12
Мамыр

Ақмола облысында «Ақ жол» демпартиясының 20 жылдығына орай асық ату сайысы өтті

12 мамыр 2022 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Қазақтың бар болмыс-бітімі Ұлы даламен етене байланысты болған. Ұлан-ғайыр даланы қорғау үшін қазақтың ұлы ұлықты, қызы қылықты болып тәрбиленгені де анық жай. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі ұлттық спорт түрлерінің қарышты дамып жатқаны тәуелсіздігіміздің арқасы.

«Ақ жол» партиясының 20 жылдық мерейтойын негізге алып өткізілген «Асық ату» жарысы Ақмола облысының спортшыларының басын қосты.

Красный яр кентідегі орталық алаңында өткізілген сайысқа республикада қоржынына олжа салып жүрген шебер асық атушылар қатысты. Олардың қатарында ел чемпиондары, спорт шеберлері, қорғалжындық Сайлаубек Ташимов пен Еркебай Сәрсеков, нұрсұлтандық Мырзамұрат Қайыпбеков, жарқайыңдық Ернұр Амангелдин, зеренділік ардагер спортшы Бүркітбай Бекішев және республикалық «Алтын сақа» жүлдесінің иегері Науан Мүтәлұлы сияқты елімізге есімдері танымал спортшылар бар.

Олардың бұл жарысқа да білек сыбана кіріскенін көріп, бұл облыстық турнирдің деңгейі де, оған қатысқан спортшылардың сен тұр, мен атайындар екенін анық аңғаруға болады.

Ашылу салтанатында Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев сөз сөйлеп, спортшыларға жеңістен көрінуге ақ жол тіледі.

«Ақ жол» ҚДП Ақмола облыстық филиалының төрағасы Саят Сыздықов асық ату жарысының мақсатын айта келіп, алда осындай ұлттық спортқа кеңінен көңіл бөлінеді деді.

Жарыс төрешісі алғашқы айналымның басталғанын жариялады. Жұптасып жарысқан асық атушылар өз мерейлерінің үстем болуы үшін барын да, жанын да салды. Бұл оңай олжа алатын спорт түрі емес. Дәлдікті қажет ететін спорт болғасын лақтырған асығың алшысынан түсіп қана қоймай, ортаға тізілген өзге асықтарды шептен шығару ұпай санын еселейді.

Міне, осылай өзінің тартымдылығымен есте қалған асық ату сайысы да мәреге жетті. Қорытындысында ең көп ұпай алған Қорғалжын ауданынан келген спортшы Еркебай Сәрсеков чемпиондық тұғырға көтерілді. Ал қалған екі жүлделі орынды Ернұр Амангелдин (Жарқайың ауданы) және Мырзамұрат Қайыпбеков (Нұр-Сұлтан қаласы) еншіледі.

Жүлдегерлердің барлығына арнайы дипомдар, медалдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ұлттық спорттың ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшин өз сөзінде асық ату спортының өміршеңдігін атап көрсетті. Асық ату адамды ептілікке үйретіп, дәлдеп атқанда ғана жеңіске жеткізетінін тілге тиек етті.

Тіпті, сақа асықтардың ойыншыларда әртүрлі екенін көріп, сырын сұрағанда қойдың сақасымен бірге, қолы жеткендер елік пен арқардың сақасын пайдаланатынын айта кетті. Біз алда да партия демеушілігімен ұлттық спортты дамытуға баса көңіл бөлетін боламыз.