03
Шілде

"Ақжолдық" депутат Ерлік Өмірғали "Көкшетау сүт" зауытына барды

3 шілде 2021 жыл, "Ақ жол" демократиялық партиясының Ақмола облыстық филиалы

Ақмола облысына арнайы сапармен келген Парламенттегі "Ақ жол" фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлік Өмірғали зауыттың өндіріс процесімен танысты.
"Көкшетау сүт зауыты" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өңірдегі байырғы кәсіпорындардың бірі саналады. Жыл санап өрісін кеңейтіп, өндірісін ұлғайтқан өңдеуші кәсіпорынның нарық қатынастарына барынша бейімделіп, жаңа технологияларды да көптеп енгізу үстінде. Мұнда мал шаруашылығы өнімдерінің түр-түрі өндіріледі. Қазақтың құрты мен ірімшігі, айраны мен сүті сапалы өнім ретінде тұтынушының талғамынан шығып отыр.

Кәсіпорын басшысы, Зеренді аудандық мәслихатының депутаты Ерсайын Жақсылықов халық қалаулысына жергілікті өңдеуші саланың мәселелерін айтып берді. Қазір аталған кәсіпорынның өнімдері Ақмола облысында ғана емес, Елорда да, одан да тысқары аймақтарда сатылады. Бүгінгі нарықтың қиындықтарына шыдап, жұмыс ырғағының сапасын да арттырып, табиғи таза өнім шығаруға ден қойып отыр. Мұнда екі жүзден аса жұмысшы еңбек етеді.
Парламент өкілі Еуроазиялық одаққа қарасты кедендік кеңістіктің тиімді-тиімсіз тұстарына байланысты ой бөлісті.
Шыны керек, мұндай кәсіпорындардың өнімдері бізде сұранысқа ие болғанымен, Ресей мен Беларусь нарығына шығаруда қол бөгесіндер бар. Әрине, мемлекетаралық келісіммен шешілетін мәселе.
Еуроазиялық одаққа мүше елдердің мал шаруашылығы өнімдері біздің дүкендерімізде сыңсып тұр. Біздікі ол елдердің нарығын жаулай алды ма?
Мәселе, осында. Ресей сияқты сөзі бір, ісі бөлек елдер қазақтың өнімін өздеріне кіргізерде небір талаптарды үйіп төгеді. Сондықтан осындай өңдеуші кәсіпорындарға мемлекеттік қолдау керек. Мемлекет ең алдымен өз бизнес нысандарын қорғауы тиіс. Сонда ғана елдің еңсесі көтеріледі.
Мәжіліс депутаты Ерлік Өмірғали жергілікті өңдеуші саланың түйткіл мәселелеріне назар аудара келе, алдағы уақытта биік мінберлерден көтеретінін айтты.
Бұл ретте субсидия жайы да өзекті мәселенің бірі екені айтылды. Кәсіпорын жетекшісі мемлекеттен бөлінетін субсидиялық көмек бәріне бірдей жетпейтінін, кім бірінші өтініш берді, солар ғана алатынын жоққа шығармады. Қаржы қорын еселеу аса маңызды деген түйін түйілді.
Зауыт басшысы биыл ғана іске қосылған балмұздақ шығаратын технологиялық жобамен таныстырды. Онсыз да Көкшетаудың балмұздағы жер-жерде ерекше бағаланады. Енді тұтынушылар шетелдік технологиямен қапталған базмұздақты тұтынатын болады. Халық қалаулысы бұл балмұздақтан ауыз тиіп те көрді. Ерекше тіл үйіреді. Бізде сүт зауытына еңселері биік, өрісі кең болсын деп тілек тіледік.
Парламент өкілімен болған кездесулерде "Ақ жол" партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақыт Смағұл бірге болды.