17
Маусым

«Ақ жол» парламенттік фракциясының ұсынысы бойынша Үкімет «Соғыс балалары» мәртебесін заңнамалық бекіту және оларды әлеуметтік қамсыздандыру туралы мәселені қарайтын болды

16 маусым 2021 жыл, «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі

«Ақ жол» демократиялық партиясының парламенттік фракциясының ұсынысы бойынша Үкімет «Соғыс балалары» мәртебесін заңнамалық бекіту және оларды әлеуметтік қамсыздандыру туралы мәселені қарайтын болды. Бұл туралы Ерлік Өмірғалидың а.ж. 12 мамырда жариялаған депутаттық сауалына Үкіметтің берген ресми жауабынан белгілі болды.

«Ардагерлеріміздің өшпес ерлігі біздердің жүректерімізде. Майдангерлермен қатар тыл еңбеккерлеріне де құрмет көрсету аса маңызды деп санаймыз. Соғыс жылдарында олар Қазақстанда 460-тан астам зауыттар мен фабрикалар салды, миллиондаған тонна астық, жүздеген мың тонна ет, 2,5 млн. жылы заттар, 1600-ден астам вагон жөнелтілімдерді майданға жіберді», - делінген сауалда.

Депутат атап өткендей, тылдың негізгі жұмыс күшін әйелдер мен жасөспірімдер құрады. Бүгінде сол кездегі жасөспірімдер 90 жаста. Олар балалық шақтан айырылып, мұқтаждықта, аштық пен суықта өсті. Бірақ содан кейін ештеңеге қарамастан олар елді көтеріп, экономика мен әлеуметтік дамудың негізін қалады. Бұл ұрпақ КСРО ыдыраған кезде өз елдерінің мемлекеттік тәуелсіздігі туралы шешім қабылдады.

Бүгінде соғыс балаларының мәртебесі мен жағдайын қолдау үшін заңнамалық актілер қабылдануы кездейсоқ емес. Мысалы, Украинада «Соғыс баласы» мәртебесі заңмен бекітілген, оларға түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Осыған ұқсас шаралар Ресейдің бірқатар субъектілерінде және т.б. қабылданды немесе қарастырылуда.

Осыған байланысты, «Ақ жол» зейнетақыға үстемеақы енгізе отырып, 1945 жылғы 9 мамырға дейін Қазақстан аумағында туылған және тұратын азаматтар үшін «Соғыс балалары» мәртебесін бекітуді ұсынды. Соғыс ардагерлерінің кетуімен мемлекеттің оларды қолдауға жұмсаған шығындары да қысқарғанын ескере отырып, «ақжолдықтар» қалған қаражатты жақынын майданнан күткен, тіпті кейде күтіп жүріп қауыша алмаған соғыс балаларына қайта бөлуді әділ деп санайды.

            Бүгін келіп түскен үкіметтің ресми жауабында ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің саны, 1945 жылғы 9 мамырға дейін (1935-1945 жж.) ҰОС кезеңінде Қазақстанда туған және тұрған адамдардың саны, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақылардың жыл сайынғы төлемдерінің сомасы туралы мәліметтер келтіріледі. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, мәселе біздің 470 мыңға жуық азаматтарымызға қатысты, олардың ең кішісі бүгінде 76 жаста.

«ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне қолдау көрсету мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында және «Соғыс балалары» мәртебесін бекіту әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы жобасын әзірлеу аясында қаралатын болады», - деп атап өтілді вице-премьер Е.Тоғжановтың қолы қойылған хатта.

«Ақ жол» демократиялық партиясы мен оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны іске асыру және өз сайлаушыларының мүдделерін қорғау жөніндегі жұмысты жалғастыруда.