20
Қараша

«Ақ жолдың» құрылтайында партияның сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді

20 қараша 2020 ж., Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында партияның сайлауалды XVI құрылтайы өтті Құрылтайда партияның сайлауалды бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді.

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты партия құрылтайын онлайн режимінде өткізу туралы шешім қабылданды. 47 делегат, соның ішінде «Ақ жолдың» төрағасы Азат Перуашев бастаған басшылық залда санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жұмыс жасады, ал қалған делегаттар облыстардан онлайн режимде қатысты. Карантинге байланысты YouTube-те бұқаралық ақпарат құралдары үшін тікелей эфир ұйымдастырылды.

Партияның сайлау алдындағы құрылтайының күн тәртібінде сайлауалды бағдарламаның жобасы талқыланып, мәслихаттарға партиялық тізім ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі, партияның Орталық кеңесінің жаңа құрамы да бекітілді.

Партияның сайлауалды бағдарламасын Азат Перуашев таныстырды. Құжат тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлық пен офшордағы қаражатты қайтару, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат деп аталатын 6 бөлімнен тұрады.

Бағдарламада салық саясатына ерекше назар аударылған, партия кейбір ережелерді шұғыл қайта қарау керек деп санайды.

 «Ақ жол» демократиялық партиясы әлеуметтік маңызды тауарлар мен бизнестің басым секторлары үшін 0-6% деңгейінде қосымша құн салығының төмендетілген мөлшерлемелерін енгізуді талап етеді»- деді Азат Перуашев. Сондай-ақ, партия салықтық рақымшылық жасауды, шағын және орта бизнестің төлем қабілеттілігі толық қалпына келтірілгенге дейін ҚҚС, КТС және мүлік салығын төлеуден босатуды ұсынды.

«Ақ жол» көші-қон процестеріне назар аударуды маңызды деп санайды.

«Жалпы, біз дарынды жастардың елден кетуіне алаңдаймыз және осы бағытта жүйелі бағдарлама қажет. Жыл сайын мыңдаған талантты жас жігіттер мен қыздардың Қазақстаннан кетіп, елге қайта оралмауы біздің ұлттық трагедиямыз» - деп атап өтті Перуашев.

Сонымен қатар, «ақжолдықтар» зейнетақы жинақтарын пайдалану ережелерін қайта қарауды ұсынады.

«Біз БЖЗҚ-ның азаматтарға мемлекеттік депозиттерге кепілдік беру жүйесі шеңберінде жеке шоттарын орналастыруды, оның ішінде БЖЗҚ-дағы жинақтарын екінші деңгейлі банктердегі салымдарға орналастыруды дербес басқаруға мүмкіндік беруді ұсынамыз. Мұндай салымдар бойынша мемлекет кепілдіктерінің мөлшері қайта қаралуы керек. Сонда азаматтар зейнетақы жинақтарынан жоғары кіріс алып, ал банктер экономиканы несиелендіру үшін қосымша қаржылық ресурстар алады» делінген бағдарламада.

Сайлау заңнамасын өзгерту бойынша ұсыныстар пакеті де дайындалды. Партия сайлау процедураларын бұзғаны үшін жауапкершілікті енгізуді маңызды деп санайды.

«Өткен 30 жыл ішіндегі сайлауда бақылаушылар әртүрлі заң бұзушылықтарын тіркеді. Бірақ осы жылдар ішінде сайлау процедураларын бұзғаны үшін жергілікті немесе республикалық сайлауда ешкім ешқашан нақты жауапкершілікке тартылған емес. Оларды жазалайтын кез келді», - деп ұсынды Азат Перуашев.

Талқылау барысында спикерлер мен делегаттар сайлауалды бағдарламаны құжатты жан-жақты қолдайтындықтарын білдіре отырып, өз ұсыныстарын айтты. Құрылтай алынған ұсыныстарды ескере отырып, мәтіннің соңғы нұсқасын дайындайтын редакциялық комиссияның таңдауына дауыс берді.

Құрылтайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекітілді. Атап айтқанда, қазіргі «ақжолдық» депутаттар, филиалдардың басшылары, танымал кәсіпкерлер мен қоғам қайраткерлерін қосқанда барлығы 37 адамды VI шақырылымдағы Мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде атады.