міндеті көзделгенін, бірақ кейін бұл норманы ың-шыңсыз алып тастағанын еске салды.
«Президенттің жуырдағы Жолдауын ескере отырып, жарияланған конституциялық реформа аясында «Ақ жол» демократиялық партиясы бюджетпен бірге Үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын да Парламенттің бекіту талабын қайтаруға бастамашы болады. Өйткені, мәселе жеке сандарда емес, біз қайда барамыз және оған қалай қол жеткізгіміз келеді деген жан-жақты көзқараста», - деп атап өтті «Ақ жол» басшысы.