23
Ақпан

«Ақжолдық» депутаттардың Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс сапары жалғасуда

23 ақпан 2022 жыл, «Ақ жол» партиясының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы

«Ақжолдық» депутат Батыс Қазақстан облысында құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездесті.

Кездесу барысында депутат қаңтар айындағы оқиға кезінде табандылық танытып, өз міндетін адал орындаған полиция қызметкерлерінің еңбегін айтып өтті.

Одан әрі құқық қорғау органдарына байланысты халық қалаулысы: «Енді құзырлы органның сапында қызмет жасау үшін барлық дерлік құқық қорғау салаларында талапкерлерге бірдей талап қойылмақ. Бұрынғыдай әрбір мекеме өз талабын қоймайды. Және қызметкерлерді жауапқа тарту, оларға шен беру мәселесі де бірдей болады. Тіпті анттың мәтіні де бір болмақ. Және құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін әлеуметтік көмектің көлемі артпақ» деп, өгерістер жөнінде баяндады.

Кездесу мәресінде тәртіп сақшылары Орал-Атырау мен Орал-Ақтөбе тас жолының проблемасын көтерді. Статистика бойынша бүгінге дейін 24 жол көлік оқиғасы тіркелген.

Оның ішінде 23 адам қаза тауып, 44-і жараланған. Көтерілген мәселелерді тыңдай келе Мақсат Раманқұлов полиция қызметкерлерінің сауалдарын жоғарғы мінберде көтеріп, өзекті проблемаларды депутаттық сауал ретінде жолдауға уәде берді.

Мұнан соң депутаттар спорт орталығына барды. Нысан ішін аралап, үйірме жұмысымен танысты. Заманауи үлгіде салынған спорт кешеніндегі үйірмелер 500-ге жуық баланы қамтып отыр.

Расымен, жеке кәсіпкердің арқасында салынған орталық барлық талаптарға сай. Арнайы бөлмелерден бастап қажетті спорттық саймандарға дейін қарастырылған. Көпбейінді кешенде тіпті 130 орындық көрермен залы мен спорттық киімдер дүкені бар.

Айта кетсек, орталық шілде айында ашылған. Сол кезден бастап бүлдіршіндер үйірмелерге жазыла бастаған. Оның үстіне орталықта ірі облыстық, республикалық сайыстар жүйелі түрде өтіп тұрады.